astana-view

Тексеру тоқтатылды

2014 жылғы 10 Сәуір
2340 просмотров

Сарыағаш, Қазығұрт және Мақтарал аудандарының кәсіпкерлері Сарыағашта бас қосты. Жалпы саны 200-ден астам кәсіпкер жиналған кездесуді ОҚО экономикалық қылмыс және жемқорлыққа қарсы күрес департаменті мен облыстық Кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырды. Одан бөлек салық комитеті және кедендік бақылау департаменті басшылары, қаржы институтының өкілдері де қатысып, кәсіпкерлердің өз ісін жүргізуіне кедергі келтіріп отырған мәселелер бойынша қойған сұрақтарға жауап берді.

Жалпы саны 200-ден астам кәсіпкер жиналған кездесуді ОҚО экономикалық қылмыс және жемқорлыққа қарсы күрес департаменті мен облыстық Кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырды

Бұл кездесу аудандардағы кәсіпкерлердің сұранысымен өткізілді. Мұның алдында Шымкентте осындай кездесу ұйымдастырылып, осындай шараны аудан-аудандарда өткізу қажеттілігі айтылған болатын. Өтініш ескеріліп, алғашқы кездесу кәсіпкерлік нысандар көп шоғырланған Сарыағаштан басталды. 

Көптің көкейінде жүрген сұрақтардың бірі шаруа қожалықтарына несие көктем ортасында берілетіні, ал, тұқым сеуіп, жұмысты жандандыру үшін қаражат ерте көктемде қажет екендігімен байланысты болатын.

Негізінен ауыл шаруашылығын жүргізуге арналған шағын несиені беретін ұйымдар арасында тендер ойнатылады. Тендерге «Ырыс» микрокредиттік ұйымы» ЖШС, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ сынды несие беру орындары қатысады. 2012 жылы шағын несие 6 % үстемемен берілсе, 2012 жылы 6,5% болған. Қаржыны ерте көктемде беруге осы тендер нәтижесін күту кедергі келтіреді. Яғни, бюджеттен белгіленген қаржыны тарату қай микрокредиттік ұйымға жүктелетіні анықталуы керек. Мұны тендер шешеді. 

Сондай-ақ, шетелден қара жұмыс күшін әкелу туралы сөз болды. Қазақстанға гастарбайтерлердің дені Өзбекстаннан келеді. Ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкер Феруза Абуованың сөзінше, біздегі жұмыс күшін жалдау — қымбат. Кірістің басым бөлігі жұмыс ақысын жабуға кетеді. Жұмыс сапасы да көңілді көншітпейді. Үнемі бақылауды қажет етеді. Ал өзбекстандық жұмысшылар істеріне тындырымды, әрі біздікімен салыстырғанда әлдеқайда арзан ақыға келіседі. Алайда, олардың мұнда жұмыс істеуін заңдастыру мәселесі қиындық туғызады. Тәртіп сақшылары, көші-қон полициясы егістік басына келіп, шетелдік жұмысшылардың құжатын тексеріп, әуре қылады. Олардың жұмыс істеуіне заңмен шектеулер қойылған. Осыны реттеп берсе екен деген кәсіпкер Өзбекстаннан келетін жұмысшыларды жалдаудың тиімділігін қазақстандық жұмыс күшінен жоғары қойды. 

ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайды жақсарту жөніндегі түбегейлі шаралар туралы ҚАУЛЫсынан үзінді:

1. Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар 2014 жылғы 2 сәуірден бастап 2015 жылғы 1 қаңтарға дейін:

1) шағын және орта бизнес субъектісінің өзінің қызметіне қатысты өтініші оларды жүргізуге негіз болып табылатын тексерулерді, осы өтінішпен байланысты қарсы тексерулерді;

2) қаржылық ұйымдарды;

3) атом энергетикасы, радиоактивтік заттар саласын;

4) улардың, қару-жарақтың, әскери техниканың және жекелеген қару түрлерінің, оның ішінде азаматтық және қызметтік, жарылғыш және пиротехникалық заттар мен оларды қолдана отырып жасалған бұйымдардың айналымы саласындағы жеке және заңды тұлғалардың қызметін;

5) конституциялық құрылысқа, ұлттық қауіпсіздікке, заңдылыққа және қоғамдық тәртіпке тура және тікелей қауіп-қатер төндіретін іс-әрекеттің алдын алу немесе жою мақсатында жүргізілетін тексерулерді қоспағанда, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін тексерулерді тоқтатсын.

Осы тармақтың 3) — 5) тармақшаларында көрсетілген тексерулер Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасымен келісілген, орталық мемлекеттік немесе жергілікті атқарушы органның бірінші басшысының шешімі негізінде жүргізіледі деп белгіленсін.

Негізі, бұл кездесуде қадағалаушы органдар кәсіпкерлер тарапынан кәсіпкерлікке заңсыз араласу, рейдерлікке қатысты сұрақтар күтілгенімен, бұл тақырыптар бойынша сауалдар қойылмады. Кәсіпкерлердің өз істерін құзырлы мекемелердің заңсыз тексеруі алаңдатудан бұрын, өз кәсібін бастап, алға жылжытуы үшін қаржы алудың қиыншылықтары көбірек толғантатыны байқалды. 

Еске салсақ, 27 ақпанда Елбасының «Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайды жақсарту жөніндегі түбегейлі шаралар туралы» жарлығы шыққан болатын. Жарлық бойынша шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін тексеруді тоқтату туралы мораторий жарияланды. 2 сәуірден бастап енгізілген мораторий 2015 жылдың 1-қаңтарына дейін жалғасады. 

Президент өз сөзінде: «Үкімет Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп бизнесті оңтайландыру бойынша сәйкес заң жобаларын толықтай сүзгіден өткізуге міндеттелді. Кәсіпкерлік кодексі жобасы негізінде кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеу туралы заң нормаларының барлығы реттелуі қажет. Қазақстанда бизнес-омбудсменнің жаңа институты құрылады. Оның негізгі тапсырмасы – кәсіпкерлердің құқығын қорғау», – деді. 

Демек, қаржы полициясы мен Кәсіпкерлер палатасының ұйытқы болуымен ұйымдастырылатын мұндай кездесулердің негізгі мақсаты әзірленіп жатқан кодексті жасақтап, жетілдіру болып отыр.

Дерекнамасы: Оңтүстік Рабат


Еншілес ұйымдар

Серіктестер