astana-view

Билік пен бизнес кездесті

2020 жылғы 27 Қараша
- Маңғыстау облысы
2490 просмотров

Бүгін Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасында Өңірлік кеңестің мәжілісі өтті.

Тақырып- Маңғыстау облысындағы бизнес мәселелері. Басқосуға Еділ Жаңбыршин төрағалық етті. Шараға облыс әкімі Серікбай Трұмов қатысып, кәсіпкерлердің мәселелерімен жете танысты.

Алдымен сөз алған Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Рашит Мұстапаев:

«Бүгінгі таңда Маңғыстаудың жалпы өңірлік өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі осы сектордағы барлық өңірлердегі жұмыс орындарының 33% - ын және 37,75% - ын құрайды. 2019 жылдың қорытындысы бойынша өңірдегі ШОБ 1 триллион 209 млрд теңге өнім өндірді. Карантин кезінде облыста 600 бизнес субъектісі жұмысын қайта бастай алмады, 3100-ден астам адам жұмыссыз қалды. Карантин кезінде ең көп зардап шеккен салалар: 700-ден астам адамға қызмет көрсететін азық-түлік емес сауда объектілері, 800-ден астам адамға қызмет көрсететін қоғамдық тамақтану объектілері 380 мейрамхана мен кафе, көлік саласындағы 45 компания; 24 сұлулық салоны; 39 қоғамдық монша мен сауна; 1 600-ден астам адамға қызмет көрсететін 43 қонақ үй мен хостелдер»,- деп атап өтті.

1 қазандағы жағдай бойынша кәсіпкерлер арасында сауалнама жүргізілді. Ол шығынға ұшыраған 2 мың 400 бизнес субъектісін қамтыды. Оның нәтижесі 3753 адам жұмыстан қысқарып, 3 207 адам жалақысы сақталмайтын демалысқа жіберілгені белгілі болды.

Өңірдегі қазіргі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды және кәсіпкерлердің ұсыныстарын ескере отырып, Маңғыстау облысының бас санитарлық дәрігерінің "Маңғыстау облысының аумағында карантин режимі және карантиндік шараларды кезең-кезеңімен жеңілдету туралы" қаулысына бизнестің әртүрлі салалары мен облыс аудандарының ерекшеліктерін ескере отырып, өзгерістер енгізу туралы айтылды.

Кәсіпкерлік палатасы Маңғыстау облысының әкімдігімен бірлесіп мынадай шаралар қабылдауы қажет: Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған өңірлік жол картасын және Өңірлік агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған жоспарын дайындау.

Бұл ұсыныстарды облыс әкімі Серікбай Трұмов қолдайтынын жасырмады.

«Бизнестің карантин салдарынан көптеген қиындыққа ұшырағаны мәлім. Өңірімізде қазір сұйытылған газ проблемасы да өзекті болып тұр. Оны шешу жолдарын қарастырып жатырмыз. Көрші облыстардан газ тасымалдау арқылы түйінді шешуге барымызды саламыз. Ол үшін әкімдік өкілдері Атырауға аттанды, әрі қарай Нұр-Сұлтанға барады. Барлық мәселенің шешімін табуға бірлесіп қызмет етуге шақырамын»,- деді Серікбай Өтелгенұлы.

Кездесу соңында кәсіпкерлермен сұрақ-жауап алмасты. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен жергілікті әкімдік бірлесіп іс-қимыл жоспарын жасақтайтын болды. Әсіресе, туризм, импорт алмастыру, кәсіпкерлікті, ауылшаруашылығын дамыту жайы қозғалды.

«Әкімнің құлағына жетті деп ойлаймыз. Өйткені, нақты сұрақтар қойылып, нақты мәселелер көтерілді. Әсіресе, оқушыларды тамақтандыру, сұйытылған газ, туризмге байланысты түйіткілді тақырыптар ашық айтылды. Жағажайларды арнайы экономикалық аймақпен тең рәсімдеу, инвесторларға талап бірдей болу, «Нұр капитал» арқылы 1% несие беру қажет екені атап айтылды»,- деп сөзін түйіндеді Еділ Терекбайұлы.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер