astana-view

«Кәсіп түбі - нәсіп»: Жаңаөзенде жаңа жоба басталды!

2019 жылғы 12 Қазан
- Маңғыстау облысы
8787 просмотров

«Кәсіп түбі – нәсіп» деп аталатын жаңа жоба «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен Жаңаөзен қаласы әкімдігінің қолдауымен іске қосылды. Жоба мақсаты – моноқалада кәсіпкерлікті дамыту және жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бойынша арнайы ұсыныстар дайындау

Осы жоба шеңберінде арнайы жұмыс тобы құрылды. Бірлескен топтың құрамына ҚР «Атамекен» ҰКП орталық аппаратының бірқатар өкілі, Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері және Жаңаөзен қаласы әкімдігінің негізгі бөлімдерінің, «Каспий» ӘКК және қаржы ұйымдарының басшылары енді. Бірлескен жұмыс тобының басты назарында- технопарк, ауылшаруашылығы аймағын дамыту, өндірісті оқшаулау, бизнеске оқыту және микро қаржыландыру құралдары аясын кеңейту міндеттері бар. Сондай-ақ, облыс және республика деңгейінде Жаңаөзен қаласының экономикасын дамыту үшін кедергілерді жоюға жүйелі шаралар жасақталып,  ұсынылатын болады.

Жаңа жоба аясында кәсіпкерлермен дөңгелек үстел, жылжымалы кеңес, кездесулер өтуде. Жаңаөзендік іскерлер қала мен оған жақын орналасқан елді мекендерде мал дәрігерінің жетіспейтінін, мал сырқатын емдеу қарапайым шаруаға қиынға соғатынын алға тартты.

«Бұл мәселе көптеген өңірлерде бар. Мұны шешу үшін тиісті заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп жатыр. Қазір құжат Сенатта қаралуда. Білім алған ветеринар мамандар ауыл шаруашылығы саласында үш жыл еңбек етуі міндеттелетін болады. Осында айтылған проблемаларды республикалық деңгейде талқылаймыз», – деп түйіндеді «Атамекен» ҰКП ауылшаруашылық кешені және азық-түлік өнеркәсібі департаменті директорының орынбасары Еркен Наурызбеков. 

Басқосуда құрылыс департаменті директорының орынбасары Аңсар Сейсекеев, қоғамдық мониторинг және әкімшілік кедергілермен жұмыс департаментінің сарапшысы Дәурен Сатқамбаев та іскерлерді толғандырған сұрақтарға жауап берді. Жергілікті кәсіпкерлер ауыз су, газ, мал азығы, үй жануарлары сырқатымен күрес жағдайын талқылап, оның шешу жолдарын бірлесе іздеді.

«Кәсіп түбі-нәсіп» жобасы 7 қазаннан басталып кетті. 2016 жылдың аяғында «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен жүзеге асқан «Жаңаөзенге – жаңа кәсіп» жобасының қисынды жалғасы деуге болады. Біз бірнеше бағытта жұмыс жасаймыз: маркетинг, қаржыландыру, құқықтық мәселелер, скрининг, кәсіпкерлікке және микроқаржыландыруға оқыту. Мұнда білікті мамандар кәсіпкерлерге кеңес беруде. Қорытынды нақты іс-шаралар мен ұсыныстар болады. Біз кәсіпкерлер мен бизнес-бастамасы бар тұлғаларды топ жұмысына белсенді қатысуға шақырамыз. Біздің жұмысымыз ағымдағы жылдың соңына дейін жалғасады және Біз өз алдына Жаңаөзен қаласындағы бизнестің дамуына ықпал ететін нақты мақсатты көрсеткіштерді қоямыз», – деп атап өтті «Атамекен» ҰКП Басқарарушы директоры – Жаппай кәсіпкерлік және микро қаржыландыру департаментінің директоры Бауыржан Оразғалиев.

Жұмыс тобы Теңге ауылы мен «Рахат» шағын ауданы тұрғындарымен де кездесті. Онда кәсіпкерлерге «Кәсіп түбі – нәсіп» жобасы түсіндіріліп, шешімін таппаған мәселелері мен сұрақтарына жауап берілді. Кәсіби мамандардан жан- жақты қолдау желтоқсан айына дейін жалғасады.

Естеріңізге сала кетейік, кәсіпкерлерге мынадай қызмет түрлері көрсетіледі:

- Мемлекеттік қолдау бағдарламалары;

- Маркетолог қызметі;

- Заң қызметтері;

- Ауылшаруашылығы саласы;

- Мемлекеттік және жеке-меншік (электронды) сатып алулар;

- Кәсіпкерлікті дамытуға қатысты ұсыныстар;

- Бизнесті қаржыландыру тетіктері.

«Аграрлық несие корпорациясы», «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ, «Каспий» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация» АҚ мамандары кеңес береді.

Тегін кеңес алу үшін мына мекен-жайға хабарласуға болады: Жаңаөзен қаласы, Қ. Сәтбаев көшесі, 1 «а» кеңсе, АХАЖ ғимараты,  «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Жаңаөзен қалалық филиалы. Байланыс орталығы- 1432 (қоңырау тегін), 8-72934-59659.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер