astana-view

Таңбалау талабы бизнесті «көлеңкеге» кетуге мәжбүрлейді

2020 жылғы 12 Наурыз
5245 просмотров

Мұндай пікірді бизнес өкілдері «Атамекен» ҰКП Жобалық алқасының отырысында айтты

Бүгінде бірқатар салалық қауымдастық күнделікті сұраныстағы азық-түлік өнімдеріне қатысты Қазақстанда  міндетті таңбалаудың салдары мен тәуекелдерге алаңдаушылық білдірді. Алкогольсіз сусындар мен шырындар қауымдастығы және Қазақстан сүт одағы өкілдерінің айтуынша, міндетті таңбалау өнімнің қымбаттауына, шағын және орта компаниялардың банкрот болуына әкеп соғады.

 Алдын ала деректер бойынша алкогольсіз сусындарды таңбалаудан шығындар жылына 28,9 млрд теңгені, сүт өнімдерін таңбалау – 4,5 млрд теңгені құрайды.

 «Бизнес жаппай таңбалауға дайын емес. Таңбалау ойластырылған әрі экономикалық тұрғыда мақсатты болуы керек», – деді Қазақстан тікелей сауда-саттық қауымдастығының өкілі.

 Ресейде ҚҚС-сіз бір код құны 50 тиын тұрады. Қазақстанда кодтар қанша тұратыны белгісіз. Алайда жаңашылдықтар тұтынушылардың да қалтасын ұрады. Чиптеуге арналған жабдықты орнату кәсіпорындарға оң мыңдаған еуро шығын әкелуі мүмкін, мұның бәрі түптеп келгенде тұтынушыға әсер етеді. Кәсіпкерлер акциздеуге жататын тауарларды таңбалауға және пилоттық жобаларға оралуды ұсынды. Осы ретте әлеуметтік маңызы бар тауарларды таңбаламау айтылды.

 Бизнестің айтуынша, Қазақстанда таңбаланатын тауарлар тізбесін құрағанда әр тауар тобын таңбалаудан болатын оң және теріс салдарын есепке алу қажет. Осыған байланысты Ұлттық палата осы факторлардың барлығын кешенді салыстырмалы бағалауды жүргізіп, содан кейін шешім қабылдау қажеттілігін айтты.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер