astana-view

«Атамекен» және Мемлекеттік кірістер комитеті кедендік бақылау кезінде бағалық индикаторларды қалыптастыру мәселесін қарауда

2020 жылғы 14 Қыркүйек
4232 просмотров

Жиын барысында кеден органдарының кедендік құнды кедендік бақылау кезінде баға көрсеткіштерін қолдану мәселесі талқыланды, іс-шара «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен ұйымдастырылды. Кездесу ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері, бизнес-қоғамдастық, сонымен қатар Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсіновтың қатысуымен өтті.

 Осыған дейін «Атамекен» және бизнес-омбудсменге кәсіпкерлер тарапынан кеден органдары әкелінетін тауарлардың кедендік құнын түзету кезінде кедендік заңнамамен қарастырылған мәміле бағасы бойынша жарияланған кедендік құнды қабылдау бойынша бизнестің негіздемесін назарға алмайтынына қатысты шағымдар келді.

 «Кедендік органдар кедендік құн индексін айтарлықтай өсірген. Бірнеше пайызға емес, еселеп өсірген. Кейбір тауарлар бойынша 15-18 есеге жоғарылатқан. Осы ретте белгіленген кедендік құнды дәлелдеу өте қиын, растайтын құжаттар қабылданбайды, сондай-ақ тауарды жөнелткен елдің экспорттық декларацияларына қатысты проблемалар бар. Осы мәселеде бизнеске қалай жұмыс істеу қажеттігі жайында нақты түсіндірме қажет. Сондай-ақ кәсібін адал жүргізетін қатысушыға минималды тәуекелділік категориясына қалай түсуге болатыны туарлы өзекті мәселе бар. Өкінішке қарай, бүгін бізде екі әдіс бар: депозитке келісіп, көп уақыт бойы өзіндік құнды дәлелдеу, немесе кеден органдарының құнын бірден қабылдау. Біздің пікірімізше, бұл өте қиын әкімшілік кедергі. Заңнама өзгерген жоқ, бірақ құқық қолдану практикасы болса өзгеріп кетті. Осы бағалық ақпарат қалай қалыптастырылатыны үлкен мәселе, мұндай бағалар қайдан алынады? Мемлекеттік кірістер комитетінің жауабы: «Сарапшылық баға әдісі негізінде». Мынадай сұрақ туындайды: «Оған қалайша әсер етуге болады, бағалар шынайы болуы үшін ҰКП қандай ақпарат беруі керек? Бүгінгі таңда барлық тауарлар бойынша бағалар тым жоғары, мұндай бағалар бойынша тауар рәсімдеу мүмкін емес», – деді «Атамекен» ҚР ҰКП Кедендік әкімшіліктендіру департаментінің директоры– Басқарушы директор Дина Мамашева.

 Осы мәселені шешудегі  ҰКП-ның ұсыныстары ішінде бизнесті тарта отырып, кедендік құн индексін қалыптастырудың ашық механизміне көшу, сонымен қатар осы тақырыпқа қатысты барлық өзгерістердің айналасында толыққанды ақпараттық кампания жүргізу болды.

 Келесі ұсыныс мемлекеттік кірістердің аумақтық органдары үшін кедендік құнды бақылау бойынша әдістемелік ұсыныстарды әзірлеу болды, осы ретте белгіленген ережелерді орындамау үшін жауапкершілікке тартуды қарастыру айтылды. Сондай-ақ «Атамекен» нақты уақыт режимінде шешілуі керек даулы мәселелер мен бизнестің шағымдарын реттеуге назар аударды.

 Кездесуге шақырылған бизнес-қоғамдастықтың өкілдері (30 адамға жуық), күнделікті тап болатын негізгі мәселелерді атады. Біріншіден, түсініксіз индикаторлар және тізімдермен байланысты тауарларды кедендік тексеруден өткізуге бағаларды қалыптастыруға қатысты проблемалар, сонымен қатар оларды қалыптастыру механизмдері. Екіншіден, ашық қолданыстағы ақпараттың тапшылығына байланысты құжаттардағы олқылықтар.

 Осы мәселелерді шешу үшін кәсіпкерлер бірнеше шешу жолдарын ұсынды. Соның ішінде арнайы сайтты әзірлеу ұсынысы бар.

 «Не істеуге болады? Барлық бағалар көрсетілетін арнайы сайт құру. Сіздер (Мемлекеттік кірістер органы) құн бойынша құпия ақпараттар барын айттыңыздар. Құпия, дәліздер басталатын жерде сыйбайлас жемқорлық тәуекелдері басталады. Кәсіпкер елге тауар әкелген кезде кедендік құнды білмесе, оған ең жоғары құнды ұсынуы мүмкін, бірақ белгілі бір сомаға оған төмен бағада есептеп береді. Егер пара бергіңіз келмесе, онда шоттардағы бағаларды бұғаттап, осы процедуралардың барлығын сот тәртібінде өтуе тура келеді. Сондықтан ашық әрекет етуді ұсынамын, осы дәліздерді жойып, кедендік өткізуді тікелей әрі түсінікті ету қажет», – деді Алматы қаласы Кәсіпкерлер құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестің төрағасы Максим Барышев.

Сондай-ақ кәсіпкерлер Мемлекеттік кірістер комитеті жанынан мобильді топ құруды ұсынды. Топ нақты уақыт режимінде кедендік құнды түзетуге байланысты мәселелерді шешетін болады. Осындай топтың қажеттілігі кейбір тауарлардың тізбегі үнемі өзгеріп, кеңейіп отырады, яғни кедендік рәсімдеумен мәселелер туындайды, өйткені жаңа құжаттар, ең бастысы бағалар жоқ, ал тауар шекарада тұр.

Рустам Жүрсінов кездесуді қорытындылай келе, бір апта ішінде «Атамекен» және Мемлекеттік кірістер комитетіне осы мәселелерді шешуде нақты ұсыныстар беруді, және 7 күннен соң әзірленген материалды қарастыру үшін тағы кездесу ұйымдастыруды ұсынды.

 «Кедендік кодекске өзгерістер енгізілуін күтетін мүмкіндік жоқ. Жедел шаралар қолданып, бір мезгілде заңнамаға түзетулер енгізу қажет», – деді Рустам Жүрсінов.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер