astana-view

Атырауда текстиль фабрикасына шетелдік сарапшы шақырылды

2019 жылғы 19 Қыркүйек
- Атырау облысы
6533 просмотров

Түркиядан келген текстиль өнеркәсібінің жоғары білікті маманы «Атамекен» ҰКП жүзеге асырып жатқан «Аға сеньор» бағдарламасы шеңберінде «Caspiy Lana Atyrau» кәсіпорнына шақырылды

 Екі апта бойы «Caspiy Lana Atyrau» тоқыма фабрикасында шетелдік сарапшының қатысуымен жұмыс процесі жүруде. Түркиялық жоғары білікті маман Касым Гюнгор 30 жыл бойы текстиль өнеркәсібінде жұмыс істеген. Маман бай тәжірибесімен бөлісіп, жергілікті әріптестеріне ақыл-кеңестерін айтты. Сарапшының оқыту кезіндегі негізгі ұстанымы  – аз теория, мол практика.

 «Бұл менің Қазақстанға алғаш келуім. Осыған дейін Түрікменстанда, Ресейде, Түркияда жұмыс істедім. «Caspiy Lana Atyrau» фабрикасында жұмыс процесін саралай келе кәсіпорын мамандарға мұқтаж екенін байқадым. Жоғары білікті кадрларды тарту арқылы өндірісті жаңарту қажеттілігі туындайды. Фабрикада жабдық бар, технологиялық процесс жолға қойылған, енді персоналдың сандық әрі сапалық көлемін өсіру және олардың кәсіби қабілеттерін үнемі дамыту керек», – деді шетелдік сарапшы.

 Түрік әріптестің пікірін кәсіпорын басшылығы қолдап отыр. Алайда жергілікті мамандардың текстиль саласында жұмыс істеуге құлшынысы аз. «Caspiy Lana Atyrau» ЖШС директоры Назгүл Есмақанованың айтуынша, олар жұмыспен қамту орталықтарына мамандарды жұмысқа алу бойынша тұрақты түрде өтінім жібереді, бірақ жұмысқа тұрам деушілер жоқтың қасы.

 «Қазіргі таңда кәсіпорынға түрлі бейінде 20 маман керек. Біз жұмысқа тәжірибесіз де алуға дайынбыз, бәріне өзіміз оқытамыз. Бірақ, ынта аз», – деді кәсіпорын басшылығы.

 Қазіргі таңда текстиль фабрикасы шығаратын өнім, негізінен Қазақстанның батыс және оңтүстік аймақтарына өткізіледі. Кәсіпорын өткізу нарығын арттырмақ, атап айтқанда, алыс, жақын шетелге экспорттау жоспарланған. Осы мақсатпен шетелдік сарапшы шақырылды. Кәсіпорын басшылығы бұл оқыту жуырда оң нәтиже беретініне сенімді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер