astana-view

Абылай Мырзахметов кәсіпкерліктің өзекті мәселелері жайында

2019 жылғы 23 Тамыз
6928 просмотров

Өткен аптада Nur Otan партиясының саяси кеңесінің отырысы өтті

 Онда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев партия мүшелеріне бірқатар тапсырма берді. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшысы әрі партия саяси кеңесінің мүшесі Абылай Мырзахметов inbusiness.kz сайтына берген сұхбатында осы айтулы оқиғаға қатысты көзқарасымен, жалпы кәсіпкерліктің өзекті мәселелеріне қатысты пікірімен бөлісті.

- Абылай Исабекұлы, кезектен тыс парламенттік сайлау өткізілуі мүмкін деген пікірлер отырыс қарсаңында жиі айтылды. Алайда Елбасы сайлау тиісті мерзімде өтетіні жайында нақты мәлімдеп, әріптестерді жұмысты күшейтуге шақырды. Nur Otan партиясының жаңа бағдардағы рөлі қандай болады деп ойлайсыз?

– Nur Otan фракциясының мәжілістегі белсенділігі артады. Үкімет фракциямен негізгі заң жобалары мен бюджетті алдын-ала талқылайтын болады. Олар пікірталастар мен талқылаулардан кейін ғана қабылданады. Осылайша билік тармақтары арасындағы тежемелер мен теңестірмелер жүйесі күшейтіледі.

– Нұрсұлтан Назарбаевтың экономика саласына қатысты айтқан сөзінде аса зер сала өтетін тұстарға тоқталсаңыз...

– Елбасы бізге үлкен мақсат қойып, экономика өсімін 7,5 пайызға көтеруіміз керек екендігін баса айтты. Бұл мақсатты жүзеге асыруға болады ма? Әрине болады, дегенмен өте батыл қадам, маңыздылығы жоғары тапсырма. Бірақ Елбасы бұл мақсатқа жетудің жолын да атап өтті. Ол үшін биліктің барлық тармақтары, ең алдымен үкімет, бірлескен әрі тиімді жұмысты қолға алуы қажет.

– Осы жылы Халықаралық валюта қоры жаһандық экономика өсімінің  төмендейтіні жайлы бірнеше рет болжам жасады. Мұны қор сауда шиеленістерімен түсіндіріп отыр. Ал Қазақстан «сауда майданында»  өзіне қандай мақсаттар мен міндеттер қоюы керек?

– Қазір бизнесті екі нәрсе алаңдатып отыр: тауарды өткізу нарығы мен несие ресурсының қолжетімділігі.  Елбасы осы мәселелерді шешу үшін Сауда министрлігі құрылғанын және біз батыл, агрессивті сауда саясатын жүргізуіміз керек екенін басып айтты. Яғни, қысқа және ұзақ мерзімді несие ресурстары.  Еліміз үлкен, бірақ нарық сыйымдылығы аз. Халықтың басым бөлігінде сатып алу  мүмкіндігі төмен, несие алып күн көруде.

Отандық өндірісті дамыту үшін ішкі нарықты контрафактіден, орынсыз бәсекелестіктен қорғау керек, сондай-ақ көрші елдердегі (Ресей, Беларусь, Өзбекстан) мемлекеттік қолдау шараларын зерттеп, оларды өзіміздің мемлекеттік қолдау шараларымен салыстыру керек.   

Ешкім де ережелердің тым жеңілдетілуін сұрап отырған жоқ. Бірақ біз барынша өз нарығымызды қолдағы бар барлық құралдармен қорғауымыз керек. Бұл  дегеніміз – демпингке қарсы тергеулер, алымдар, техникалық реттеулер. Қараңызшы, ресейлік Роспотребнадзор  құрамында зиянды заттар бар немесе техникалық регламентке сәйкес келмейтін тауарларға үнемі тыйым салып келеді.

