astana-view

Ақмола облысында шенеуніктер мемлекеттік сатып алулар туралы келісімшартты бұзған

2020 жылғы 15 Қыркүйек
- Ақмола облысы
45142 просмотров

Біз шенеуніктердің кәсіпкерлерге қатысты заңсыз әрекеттерін, қызметтерін асыра пайдалану фактілері туралы бірнеше рет айтқан болатынбыз. Тағы бір жағдай сатып алулар саласында орын алды, бұл сала сыбайлас жемқорлық тәуекелдер бойынша жиі сынға алынады

 Ақмола облысы Кәсіпкерлер палатасына «Kaztelematica» ЖШС-нан Бурабай аудандық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің әрекетіне қатысты шағым түсті. 2020 жылдың 13 мамырында өкілетті орган және «Kaztelematica» ЖШС құрылыс саласында сатып алулар туралы екіжылдық келісімшарт жасады. Компания Бурабай аулында жалпы сомасы 655 млн теңгеге жол желісін салу және қайта жөндеу жүргізуді міндетіне алды.

 27 мамыр күні мемлекеттік сатып алулардың веб-порталы арқылы мердігер аталған келісімді біржақты бұзу туралы хабарлама алған. Мемлекеттік орган негіздеме ретінде «Мемлекеттік сатып алулар туралы» Заңның 12-бабы 4-тармағының 3-тармақшасына сілтеме жасады, яғни мердігерді мемлекеттік сатып алуларға заңсыз қатысушы ретінде таныған. Сонымен қатар тапсырыс беруші ҚР Үкіметінің «Мемлекеттік стып алулардың арнайы тәртібін анықтау туралы» қаулысының (ары қарай – Арнайы тәртіп) 39-тармағын негізге алған.

 Өңірлік палата сарапшыларының пікірінше, тапсырыс беруші өзінің заңсыз әрекеттерімен кәсіпкердің құқықтары мен заңды мүддесін өрескел бұзған.

 «Мемлекеттік сатып алулар туралы» Заңның 12-бабы 4-тармағының 3-тармақшасына сәйкес Мемлекеттік сатып алуларға жосықсыз қатысушылар тізілімі жеткізушілермен жасалған келісімшарттар шеңберінде өзіне артылған міндеттемелерді дұрыс орындамаған немесе мүлде орындамаған жеткізушілер тізімінен тұрады. «Kaztelematica» ЖШС-мен жасалған келісімшарт бір қаржы жылына жасалған, яғни жұмыс 2020-2021 жылдарына қарастырылған. Берілген келісімшартқа сәйкес жұмысты орындау мерзімі құрылыс-монтаждау жұмыстары басталғаны туралы хабарламаны алған уақыттан бастап 10 айды құрайды. Тапсырыс беруші келісімшартты бұзуға дейін мердігерге жұмыстың басталғаны туралы хабарламаны бермегенін ескерсек, сәйкесінше он айлық мерзім әлі аяқталған жоқ, келісімшартты бұзуға негіздеме негізсіз таңдалған. Тапсырыс беруші тарапынан қандай да басқа шағымдар түспеген», – деді ӨКП директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Расұл Сыздықов.

 Келісмшарты  бұзуға тағы бір негіз арнайы тіртіптің 39-тармағы болды. Оған сәйкес жеткізушінің заңды (нақты) мекен-жайы карантиндік аймақта орналасқан әкімшілік-аумақтық бірлікте тіркелген немесе әлеуетті жеткізуші төтенше жағдай режимін енгізуге байланысты шектеулі аймақта болған жағдайда байқау комиссиясы әлеуетті жекізушіні алып тастауға құқылы. Алайда егер тапсырыс беруші тура сондай әкімшілік-аумақтық бірлікте болса, бұл тармақ жұмыс істемейді.

 Байқау комиссиясы егер тапсырыс беруші төтенше жағдайға байланысты карантин аймағында немесе шектеуде тұрған әкімшілік-аумақтық аймақта тіркелген болса, заңды (нақты) мекенжайы төтенше жағдайға байланысты карантин аймағында немесе шектеуге жатпайтын әкімшілік-аумақтық бірлікте тіркелген болса әлеуетті жеткізушіні байқаудан алып тастауға құқылы.

 Осы ретте екі жағдайда да тапсырыс беруші, егер байқауға қатысуға өтінімде карантин аймағында немесе ТЖ енгізуге байланысты шектеулерде сатып алулар туралы келісімшарт бойынша міндеттерді орындауға қажетті ресурстарды растайтын құжаттары болса әлеуетті жеткізушіні байқауға қатыстыра алады.

 Бұл нормалар постфактум емес, байқау өтінімдерін қарау кезеңінде қолданылмалы.

 Палата сарапшылары Ақмола облысы Мамандандырылған аудандық экономикалық сотқа сатып алулар туралы келісімшартты бұзу бойынша әрекеттер заңсыздығы туралы арыз берді. Сонымен қатар жауапкердің байқаулық рәсімдерді өткізуге тыйым салу туралы талапты қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдау туралы өтініш жіберді.

 «Байқау комиссиясы төрағасы,  Бурабай аудандық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі жетекшісінің м.а. позициясы айтарлықтай кереғар. Ол дауыс беруде «Kaztelematica» ЖШС-ын байқауға жіберу туралы шешім қабылдаған. Осы ретте жеткізушінің орналасқан жеріне қатысты шағымдар болмаған. Тапсырыс берушінің заңсыз және негізсіз әрекеттері дайындық жұмыстарын бастаған және қаражатты жұмсаған кәсіпкер үшін де,  мемлекет үшін де жағымсыз салдарға алып келді. Өйткені бюджеттік қаражатты игермеу бойынша тәуекелдері бар», – деп атап өтті Расұл Сыздықов.

 4 тамызда Ақмола облысы Мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты бұл іске нүкте қойды. Сот Бурабай аудандық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің келісімшартты біржақты бұзуын заңсыз деп таныды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер