astana-view

«Баста» форумы «Кәсіп түбі – нәсіп» жобасы аясында өтті

2019 жылғы 17 Қазан
- Маңғыстау облысы
5424 просмотров

Жаңаөзен қаласында «Баста» форумы өтті. Бұл шара «Кәсіп түбі-нәсіп» жобасы шеңберінде ұйымдастырылып отыр. Модератор – «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарушы директор-Жаппай кәсіпкерлік және микро қаржыландыру департаментінің директоры Бауыржан Оразғалиев. Залға 120 адам жиналды. Барлығының шараға деген қызығушылығы жоғары болды.

Форумға облысқа белгілі кәсіпкерлер Жалғас Дәулетов, Нұржан Еділов, Айгүл Ілиясова қатысып, қала кәсіпкерлеріне, студенттер мен жоғары сынып оқушыларына өз жетістігінің құпиясын ашты.

«Domino» дүкендер желісінің негізін қалаушы Жалғас Дәулетов: «Қазір Қазақстан бойынша 22 дүкеніміз бар. 7 дүкенді ашқан соң, қалғанын франшиза бағдарламасымен бердім. Алғаш рет Ақтаудан соң Жаңаөзеннен кәсіп бастаған соң, бұл қала маған ыстық. Жетістікке жету жолы оңай емес. Біз өз қателігімізден сабақ алып, үйренген кәсіпкерлерміз. Қазіргідей бизнес тренерлер де болған жоқ. Бизнес бастау үшін көп қаражат, үлкен аумақты орын, көп тауар қажет деп ойласаңыз, қателесесіз. Біз де 500 ш.м. сауда алаңымен бастап, оны 10 есе 50 ш.м. кішірейтіп, 14 сатушы-қызметкерді 3-ке азайтып, шығынды үнемдедік. Бизнес үшін тез сатылатын аз тауар болса жеткілікті. Бизнесте маңыздысы-уақыт ұту. Тауар көп уақытты, ақшаны ұстап тұрмауы керек. 60-70 млн тг жұмсайтын үлкен дүкендерден гөрі 6-7 млн тг. жұмсайтын кішігірім сауда орны, өтпейтін тауарды тізімнен шығарып, сұранысқа ие затпен толықтырып отыру сияқты қарапайым инструменттерді қолдану керек. Тауардың сыртқы әленуі мен жарнама жасау аса маңызды»,- деп ой түйіндеді.

Кездесу ашық форматта, сұрақ-жауап алмасу арқылы өтті. Залдағы көрермендер кәсіпкерлерге стаушы мамандарды таңдау, үйрету, оқыту әдістерін сұрады. Іскерлер болса, оның жолын іздемей қарапайым ғана әдісіне жүгіну қажеттігін айтты. Мәселен, әлеуметтік желілерге, түрлі топтарға маман қажеттігі туралы толассыз жазу, мейлінше үміткерлерді көп жинау. Көптің ішінен қабілеттілерін таңдау, білмегенін үйрету ең оңай әдіс деп табыс кілтімен бөлісті. Сонан соң көпшілік алдына шыққан «Baby bedding» брендінің иесі Айгүл Ілиясова Мәскеуден бітірген жоғары білім мамандығын қойып, кәсіп ашқанын тілге тиек етті. Оған уақыттың өзі себепші болған. Аяғы ауыр және кішкентай екі баласы бар келіншекке жұмысқа тұру оңай болмаған. «Сосын бұрыннан бойында бар тігіншілік қабілетімді пайдаланып сәбилерге арнап киімдер, көрпелер тігіп сата бастадым. Оны әлеуметтік желілерге шығарып, бренд деңгейіне көтердім. Нақты мақсат пен тапжылмас талап болса, кез-келген кәсіптен пайда табуға болады», – дейді ол.

«Кәсіп түбі – нәсіп» жобасын «Атамекен» ҚР ҰКП бірігіп жүзеге асырушы Жаңаөзен қалалық әкімдігі тарапынан әкім орынбасары Аманғали Нұрдәулетов:

«Атамекен» ҰКП-ы «Кәсіп түбі – нәсіп» жаңа жобасын Жаңаөзенде жүзеге асырып жатқанын ерекше атап өту керек. Кәсіпкерлерге қиындықты жеңіп, жетістікке жетуге барлық жағдай жасалған, есік ашық. Мамандықты қайта оқып аламын десеңіздер де, мүмкіндік бар. «Жас кәсіпкер» жобасы бойынша Маңғыстау облысында ең көп қатысушы Жаңаөзен қаласында болғанын айтып өту керек. Кәсіпкер боламын деген азаматтар болса, нарыққа бейімделіп, қорықпай кәсіп бастауға шақырамын», – дейді.

Шараға келген жоғары сынып оқушыларына да пайдалы ақпарат берілді. Биылғы оқу жылынан бастап, барлық мектептерде «Кәсіпкерлік негіздері» пәні оқытылып жатыр. Демек, кәсіп бастауды мектеп қабырғасынан бастап үйрену, бизнес қырларын иегеруге деген жас өркеннің де қызығушылығын байқауға болады. Форум өте қызықты әрі нәтижелі болды деп тарасты қатысушылар.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер