astana-view

Ортақ бренд аясында: «ALTYN OIMAQ» көрме-форумында жеңіл өнеркәсібі өкілдері алғаш рет бас қосады

2019 жылғы 21 Тамыз
7266 просмотров

29-30 тамыз аралығында Нұр-Сұлтан қаласында «Altyn Oimaq» – Қазақстан жеңіл өнеркәсібі кәсіпорындарының көрме-форумы өтеді

Форум аясында кәсіпорындар мен форум қонақтарына шеберлік сабақтары өтеді. Іс-шараға Fashion Academy a Paris, Polimoda киім дизайны институты, Eurasian Fashion Week, LC Waikiki (LCW) түрік брендінің өкілдері қатысады.

«Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Лаззат Рамазанованың айтуынша, форумның негізгі мақсаты өндірушілерді таныстыру, кері байланыс орнату және жеңіл өнеркәсібін қолдау бойынша шаралар кешенін әзірлеу.

«Екі күн бойы кәсіпкерлерде байланыс орнату, жеке біліктілікті жоғарылатуға мүмкіндік беріледі. Осы мақсатпен біз іс-шараға трейдерлер, ритейлер, байрларды шақырдық. Бірінші кезекте олар бізге өнімді емес, технологияны әкеледі. Жүйелендіру, нетворкингке арналған алаң – өндірістің өсуін ынталандырады деп үміттенеміз», – деп атап өтті Лаззат Рамазанова.  

 Көрме-форумның тағы бір артықшылығы – қолөнер шеберлерін біріктіру. Спикердің айтуынша, бүгінде қолөнершілерді туризмді ілгерілету элементі ретінде қарастырады. Форум қонақтарына арнап белгілі дизайнерлер мен мамандардың дәрістері өтеді, кәсіби мамандар ілгерілетудің жаңа механизмдері туралы айтып, авторлық құқық, брендтеу мәселелерін, сонымен қатар «Италияда жасалған» бренді феноменін талқылайды.

 ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Қанат Байытов атап өткендей, көрме-форум сала үшін ерекше іс-шара болмақ.

 «Бізде жасалған өнімдерді көрсетеміз. Өкінішке қарай, өндірушілеріміз туралы бәрі бірдей біле бермейді. Осы ретте нарықта өз сапасын дәлелдей алған кәсіпорындар бар. Мәселен, Mimioriki бренді. Бізге осы брендті қолданып, сапасыз өнім шығаратындар туралы шағымдар келіп түсуде. Немесе  AZALA Textile алайық, олар сүлгілер мен халаттарды шығарып, оларды қонақүйлерге жеткізеді», – деді Қанат Байытов.

 Осы ретте министрлік мемлекеттік қолдаудың бірқатар шараларын қайта қарау, бастысы контрафактілі өнім көлемін қысқарту бойынша өз алдына міндет қойды.

«Біз қазақстандық киімді ғана киіңіз, сапалы киімді ғана киіңіз деп айтамыз. Бүгінде, мәселен, мектеп формасына стандарттар әзірленуде. Бұған дейін басқа елдерден тауарлар кедергісіз жасыл дәлізбен, нарыққа келіп түсетін. Енді біз сапа сертификаттарын сұратып, сапасыз тауарды нарыққа жібермейміз. Сондай-ақ, министрлік мемлекеттік қолдау және өңдеу саласы бойынша Өзбекстанның тәжірибесін зерттеуде. Өкінішке қарай, біз 80%-ға кірме шикізатқа тәуелдіміз. Қазіргі таңда осы мәселені шешу бойынша алдымызда міндет тұр», – деді Қанат Байытов.

 Көрмеде барлық өңірлерден отандық тауар өндірушілердің өнімі ұсынылады. Келген қонақтар көрмеден сапалы тауарларды өндірушілердің бағаларымен сатып ала алады:

 - үйге арналған текстиль (дастархан, төсек орын тыстары, сүлгілер, перделер);

- киім, бас киім, нәскилер;

- мектеп формасы;

- әшекейлер;

- қолөнер шеберлерінің авторлық жұмыстары;

- аяқ киім, белдіктер, сөмкелер.

Сатып алушылар үшін арнайы жүлделер ұтысы ұйымдастырылады. Іс-шара қонақтарына отандық дизайнерлерінің киім топтамаларының дефиле-көрсетілімі таныстырылады.

 Формуға қатысу үшін сілтемеге өтіңіз.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер