astana-view

Батыс Қазақстанда «Бастау» жобасының 2019 жылға қорытындысы шығарылды

2019 жылғы 03 Желтоқсан
- Батыс Қазақстан облысы
8342 просмотров

Бүгін Орал қаласында «Бастау» түлектеріне сертификат табыстау рәсімі өтті. Биылғы жылдың соңғы легіне 260-тан астам адам қатысты

 Енді жоба қатысушыларының әрқайсысы жеңілдікпен несие немесе грантқа сүйеніп, жеке кәсіп ашуға ниетті. Нақты жоспарлар жайында бітірушілердің өздерінен білдік.

 «Бастау» туралы кездейсоқ естідім. Келдім де оқуға қатысып кеттім. Енді спорттық оқыту мектебін ашуға ниеттімін. Біз балалар мен ересектерді спортқа баулимыз. Бізде күрес түрлері бойынша мектеп болады. Аудиторияның қамту ауқымы өте кең: жоғары спорттық жетістіктер тобынан бастап мүмкіндіктері шектеулі жандарға арналған сауықтыру тобына дейін ашуды көздейміз. Тренерлік тәжірибем үлкен. Ал жобаға қатысу арқылы әлеуетімді кеңейттім. Бизнес-жоспар құрдым, мониторингтік зерттеу жүргізуге мүмкіндік алдым. Енді жаттығулар өткізуге қажетті ғимарат салуға жеңілдікпен несие алмақпын», – деді жоба түлегі Марат Қожахметов.

 «Оқуға қатысып, пайдалы білім алдым. Бұл оқу мен үшін жарқын өмірге жолдама. Оқуды Орал қаласында өттім. Мұнда қолдаумен қоса, бизнес-трелерлер арқылы мемлекеттік қолдауды да сезіндім. Қолданбалы өнер шеберханасын ашқым келеді, онда балалар оықут цехы да болады. Бұл кәсіп сұранысқа ие болады деп ойлаймын, өйткені ұлттық өнерді насихаттаймын. Мен ұсақ мал сүйегінен бұйымдар жасаймын. Мәселен, жұмыстарымның арасында бәйтерек, молшылық тостағаны бар, мұның бәрі кәдесый заттары. Қазіргі таңда «Береке бақыт» жобасын аяқтадым. Жобам Қазақстан тарихының тереңіне бойлайды», – деді Тасқала ауданының тұрғыны, 2-топтағы мүгедек Гүлжан Танабаева.

 2018 жылы жоба БҚО облысының барлық ауданында және Ақсай қаласында өтті. Жоспарлы 2071 адам орнына 2141 адам оқып шықты, жалпы сомасы 2,1 млрд теңгеге 751 жоба қаржыландырылды.

 2019 жылы «Бастау» жобасы облыс орталықтарында және республикалық маңызы бар қалаларында іске қосылды. Бүгінде БҚО бойынша 13 бизнес-тренер, 13 үйлестіруші, жеке қабілетті дамыту жөнінде 13 кеңесші жұмылдырылған. Жоспар бойынша 3170 адамды оқуға қатыспақ. Бүгін жобаның 6-легі аяқталды, облыс бойынша 779 адамға сертификат тапсырылды. Жоспар орындалды. Орал қаласы бойынша 260-тан астам адам оқып шықты.

 «Барлық қатысушыларға оқу аяғында 16,5 мың теңге көлемінде шәкіртақы төленді. Енді жеңілдікпен несие немесе грант алуға сертификаттар беріледі», – деді ӨКП директоры Бақдәулет Ыбырайымов.

Жастар жылы шеңберінде 29 жасқа дейінгі қыз-жігіттерге «Жас кәсіпкер» жобасы іске қосылды. Оқу 2 лек бойынша жүргізілді. «Жас кәсіпкер» жобасына қатысушылар арасында 816 адам бизнес-жоспарын қорғап шықты. Оқу аяқталғаннан соң 16,5 мың теңге көлемінде шәкіртақы төленіп, сертификаттар берілді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер