astana-view

Маңғыстауда екі кәсіпорын бетперде тігуге арнайы сертификат алды

2020 жылғы 20 Мамыр
- Маңғыстау облысы
3627 просмотров

Елімізде енгізілген төтенше жағдайларға байланысты жергілікті тігін кәсіпорындары халықты бетперделермен қамту, сұраныстарды қанағаттандыру мақсатында аянбай еңбек етті

Бұл жергілікті тігіншілердің сын сағатта өткен үлкен тәжірибе сатысы болды. Осыған дейін жұмысшы киімдері, медицина саласы мамандарының, оқушы және күнделікті киімдер мен аяқ киімдер тігіп келген олар, осылайша қысыл таяң шақта тігін бағытын ауыстыра алатынын көрсетті. Олай етпесе, облыста бетперде қат, болса да бағасы шарықтап кеткен кез еді. Сөйтіп, қиыннан қиыстырып, күні-түні демей қажеттілікті өтеуге ат салысты.

 Атап айтар болсақ,  Ақтаудағы «Жамал-ай» ЖШС жуып, үтіктеп бірнеше мәрте қолдануға қолайлы 36 мыңнан астам бетперде тігіп шығарды. Бағаны бақылау қиынға соққан кезде, аса сапалы бетперделерді қолжетімді құнмен тікті. 

«Біздің кәсіпорын ешқашан бетперде тігіп көрмеген еді. Барлық бағыттағы тігінді тоқтатып, уақытпен санаспай бетперде тігуге кірістік. Отандық өнім «Азала Текстиль» ЖШС  компаниясының сапалы бөз матасынан тігілді. Күніне 2 мың дана бетперде дайындау үшін 53 жұмысшы жұмылдырылды. Тапсырыс жан-жақтан түсті. Соның ішінде  әкімдіктер мен мекемелер 23 мың бетпердемен қамтамасыз етілді. Тапсырыстар әлі де толастаған жоқ. Қазір кәсіпорын әуежай қызметкерлеріне бетперде тігіп жатыр»,- дейді «Zhamal-ai LTD» ЖШС директоры Зибира Хасанова. 

  Ал, Жаңаөзен қаласындағы  «Жанарыс» ЖШС шикізатты Ресей мемлекетінен алдырып тікті. 20 мың метр бөз, мақтадан жасалған маталарынан 166 мың дана бетперде дайындап шығарды. Күніне 6-7 мың дана бетпердені кәсіпорындағы 200 жұмысшы күні-түні дамыл таппай тікті. Тапсырыстың негізгі бөлігі өндіріс ошақтарынан, түрлі мекемелерден түсті. Мәселен, мұнай мекемелерін  135 мың дана бетпердемен қамтыды.

 Осындай қиын қыстау кезеңде өңіріміздің кәсіпкерлері жұдырықтай жұмылып, өздеріне таныс емес өнімді жүрексінбей қолға алып, тігіп үлкен үлестерін қосты. Ел қауіпсіздігі үшін аянбай, тыным таппай ат салысқандарын айрықша атап өту керек. Жұмысшы  киімдері, күнделікті киімдер мен аяқ киімдер тігіп машықтанған мамандар, осылайша қиындықты еңсеру үшін бұрын-соңды таңсық саналған бетперде тігуді негізгі жұмыстарының тізіміне енгізді. Арнайы сертификатты  Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасынан алды. Халқымыз «Береке басы – бірлікте»  дейді.  Ынтымақта кез-келген қиындықты жеңуге болатынана осы істер айғақ.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер