astana-view

Кәсіпкерлік мақсаттағы қайтарымсыз гранттар: кімдер, қалай ала алады?

2020 жылғы 15 Қаңтар
- Қызылорда облысы
475459 просмотров

Өткен жылы өңірімізде 3088 адамға 1,3 млрд.теңге көлемінде гранттық қаржы берілген. Қайтарымсыз қаржы алуға кімдер үміткер бола алады, көлемі қанша, қаржыны мақсатты пайдаланбаған жағдайда не болады? Міне осы сауалдарға Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлікті қаржылай емес қолдау бөлімінің бастығы Гаухар Елеусінова жауап берді. 

- Гаухар, сәлеметсіз бе. Жалпы кәсіпкерлік мақсаттағы қайтарымсыз гранттың неше түрі бар? Берілетін қаржы көлемі қанша?

- Сәлеметсіз бе. Мемлекеттік гранттар бастапқы бизнесті іске асыруды жоспарлайтын бағдарламаға қатысушыларға өтеусіз және қайтарымсыз негізде беріледі. Кәсіпкерлік мақсатта берілетін қайтармсыз гранттар «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында – 200 АЕК (айлық есептік көрсеткіш, 1 АЕК – 2651 тг), яғни биылғы көрсеткіш бойынша 530 200 теңге және «Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында – 3 млн. теңгеге дейін ұсынылады. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы грант қаражаттары бұрын мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде грант алмаған Бағдарламаға қатысушылар, оның ішінде жастар, көпбалалы және табысы аз отбасылардың мүшелері, еңбек етуге қабілетті мүгедектер, сондай-ақ қоныс аударушылар мен оралмандар мемлекеттік гранттар алуға үміткербола алады. Ал «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында ісін жаңа бастаған, инновациялық бизнес-идеясы бар кәсіпкерлер грантқа үміткер бола алады.

- «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасымен қайтарымсыз қаржыны беру қандай актімен реттеледі?

- «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасымен грант беру - «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасына қатысушыларға жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар беру Қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 23 тамыздағы № 513 қаулысымен реттеледі. Осы Қағидада грантты беру тәртібі, жобаларға мониторинг жасау, есептілігін жүргізу ережелері нақтыланған.

- Гранттық қаржының негізгі операторы кімдер?

- «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы грант қаражаттары Халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы ұсынылады. «Бизнесті жол картасы - 2025» бағдарламасы аясында қайтарымсыз грант – облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасымен ұсынылады.

- «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 200 АЕК көлеміндегі грантқа кімдер үміткер бола алады?Оқу курсына қалай қатысуға болады?

- «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 200 АЕК көлеміндегі қайтарымсыз қаржыға - бағдарламаның бірінші бағыты шеңберінде оқуды аяқтаған немесе «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курсынан өткен және бұдан бұрын мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде грант алмаған бағдарламаға қатысушылар, оның ішінде жастар, көпбалалы және табысы аз отбасылардың мүшелері, еңбек етуге қабілетті мүгедектер, сондай-ақ қоныс аударушылар мен оралмандар үміткерлер болып табылады.

Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша оқу дегеніміз– әртүрлі мамандыққа, мысалы: шаштараз, аспазшы, жихаз құрастырушы, дәнекерлеуші сияқты мамандықтарға қысқа мерзімді курстардан өту. Бұл оқу операторы – жергілікті халықты жұмыспен қамту  орталықтары.  «Бастау Бизнес» жобасы бойыншакәсіпкерлік негіздеріне оқыту курсы – «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы базасында өтеді.

- Грантты алу үшін қайда, қандай құжат тапсыру керек?

- Жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік грант алуға үміткер бағдарламаға қатысушы (немесе оның нотариат куәландырған сенімхат бойынша өкілі) жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік грант алу үшін тұратын жері бойынша халықты жұмыспен қамту орталығына жүгінеді және мынадай құжаттарды ұсынады:

     1) Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік грант алуға өтініш;

      2) жеке басын куәландыратын құжат, ал оралмандар үшін – оралман куәлігі (салыстырып тексеру үшін құжаттың түпнұсқасы ұсынылады);

      3) әзірленген бастапқы бизнес-жоспар;

      4) кәсіпкердің бағдарлама шеңберінде оқудан өткенін растайтын құжаттың көшірмесі;

    5) кәсіпкердің атынан өтініш беру құқығына сенімхат, сенім білдірілген өкілдің жеке басын куәландыратын құжаттың (заңды тұлғаның атынан – заңды тұлға куәландырған) көшірмесі;

      6) тұратын тұрғылықты жері бойынша тіркелгенін растайтын құжат (мекенжай анықтамасы немесе ауыл әкімдерінің анықтамасы).

- Бұл қаржыны қандай мақсатқа қолдану керек?

- Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар қаражаты - қажетті еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтарды, жануарларды, малды, құстарды сатып алу үшін нысаналы мақсатта пайдаланылады.  Гранттар - тұтынушылық мақсаттарға, кредит қарыздарын өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнімдердің өндірісіне және жалдау ақысы ретінде берілмейді.

- Гранттық қаржыны мақсатты пайдаланбаған жағдайда не болады?

- Мемлекеттік гранттардың мақсатты пайдаланылуына мониторингті Кәсіпкерлер палатасы жүргізеді. Бағдарламаға қатысушы мемлекеттік грантты алған күннен бастап үш ай ішінде оның нысаналы пайдаланылуын Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес салық органдарында өз қызметін тіркеу немесе бірыңғай жиынтық төлемді төлеу арқылы растайды. Кәсіпкерлер палатасы шарт жасасқан күннен бастап он екі ай ішінде қаражаттың мақсатты пайдаланылуына мониторинг жүргізеді және жобаны сүйемелдеу бойынша сервистік қызмет көрсетуге (маркетингтік, заңдық, бухгалтерлік және басқа да қызмет түрлері) жәрдемдеседі. Грант иегері мониторинг барысында грант қаражаттары мақсатыз пайдаланылып, басқа бағытта жұмсалғаны анықталса, бағдарлама талаптарына сәйкес ол жөнінде бағдарламаның өңірлік үйлестірушісіне грант қаражаттарын қайтару бойынша тиісті шешім қабылдау үшін жолданады. Өз кезегінде бағдарламаның өңірлік үйлестірушісі грант қаражаттарын бюджетке қайтару бойынша тиісті жұмыстар атқарады.

- Қайтарымсыз қаржы алуға үміткерлер жобасын қарайтын комиссия құрамына кімдер енеді?

- Кәсіпкерлер палатасы жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттарды алуға үміткерлердің өтініштерін қарау үшін атқарушы билік органдары, қоғамдық бірлестіктер, ғылыми-білім беру мекемелері, өңірлік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің, салалық сарапшылардың қатысуымен құрамы кемінде 5 адамнан тұратын комиссияны құрады. Комиссия төрағадан, төрағаның орынбасарынан және комиссия мүшелерінен тұрады. Жергілікті атқарушы органдар мен Кәсіпкерлер палатасының өкілдері комиссияның төрағасы бола алмайды. Комиссияның хатшысы комиссия отырыстарын ұйымдастыруды жүзеге асырады, төрағамен келісу бойынша отырыстар өткізілетін орынды, күнін және уақытын айқындайды, комиссия мүшелерін алдағы отырыс туралы хабардар етеді, отырыс өткізу үшін қажетті материалдарды оның мүшелерінің назарына жеткізеді. Комиссия хатшысы оның құрамына кірмейді және шешім қабылдаған кезде дауыс беру құқығы болмайды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер