astana-view

«Бастау»: 2020 жылдың жемісті жобалары

2020 жылғы 27 Қазан
- Жамбыл облысы
4259 просмотров

Егер өз кәсібіңізді бастауды ойлап жүрген болсаңыз, «Бастау» жобасы көмекке келеді

Жоба «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен 2017 жылдан бері жүзеге асырылуда. Мақсаты – өзін-өзі жұмыспен қамтыған және жұмыссыз халықты кәсіпкерлікпен айналысуға тарту арқылы ауыл тұрғындарының экономикалық белсенділігін арттыру. Биыл Жамбыл облысы бойынша 3641 адам жобаға қатысып, кәсіпкерлік негіздеріне оқып шықты.

Жеке басының ғана қаржылық жағдайын жақсартып қоймай, жеке ісін құра алатын мысалдар көп. Талас ауданының тұрғыны көп балалы ана Шамшырақ  Сейітова 2020 жылы «Бастау» жобасымен кәсіпкерлік негіздерді оқып, жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант алу байқауына қатысып, 200 АЕК мөлшерінде грант ұтып алды. Қазіргі таңда поп-корн өндіріп, дайын өнімді Қаратау қаласының дүкендеріне өткізеді.

Жоба аясында кәсіптерін ашып, ел экономикасын жақсартуға үлес қосып отырған кәсіпкерлеріміз жылдан-жылға көбеюде. «Бастау» жобасы аясында кәсіпкерліктің қыр сырын үйреніп, өз бизнесін ашқан кәсіпкерлердің бірі – Зәру Қалмырзаева.  2019 жылы 200 АЕК есебінде грант алып, қаз өсіруді бастаған. Кәсібін жақсы игеріп, ары қарай дамытуды қолға алады. Содан 1000 бас қаз өсіруге қора соғып, құжаттарын дайындап, осы жылы Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан 3 800 000 тг қаржы алды. Көп балалы ана қазіргі таңда 600 бас қаз өсіріп отыр.

«Бастау» жобасы түлегінің бірі – Ерболат Аманқұл. Қазіргі таңда сегіз қырлы, бір сырлы 28 жастағы кәсіпкер жанармай сату, жылқы өсіру, балық шаруашылығы сияқты бірнеше кәсіпті қолға алып, ауылының 4 тұрғынын жұмыспен қамтып отыр. Сондай-ақ, ол балық өсіру бойынша 2 500 000 теңге инновациялық грант ұтып алған. Қазірде облыста балық шаруашылығына ерекше көңіл бөлінуде.

24 жасар Құнанбай Ысқақов Жамбыл облысы Байзақ ауданы Мырзатай ауылының тұрғыны. Жастайынан мал шаруашылығымен айналысқан ол 2020 жылы «Еңбек» Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында «Бастау» жобасының онлайн оқуын сәтті аяқтап, сертификат алды. 200 АЕК (555600 теңге) көлеміндегі грант қаражатына занен ешкілерін алып, өсіріп, өз кәсібін дөңгелетіп отыр.

Сондай жас кәсіпкердің бірі Бауыржан Сейдахметов.  Жамбыл облысы Байзақ ауданы Қостөбе ауылының тұрғыны, 2 баланың әкесі бала кезден мал шаруашылығымен айналысып келеді. 2020 жылы «Бастау Бизнес» жобасының онлайн оқуын оқып, сертификат алды. Жас кәсіпкер грант қаражатына қой алып, етін сатып, кәсібін жүргізуде.

Ал, 29 жасар Жамбыл облысы Байзақ ауданы Сарыкемер ауылының тұрғыны – Марат Файзуллаев ертеден компьютерге қызығушылығы артып,  оларды жөндеуге кіріскен. Биыл «Бастау» жобасының 1-легінде онлайн оқып, сертификат алды. 555 600 теңге көлемінде грант қаражатына бизнес жоспарында көрсетілген құрал-жабдықтарды алып, компьютерді жөндеу орталығын ашты. Қазіргі таңда өзінің сүйікті ісін кәсіпке айналдырып, табыс көзін тауып отыр.

Рахима Шержанова – 2020 жылғы «Бастау» жобасы 2-легінің қатысушысы. Өзбекстан Республикасынан көшіп келген қандасымыз. Соңғы 20 жыл бойы тігін өндірісімен айналысып жүрген  Рахима Шержанова да  200 АЕК мөлшеріндегі грант жеңіп алып, өз кәсібін кеңейтті.

Жобаның шапағатын мүмкіндігі шектеулі жандар да көруде. Әділет Ақпанов есімді құлағының ақауы бар 3-ші топтағы мүгедек жан ата-кәсіпті дәріптеп, аяқ-киім тігуді қолға алған. Кәсібін өркендетуге септігін тигізген «Бастау» жобасына Әділеттің алғысы көп. Бүгінде бастауыш кәсіпкердің Т.Рысқұлов ауданында тұрақты клиенттері бар.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер