astana-view

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев Жаңаөзенде кәсіпкерліктің дамуымен танысты

2019 жылғы 18 Желтоқсан
- Маңғыстау облысы
4180 просмотров

Бүгін Жаңаөзен қаласына жұмыс сапарымен ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев барды

 Онда алдымен индустриалды парк аймағын аралады. Ол жерде орналасқан кәсіпорындардың өнімдері көрсетілді. Сондай-ақ, жуық арада іске қосылатын бірнеше өндіріс ошағының жұмысы таныстырылды. 2020 жылы Жаңаөзенде 19 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері іске қосылмақ. Барлығы - 2 411 млн тг. инвестиция көлемін құрайды. Сонда 600-ден астам жаңаөзендік жаңа жұмыс орнымен қамтамасыз етілетін болады. Мәселен, индустриалдық паркте сорғы-компрессорлық құбырлар өндіру, фитингтер шығару, шағын алаулы инжекциялық газ оттығы, қағаз сүлгілер, темірбетон бұйымдарын өндіру тағы басқа кәсіпорындар іске қосылады деп жоспарланып отыр.

Мұнан соң Бердібек Машбекұлы мұнайшылар шаһарындағы Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығын да аралады. Онда қала халқы мен кәсіпкерлерге бизнес ашу мақсатында жүргізіліп жатқан бағдарламалармен жіті таныстырған Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрбек Қарасаев:

«Жаңаөзен қаласында "Кәсіп түбі-нәсіп" жобасы аясында "Бизнеске арналған Үкімет", яғни "бір терезе" қағидаты бойынша кәсіпкерлерге қызмет ету осы жылдың қазан айында басталды. Жоба бастау алған уақыттан бері 1224 адам келіп, тиісті қызмет түрлерін алды. Мұнда бес мемлекеттік органның өкілдері, қаржы институттары, "Каспий" ӘКК мамандары мен кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының кеңесшілері отыр. Бұл-кәсіпкерлерді қағазбастылықтан құтқарып, уақыт ұтуға көп септігін тигізіп отыр»,- деп сөзін түйіндеді.

 

Кәсіпкерлерге қызмет көрсету тәртібін көзбен көрген Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев жұмыс барысына оң баға берді. Қазіргі таңда заңгерлер, маркетологтар, электрондық сатып алулар бойынша мамандар, бизнесті мемлекеттік қолдау, жергілікті әкімдік өкілдері, 2-деңгейлі банк қызметкерлері мен т.б.мамандар бір орталықтан қызмет көрсетіп келеді.

Алдағы уақытта «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма төрағасының орынбасары Эльдар Жұмагазиевтің тапсырмасымен Жаңаөзенде жаңа жұмыс орындарын ашатын жобаларды іріктеу бойынша жұмыс тобын құру жоспарланып отыр.

ҚР Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев одан әрі медицина орталығы, спорт кешені мен мектеп-гимназияға барып, жұмыс барысымен танысты. Сонан соң қоғам белсенділері және Жаңаөзен халқымен кездесті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер