astana-view

Бизнес-омбудсмен Болат Палымбетов Қызылордада облыс әкімдігімен Жол картасына қол қойды

2019 жылғы 20 Қыркүйек
- Қызылорда облысы
2024 просмотров

Бүгін Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Палымбетов Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келіп, аймақ кәсіпкерлерімен кездесті.

Облыс әкімдігінде өткен кездесуде бизнес-омбудсмен ел Президентінің кәсіпкерлікті қолдау барысында өңірлердің ерекшелігін ескеруді міндеттегендігін, яғни басым шараларды анықтап, нақты нәтижелерге қол жеткізуді тапсырғандығын айта келе, осы сапар аясында әкімдікпен  кәсіпкерлерді қолдау жөніндегі өзара қарым-қатынас туралы Жол картасына қол қоятындығын жеткізді.

«Осы құжат аясында тиісті жұмыс атқарылып, кәсіпкерлерді алаңдатып отырған ауқымды мәселелердің шешімін табатынына сенеміз. Негізі барлық аймақта мәселелердің 90 пайызы жергілікті жерде шешіледі. Бүгінгі таңда Қазақстанда еркін және ашық бизнес жүргізу үшін барлық жағдайлар жасалған. Біздің елде барлық заңнамалық база және кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау институттары құрылған, яғни қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасқан», - деді Болат Палымбетов.

Бұдан әрі бизнес-омбудсменнің атқарған жұмысы туралы Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл аппараты басшысының орынбасары Ербол Өстеміров хабарлап өтті. Баяндамашының айтуынша, бизнес-омбудсменге Қызылорда облысының кәсіпкерлерінен 2018 жылы 169 өтініш түсіп, оның 75-і оң шешімін тапқан.

Шара барысында бизнес-омбудсмен Болат Палымбетов  облыс әкімдігімен бірлесіп кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, оларға барынша қолдау көрсету мақсатында алдағы уақытта атқарылатын шаралар бойынша 8 тармақтан тұратын арнайы Жол картасына қол қойды.

Кездесу соңында облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов: «Сіздердің кәсіпкерлік ортаны дамытуға қатысты қандайда бір идеяларыңыз болса, біз оларды бірлесіп талқылауға дайынбыз. Осы қабылданған және алдағы уақытта қабылданатын шаралардың барлығы өңір бизнесінің дамуына қолайлы жағдайлар туғызады деп ойлаймын»,- деп қорытындылады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер