astana-view

Маңғыстаулық 100-ге жуық ұстаз «кәсіпкерлік негіздері» пәнінің әдістемесін үйренуде 

2019 жылғы 23 Тамыз
- Маңғыстау облысы
6363 просмотров

1 қыркүйектен бастап «Кәсіпкерлік негіздер» пәні Маңғыстаудағы барлық мектептер, колледждер және жоғары оқу орындарында оқытыла бастайды. 

Облыстың 100-ге жуық ұстазы осы бағытта курстан өтіп, жаңа пәнді оқыту әдістемесін үйреніп жатыр. Мәселен, Ақтаудағы АТ лицейге 10-сынып оқушыларына арналған пәнді үйретуші 60 педагог жиналды.   

Тәлімгерлердің бірі Ақтаудағы № 11 физика-математика мектебінің мұғалімі Лиза Мыңбаева. Тарих пәнінің мұғалімі жаңа сабақты негізгі жұмысымен қоса алып жүрмек. Оның айтуынша, «Кәсіпкерлік негіздері» пәнінің оқушыларға берері мол. Көбіне оқушылар грант жеңіп алу үшін ата-аналары таңдаған немесе түлектер аз тапсырған мамандықтарға барады. ЖОО бітірген соң өздерін таба алмай, көбіне жұмыссыз жүреді. Мектеп қабырғасынан бизнесті үйретсек, кез-келген жағдайда жеке кәсібін ашып, тығырықтан жол табатын болады. Бізде тек қаражаты бар адамдар ғана кәсіп бастай алады деген түсінік бар. Олай емес. «Нөлден» бастап бизнесті өркендету жолдарын оқушыларға кеңінен оқытатын боламыз,- дейді Лиза Мыңбаева.

«Атамекен» ҚР ҰКП және ҚР Білім және ғылым министрлігі бірлесіп оқу бағдарламасына «Кәсіпкерлік негіздері» пәнін енгізді. Осы мақсатта Нұр-Сұлтан қаласында алдымен бизнес-тренерлер дайындықтан өтті. Енді олар жергілікті ұстаздарға білген-түйгенін үйретуде.

Шолпан Түсіпбекова, бизнес-тренер: «Мен 27 жылдан бері кәсіпкермін, 4 жылдан аса дәріс үйретін келемін. Әр адамның бойында белгілі бір кәсіпке деген бейімділік бар. Соны дөп басып, аша алуымыз керек. Бала бойында тәуекелге бел бу, ұтқырлық, тапқырлық, шешім қабылдау, жауапкершілікті мойнына алу сынды кәсіпкерде болуы тиіс қасиеттерді дамытуымыз қажет. 10 күн ішінде бір жыл бойы өтетін 68 сабаққа шолу жасаймыз, әдіс-тәсілін үйретеміз. Оқушыларға мейлінше түсінікті тілмен, ойын түрінде сіңіруге ұмтыламыз. Ұстаздар да осыны түсініп, курсқа бар ынтасымен қатысуда».

Маңғыстаулық 60 мектеп мұғалімі, 26 колледж оқытушысы, жоғары оқу орындарының 4 оқытушысы арнайы дәріс алуда.  10 күндік курстан өтуге өңірдің шалғай ауылдарынан бастап орталықтағы ұстаздар да белсенділік танытты. Оқу курсы барысында оқытушылар маркетингтік зерттеу жүргізу, анализ жасау, бизнес-модель, жоспарлау, кәсіпкерлік мәдениет және т.б. тақырыптар бойынша білім алады.

Жаңа оқу жылынан бастап «Кәсіпкерлік негіздері» пәнін мектептердің 10-сынып оқушылары, колледждер мен жоғары оқу орындарының жоғары курс студенттері оқиды, келесі жылы пән 11-сынып оқушыларына да оқытылады. Жаңа элективті пәнге аптасына 2 рет, барлығы 68 сағат бөлінген.

Естеріңізге салайық,  «Кәсіпкерлік негіздері» пәні Ақтау қаласындағы АТ лицей мен бірқатар колледждерде пилоттық жоба негізде оқытылған болатын. Жобаның тиімділігі ескеріле келе «Атамекен» ҰКП мен Білім және ғылым министрлігінің бірлескен жобасы ретінде республиканың барлық мектептеріне енгізу жөнінде шешім қабылданды. Сондай-ақ, бұл пән жоғарғы және орта арнаулы оқу орындарының жоғарғы курс студенттерінің оқу бағдарламаларына да енгізілетін болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер