astana-view

Жұмыс орындарын сақтап қалуға дайын кәсіпорындарға қолдау көрсету қажет – Тимур Құлыбаев

2020 жылғы 22 Мамыр
9346 просмотров

«Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев бизнестің ағымдағы мәселелерін талқылау, сондай-ақ карантиннен кейінгі кезеңде орын алатын ауыртпалықты анықтау мақсатында отандық кәсіпкерлермен кездесу өткізді.

Онлайн кездесуге 15 өңірден экономиканың барлық салалары мен секторларында жұмыс істейтін кәсіпкерлер қатысты. Жиын барысында бизнестің жедел шешімді қажет ететін мәселелері айтылды.

 Алдымен пандемия мен карантин соққысына бірінші тап болған туристік сала мен HoReCa мәселелері көтерілді. Бүгінде кәсіпкерлердің өзекті мәселелері қатарында екінші деңгейлі банктер алдындағы міндеттемелері, салықтық берешек және жалға алу төлемдері мәселелері шешілмей отыр.

 «Dostar Company Ltd» ЖШС директоры Тимур Әбдікәрімовтың айтуынша, бүгінде турбизнестің үміті бірінші кезекте ішкі туризмге артылып отыр.

 «Қазіргі кезде Rixos Aktau салынып жатқаны белгілі, бұл жоба арқылы облысымыздың туристік тартымдылығы артады деген үміттеміз. Осыған байланысты шұғыл шешімді талап ететін проблемалар бар. «Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы бойынша мерзімі 4 жылдан аспайтын несиелерді қайта қаржыландыру қарастырылған. Біз өз несиелерімізді 4 жылдан бұрын жылдық 14%-бен алғанбыз, демек осы қолдау шараларын ала алмай отырмыз», – деп атап өтті Тимур Әбдікәрімов.

 Туризм мәселелерін шешудегі ұсынылған шаралар арасында кәсіпкерлер жеңілдікпен несиелеу, қайта қаржыландыру бойынша шектеуді алып тастау, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор және жер қойнауын пайдаланушы компаниялар қызметкерлеріне арналған ішкі туристік маршруттарды қаржыландыруды атады.

 Барлық саладағы кәсіпкерлерді алаңдататын тағы бір мәселе жұмыспен қамту мәселесі болды. Төтенше жағдай кезеңінде жұмыс берушілер жұмыскерлерді еңбекақысыз демалысқа жібергені мәлім.

 Тимур Құлыбаев осы мәселеде Ұлттық палатаның позициясы – жұмыс берушілер жұмыс орындарын сақтап қалуы үшін карантинге дейін жұмыс істеген кәсіпорындарды сақтау және қолдау екенін атап өтті.

 «Шағын және микро кәсіпорындарды қолдаудың құралы – қаражат айналамын толықтыруға, бірінші кезекте еңбекақыны төлеуге берілетін несиелер. Бұл жеңілдікпен берілетін несиелер болады, біз бірінші кезекте  карантинге дейінгі жұмыс орындар санын сақтауға дайын кәсіпорындарға қолдау көрсетілу бойынша ұсыныстар енгіземіз», – деді Тимур Құлыбаев.

Кездесу барысында логистика, соның ішінде жолаушылар тасымалы мәселелері көтерілді. Солтүстік Қазақстан облысы тасымалдаушыларының айтуынша, төтенше жағдай режимі аяқталған соң Петропавл қаласында жолаушылар тасымалы санитарлық талаптармен шектелген.

 Жолаушылар тасымалын қолдау бойынша өз ұсыныстарын «Семенова Г.П.» жеке кәсіпкерлігі жетекшісі Галина Семенова айтып, тасымалдаушылардың шығындарын субсидиялауды, қалалық жолаушылар тасымалымен жолаушылар мен багажды автомобильмен тұрақты тасымалдау тарифтерін көтеруді, сондай-ақ айыппұлсыз жалдау төлемдерін кейінге қалдыруды немесе тоқтата тұруды ұсынды.

 Қорытындылай келе, ҰКП Төралқа Төрағасы отандық бизнес қиын кезеңде тұрғанын, бірақ «Атамекен» ағымдағы ситуацияны жіті қадағалап, бизнес ұсыныстарын шұғыл жинақтап, Үкіметке қолдаудың жаңа шараларын ұсыну үшін осындай кездесулерді тұрақты негізде өткізетінін айтты.

 «Өңірлік мәселелер арасында: салықтар, несиелер бойынша төлемдерді кейінге шегеру, қаржыландыру, карантин жағдайындағы санитарлық нормалар, сатып алулар және кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау. Карантиндік кезең әлі ұзақ уақытқа сақталатынына дайын болу керек. Карантин жыл соңына дейін жалғасады деп күтілуде, бірақ бұл кезең 12 айға дейін жалғасуы мүмкін», – деп атап өтті Тимур Құлыбаев.

 Бизнес өкілдерімен кездесулер келесі аптада жалғасын табады, онда Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының мәселелері талқыланады.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер