astana-view

Болашақ кәсіпкерлер қайтарымсыз қаражат алады

2019 жылғы 06 Қыркүйек
2293 просмотров

Маңғыстау облысында «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында қайтарымсыз қаражат беру жалғасуда

Грант көлемі –250 мың және 505 мың теңге. Бұл қаржы болашақ кәсіпкерлерге өз ісін дөңгелету үшін беріледі. Ақтауда өңірлік кәсіпкерлер палатасында осы бағдарламасы бойынша үміткерлерді анықтауға арналған шара өтті. Арнайы комиссия бұл жолы 24 үміткердің жобасын сарапқа салды. Қатысушылар әлеуметтік жағдайы нашар, яғни мүгедектігі, жарымжан балалардың асыраушылары, көпбалалы, толық емес отбасы, оралман және жұмыс көзін көптеп ашуы жағынан сараланды. Әр қатысушыға өз бизнес-жобасының тиімділігін дәлелдеу үшін жеке-жеке уақыт беріліп, комиссия алдында қорғауға мүмкіндік жасалды.

Солардың бірі – Інжу Медиева. Үшінші топ мүгедегі, алты баланың анасы. Ол Шетпе ауылынан кілем жуу қызметін қолға алғысы келеді. Сөйтіп отбасына тұрақты табыс көзін таппақ. Ұзақ жыл жұмыссыз отырған ол мұндай кәсіп шағын ауылда мүлдем жоқ екенін алға тартты. Сондықтан да тапсырыстың көп боларына сенімді.

Әлеуметтік осал топтарға жататын жандар шаштараз, кондитер өнімдері, тігін шеберханасы, құс және мал шаруашылығы т. б кәсіп ашуға дайын.

Сондай-ақ, Ақтауда «Жас кәсіпкер» жобасының тыңдаушылары да 200 АЕК грант алудан үмітті. 33 жас талап тың жобаларын арнайы комиссия алдында қорғап шықты.  

Комиссия төрағасы Нұрлыбек Жарылғапов: «Комиссия отырысында тың, халық үшін аса қажет жобалар мақұлданады. Барлығы да жұмыссыз жандар. Олардың алған құрал-жабдықтары жасаған кәсіптері бір жыл бойы тексеріліп отырады. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы әлеуметтік жағдайы аз қамтылған жандардың аяққа тұрып кетуіне үлкен мүмкіндік жасап отыр»,- дейді.

Бағдарлама қатысушылары «Атамекеннің» жобаларына алғыс айтып, кәсіптің нәсібін көретін күнге жетер күнге жақындадық деп қуанды.

«Еңбек» – әлеуметтік жоба.  Маңғыстау облысының кәсіпкерлер палатасында  бұл бағдарлама қатысушыларына жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар беру жөніндегі комиссия кәсіпкерлердің жоспарларын егжей-тегжей талқылады. Қайтарымсыз қаражатқа қол жеткізуге облыстағы Қарақия, Маңғыстау, Түпқараған, Бейнеу, Мұнайлы аудандары мен Ақтау, Жаңаөзен қалаларының тұрғындары ниетті.

 


Ұқсас жаңалықтар:

8 Тамыз
2024
Қостанай облысы

8 Тамыз
2024
Қостанай облысы

Еншілес ұйымдар

Серіктестер