Жақында Премьер-Министрмен Қостанайға іссапармен барып қайттым. Танымал «Баян-Сұлу» фабрикасының жетекшісінің айтуынша, ЕАЭО аясында  өнімдерде қолданылатын кондитерлік майлардың құрамын қатаң түрде тексеріп отырады. Ал 80% өз өнімдерінде мұндай кондитерлік май түрлерін  қолданатын Өзбекстанмен  мұндай келісім жоқ. Біреу осыны қадағалау керек қой?!

Сауда министрлігі өзіне қойылған мақсат-міндетті орындай алады ма? Жауап бір – артылған мақсатты орындау міндет. Өйткені бұл күн тәртібіндегі негізгі мәселе.

Екіншіден. Экспортты күшейтуіміз керек. Мұнда ештеңе ойлап табудың қажеті жоқ, бізде түсінікті нарықтар бар. Қай бағытта мықтымыз, не шығарамыз осыны нақты анықтап алған жөн. Шикізатты емес өнім көлемін өсіру маңызды. Мәселен, Қытай жылына 125 млрд АҚШ долларына  азық-түлікті импортқа шығарады. Біз санап көрдік, 125 млрд АҚШ доллар ішінен 15 млрд – Қазақстан шығаратын және жеткізе алатын өнім. Бастысы барлық мүдделі министрліктер, даму институттары мен бизнестің үйлестірілген жұмысын жолға қоюымыз керек. Қытай нарығына шығуымыз керек. 15 млрд ішінен өңделген ауыл шаруашылық өнімін 3,4 млрд АҚШ долларына Қытайға экспорттау қолдан келетін меже! Бұл  ауыл шаруашылығының жалпы өнімін екі есеге өсіреді.

– Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan партиясының саяси кеңесі аясында шағын және орта бизнесті қолдау мәселесін пысықтауды тапсырды. Бұл бастама туралы егжейлі-тегжейлі айтып бересіз бе?

– Елбасы Nur Otan саяси кеңесі отырысында кәсіпкерлікті ынталандыруды ұсынды. Жалақы қорына салынатын салықты азайтуымыз керек. Барлық салықтар мен төлемдерді санайтын болсақ, бізде еңбекақы қорына айтарлықтай үлкен жүктеме шығып тұр – 31%. Бұл табыс салығы, зейнетақылық және әлеуметтік төлемдер, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры. Оған жоспардағы 5%-дық зейнетақылық төлемдерді және Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына төленетін жарналардың ары қарайғы ұлғаюын қоссақ – 38% шығады. Оның салдарынан жұмыс берушілер өз төлемдерін жасырып, ал жұмыскерлерлер – еңбекақыны конвертте алуына алып келеді.   Talap орталығы ұсынып отырғандай,  Грузия және басқа мемлекеттердің тәжірибесі бойынша мұндай салықтар мен төлемдердің барлығын 20-25%-дағы бірыңғай әлеуметтік салыққа біріктіруді қолдаймыз. Сонда бизнестің ынтасы артады. Нәтижесінде барлық тараптар тек ұтады.

Бизнеске сенім артып, қолдау шараларын ұсынсақ, сенімнің қайтарымы да болары сөзсіз.  

– Кәсіпкерлер 5 пайыздық міндетті зейнетақы жарнасын қызу талқылауда. Бұл мәселеге қатысты «Атамекен» өз ұстанымын да білдірген болатын.  Қазіргі жағдай қандай?

– Өзгертулерді 2015 жылы Үкімет ұсынған болатын.  Бұл жобаны талқылау барысында тікелей қатысқандықтан, 5 пайыздық зейнетақы жарнасын 2018 жылдан бастап күшіне енбеуіне  себепші болғандардың бірі – «Атамекен» екенін атап өткім келеді. Нәтижесінде бұл норма 2020 жылдың 1 қаңтары дейін кейінге шегерілді. Кезінде осыған қатысты қызу талқылаулар жүрді, «Атамекен» сараптамалық тұжырымдамада бұл норманың бизнеске қосымша жүктеме болатынын айтып, келіспейтіні жайлы айтқан болатын. Біз билікпен конструктивті түрде жұмыс істейміз, қандай да бір ультиматум қойып, шерумен қорқыта алмаймыз. Әлеуметтік желілерде «Атамекен» неге шеруге шықпайды деген де сын айтылды. Бірден айтайын, бұл біз ұстанған стиль емес. «Атамекен» – саяси ұйым емес, біз конструктивті ортада жұмыс істейміз. Бізде вето құқығы жоқ. Бір ай бұрын біз Үкіметке аталған мәселе бойынша өз ұстанымымызды қайта айттық. Билік тарапы да ұстанымды естіді, қыркүйек айының басында осы мәселе бойынша оң жауап күтеміз. Сәл шыдайық.  

– Әлеуметтік желілердегі пікірлерге тоқталсақ. «Атамекенге» мүшелік жарна төлеуге байланысты сын пікірлер де айтылуда. Оған айтар ойыңыз қандай?

– Заң бойынша жарна міндетті болып табылады, бірақ жарна төлемін шындығына келгенде тек қажет деп санайтындар ерікті түрде төлейді. Бұл салық емес.  Жарнаға қатысты әкімшілік ету құзыры салық органдарының құзырында, бұл жұмыстан біз басынан бастап, арнайы түрде бас тартқан болатынбыз.  Өйткені, бизнестің жарнаны не үшін төлейтінін, есесіне қандай қызмет түрлерін алатынын, жалпы сенімін, осы  мәдениеттің қалыптасуына әлі де уақыт керек.

6 жыл ішінде жарнаға қатысты ешкімді сотқа не болмаса бірде-бір жауапкершілікке тартқан емеспіз. Ал мүшелік жарна төлеген болсаңыз, онда бұл сома корпоративті салықты төлеу кезінде алынып тасталынады.

Сонымен қатар 1,2 млн бизнес-субъектінің  тек 2 пайызы жарна төлеушілер, шамамен 23-24 мың бизнес-субъектісі. Бұл жылдық айналымы 144 млн теңгені құрайтын кәсіпорындар. Яғни шағын бизнес, жеке кәсіпкерліктегі, фермерлер, яғни кәсіпкерлердің 98%-ы жарна төлейшілер қатарына жатпайды, жарна төлемейді. Алайда құқық қорғаудан бастап кеңес алуға дейін «Атамекен» ұсынатын кең көлемдегі қызмет түрлерін елдегі барлық кәсіпкерлер қолданады.

Өткен жылы жарна төлеуші  2% бизнестің  65%-ы төлемдерін жасады, ал биылғы көрсеткішті 70%-ға жеткізуді көздеп отырмыз. Біз бұл бағытта жылдар бойы тек сенімді ақтау әдісін ұстанудамыз. Алғашқы жылы міндетті мүшелік жарна төлеушілер саны 40% болса, жыл сайын бизнестің сенімін ақтай отырып, жоғарлатып отырмыз.

Ең бастысы, шенеуніктер де, «Атамекен» қызметкерлері де міндетті мүшелік жарнаға қатысты шешімді қабылдай алмайды. Шешімді тек «Атамекен» Съезі қабылдайды.

Сондықтан міндетті мүшелік жарна мәжбүрлі түрде төленеді деу шындыққа жанаспайды. Былтыр жарнаның мөлшерін аз, бірақ барлығы төлеу туралы  ұсыныстар болды, ал Съезде көпшілік өзгертусіз қалдыру туралы шешім қабылдады.

–  Бизнестің «Атамекенге» деген сенімін арттыру үшін қандай жұмыстар жасалынып жатыр? «Атамекендегі» басшылық құрамына қатысты сайлау процедуралары мен механизмдерін енгізу идеясы бар ма?

– Мен бұл сұрақты жиі естимін. Сайлауды өткізу үшін 1,2 млн кәсіпкердің қатысуын қамтамасыз етуіміз керек. Бұл маңызды процесс. Сондықтан асығыстық болмауы керек деп ойлаймын.

Қазіргі уақытта  әр кәсіпкермен тікелей байланыс орнату жұмысы жүргізілуде. Бұл көлемді жұмысты жыл соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Әр кәсіпкер өзінің  құқығын, сайлана алатынын, дауыс бере алатын білуі керек. Бұл өте маңызды. Сонда ғана нағыз демократиялық шешім болады. Ал мұндай күрделі дайындық жұмысын жасамай, көпшілікке жариялай салу – ол тек популизм.

Бүгінгі таңда біз 600-700 мың кәсіпкердің кеңсесін аралап шықтық. Мәліметтер базасы жаңартылған кезде, келесі  жылдан сайлау процесін бастаймыз. Бұл  ашық түрде интернет арқылы тіркелу және дауыс беру арқылы өтеді. Қазір процедуралар дайындалуда. Осы жылдың қазан айында өтетін Съезде  талқылаймыз.

Екіншіден, Съезде салалық қауымдастықтар бойынша талқылаймыз.

Қазіргі  таңда өңірлер және салалар арасында түсіністік бар, Съезд делегаттарының жартысы өңірлік кеңестер құрамынан таңдалады, ал екінші жартысы – аккредиттелген салалық қауымдастықтардан таңдалады. Олардың дауыс беру құқығы тең.  Өңірдегі бизнес аккредиттелген қауымдастықтарды біле бермейтіні, қауымдастықтардың өңірлерде  филиалдары жоқтығы, бұл қауымдастықтарда мүшелік базаның қандай екенін білмейтіні жайлы мәселені көтеруде.  Сондықтан, аккредиттелген салалық қауымдастықтарға қойылатын біліктілік талаптарда да  Съезд отырысында талқыланатын болады.

– Дегенмен, қоғамның белгілі бір бөлігінде «Атамекен» ҰКП сынды институттың қажеттілігіне  қатысты сұрақтар жиі айтылуда...

- «Атамекен» институт ретінде қалыптасты. 5-6 жыл ішінде біз қарқынды дамып, қазіргі күні аудандарға дейін жеттік. Үкімет өзінің бірқатар міндетін бізге тапсырды. «Атамекен» кәсіпкерлікке үйретуде, сертификаттар береді. Мемлекеттік бағдарламалар бойынша бизнеске сервистік  қолдау көрсету Палатаға жүктелді. Бұл бізге артылған үлкен міндет пен жауапкершілік. Өзіміздің кемшіліктерімізді, әлсіз тұстарымызды жақсы білеміз және жұмысымызды үнемі жетілдіріп отыру мақсатында кәсіпкерлермен тығыз байланыс жасау керектігін де түсінеміз. Өз кезегінде  кәсіпкерлердің де біздің қызметімізге әділ баға бергенін қалаймыз.

«Атамекенге» сын айтылса, бұл ұйымның маңыздылығы тек арта түскенінің белгісі. Көпшілік басқару органдарға сайланғысы келеді, ал оның бірден-бір себебі - биліктің маңызды серіктесі екенімізді, сөзіміздің салмағы бар екенін түсінгендігі.

– «Атамекен» билікпен ғана емес,  бірінші кезекте бизнеспен толық форматты диалогты жолға қою үшін не істеуде?

– Біз қызметті цифрлық форматқа  көшіру жұмысына қарқынды дайындалып жатырмыз. Бұл ең алдымен кәсіпкерлермен  тиімді әрі тікелей  байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Көлемді жұмыс қолға алынды, барлық сервистерді, барлық байланысты мобильді қосымшалар арқылы орнатуды қалаймыз. Басты мақсатымыз әр кәсіпкерге өз саласына қажетті ақпарат пен қызметтерді алып отыруына жағдай жасау. Қарапайым мысалға алсақ, кәсіпкердің Салық кодексін бүге-шүгесіне дейін оқып отыруға мүмкіндігі бола бермейді.

Digital Atameken жобасы  қазан айында өтетін Съезде делегаттарға таныстырылады. Қазіргі таңда бұл жүйе тестілеуден өтуде. Съезд барысында айтылған ескертулер мен ұсыныстарды қабылдап, содан кейін  жүйені жетілдіріп, 2020 жылы жұмыстың толық масштабты цифрлық форматын іске қосамыз.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер