astana-view

Қазақстанның 11 әуежайында «ашық аспан» режимі енгізіледі

2019 жылғы 01 Қараша
6167 просмотров

Елорда, Алматы, Шымкент, Ақтау, Қарағанды, Өскемен, Павлодар, Көкшетау, Тараз, Петропавл, Семей қалаларының әуежайларында «ашық аспан» режимі енгізілмек, аталған режим рейстер санына қатысты шектеулерді алып тастау және шетелдік авиакомпанияларға 5-ші дәрежелі «әуе еркіндігін» 3 жылдық мерзімге ары қарай ұзарту мүмкіндігімен қамтамасыз етуді қарастырады

Естеріңізге салсақ, 2017 жылдан бастап  «Атамекен» ҚР ҰКП-ның түрлі алаңында «ашық аспан» режимін енгізу бастамасы туристік объектілердің көліктік қолжетімділігін арттыру, елге кірме туристердің келу санын өсіру мақсатында белсенді талқыланған болатын.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Азаматтық авиация комитетінің деректері бойынша Оманның авиациялық билігімен келіссөздер жүргізу нәтижесінде Salam Air авиакомпаниясы Маскаттан Алматыға дейін әуе дәлізін ашуды жоспарлап отыр.

Air Astana 2020 жылдың бірінші тоқсанында Джиддаға аптасына 3 рейс ашуды жоспарлады. Сонымен қатар SCAT авиакомпаниясы 30 қарашадан бастап – Джидда мен Мәдинаға аптасына екі рейс ашатын болады.

Бұдан бөлек, Азиядағы ірі лоукостер Air Asia компаниясымен және жаһандық тасымалдаушы – Singapore Airlines компаниясымен, «Уральские Авиалинии» компаниясымен келіссөздер жүргізілді. «Уральские Авиалинии» 22 желтоқсаннан Екатеринбург – Алматы бағытында рейсті іске қосады; польшалық LOT компаниясымен келісім жасалып, компания 2020 жылдың жазынан Варшавадан ҚР елордасына аптасына 7 рейске дейін арттырып, 2021 жылдан бастап Алматы бағытында рейс ашады.

 Осы ретте қазақстандық бюджетті тасымалдаушы Fly Arystan 13 желтоқсаннан бастап Қазақстан елордасынан Мәскеуге күн сайынғы рейстерді орындауды бастайды.

 Жуық арада Катар авиациялық билігімен  Qatar Airways  авиакомпаниясы, БАӘ-ның Emirates, Fly Dubai авиакомпанияларымен ұшу бағыттары бойынша жаңа бағыттарды ашу мақсатында кездесулер өтеді.

Естеріңізге салсақ, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы сұранысқа ие билеттер құнына қатысты наразылығын білдірді.

 Қазақстанда «ашық аспан» режимін енгізу жаңа шетелдік тасымалдаушыларды тарту, жаңа халықаралық маршруттарды ашу, бәсекелестікті арттыруға мүмкіндік береді, нәтижесінде авиабилеттердің құнын төмендетіп, әуе көлігінің халыққа қолжетімділігін арттырады, сонымен қатар туризмнің дамуына оң ықпал етеді. 5-ші дәрежелі «әуе еркіндігі» шетелдік компаняилардың Қазақстан қалалары арқылы үшінші елдерге ұшуын қарастырады, бұл жаңашылдық Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттырып, отандық әуежайлар арқылы транзиттік жолаушылар тасымалын өсіреді.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер