astana-view

«Kaz Fruit сompany» отандық өнім және импортты қатар жеткізеді

2019 жылғы 07 Қараша
1809 просмотров

«Kaz Fruit сompany» Қазақстан бойынша тек Ақтау қаласында құрылған көкөніс пен жеміс-жидек тасымалдаушы ірі компания

2009 жылы ашылған мекеменің қазір облыс орталығында дербес 30 дүкені бар. Оларда көтерме және бөлшек сауда жасалады. Мұннан өзге Ақтау қаласындағы барлық гипер, супер маркеттер мен сауда орталықтарына тауар жеткізеді. Мамандардың айтуынша, күніне шамамен 15 тонна көкөніс пен жемістер тасымалданып келеді. Компания тауарды әлемнің түпкір-түпкірінен алдырады. Жемістердің пісу маусымына орай Еуропа, Бельгия, Польша, Ресей, Түркия, Грузия, Иран, Әзірбайжан, Түркіменстан мен Өзбекстаннан жеткізіліп отыр. Сондай-ақ, Ақтаудағы жылыжайларда өскен қияр мен қызанақты жыл он екі ай саудаға шығарады. Отандық өнімдер Павлодар, Қарағанды, Жамбыл облыстарынан да әкелінуде. Көкөністердің барлық түрлері, цитрус жемістері мен сирек кездесетін жеміс-жидектер сауда көркін қыздырып тұр.

 «Біздің жұмыс қағидамыз – бақшадан асханаға дейін делдалсыз сапалы әрі арзан өнім жеткізу. 5 түрлі әлеуметтік көкөніс: картоп, сәбіз, пияз, орамжапырақ пен қызылшадан көретін пайда шамалы. Қазір картоптың 1 кг-93 тг, ал пияз-88 тг саудалап отырмыз. Бұл қаладағы ең төмен баға болып есептеледі. Тұтынушыларымызды сақтап қалу мақсатында осындай әдісті қолданамыз», – дейді «Kaz Fruit сompany» компаниясының бас директоры Замин Сафаров.

Компания Үкімет қойған талаптарға сай қызмет атқарып келеді. Жергілікті әкімдікпен әлеуметтік тағам құнын нарықтан өсірмеу туралы меморандумға қол қойған. Соның салдарынан кейбір өнімдер бағасы базардан да әлдеқайда арзан екен.

Қазіргі таңда компанияның бір мезетте 1500 тонна көкөніс пен жеміс-жидек сақтауға қауқарлы қоймасы бар. Онда барлық жағдай жасалған. Әсіресе ауа-райы қолайсыз немесе маусымдық қиын кезеңде тапшылық болмау үшін әлеуметтік көкөністердің мол қоры сақталады.

Мекеме бизнесін өркендету үшін біршама қолдауға ие болды. 2012 жылы «Даму» қоры арқылы 300 млн тг төмен пайызды несие алып, 10 жүк көлігіне қол жеткізген. Енді өз жүгін өздері тасып отыр. Ал, несие толықтай өтелген.

Бүгінде компания 80 адамды жұмыспен қамтып отыр. Мамандарды өздері оқытып, үйретіп алады.

«Менің осында жұмыс істегеніме 2 жыл болды. Негізгі мамандығым теміржол саласы болғанымен жұмыссыз жүрген соң осында келдім. Бәрін үйреніп алдым. Айлығымызды уақытында аламыз. Жұмыс таңертең 7-30 басталып, кешкі 17-30 аяқталады. Ыстық тамақпен тегін қамтамасыз етілген. Менің міндетім – күніне 5 дүкеннің тапсырысын толықтай орындау. Жұмысым өзіме ұнайды», – дейді сату жөніндегі менеджер Ерлан Айдарбеков.

Компанияның жоспары орасан. Болашақта сауда нүктелерінің қатарын көбейту көзделген. Атырау мен Оралға тауарлардың алғашқы легі жөнелтіле бастады. Енді Ақтөбені де қамтамасыз етіп, көрші облыстардан ресми сауда нүктелерін ашу межеленіп отыр.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер