astana-view

РАШИТ МҰСТАПАЕВ: Бизнес қиындықтан шыңдалып шығады!

2021 жылғы 18 Қаңтар
- Маңғыстау облысы
5135 просмотров

Кез-келген мемлекеттің экономикалық дамуының негізгі тірегі – шағын және орта бизнес екендігі белгілі. Егер де кәсіпкерліктің дамуына жағдай жасалса еңбекпен қамту, ішкі нарықты отандық тауармен қамтамасыз ету және бәсекелестік ортаны қалыптастыруға кедергі жоқ. Дамыған елдердің экономикалық көрсеткішінің 60-70% шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің даму деңгейімен өлшенеді. Маңғыстау өңірінде кәсіпкерлікті қолдау қандай деңгейде екендігі туралы тағайындалғанына 100 күн болған өңірлік «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Рашит Мұстапаев айтып берді.

Айта кету керек, еліміздің өнеркәсіп саласында Маңғыстау негізгі рөл атқарушы төрт аймақтың бірі. Мәселен, Қазақстан мұнайының 25% осы өңірде өндіріледі. Өткен жылға көз жүгіртер болсақ кәсіпорындар 732,8 млрд теңгеге өнім өндірген және республикада негізгі көрсеткіштер бойынша үшінші орынға тұрақтады.

Елімізде кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған бірқатар мемлекеттік бағдарламалар қабылданғаны белгілі. Мәселен, Маңғыстау облысы бойынша өткен жылы «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасын іске асыруға 4 201,3 млн. теңге мөлшерінде қаражат бөлінген болатын. Оның ішінде: несиелерді субсидиялауға - 3 551,8 млн теңге, ал несиелерді ішінара кепілдендіруге - 628,5 млн теңге, гранттық қолдауға - 21 млн теңге. Нәтижесінде 4 мыңнан астам жұмыс орны ашылған.

2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде 2020 жылға 1 902,4 млн теңге мөлшерінде қаражат бөлінді. «Бизнес-мектеп» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне 469 адам оқытылды. «Бастау» жобасы бойынша өңірдің 990 жұмыссыз бизнесті үйренуге оқытылды. Пандемия кезеңінде жоспарды орындау мақсатында оқыту онлайн режимінде жүргізілді. Адами капиталды дамыту мақсатында 3100 шағын және орта бизнес кәсіпорындарына сауалнама жүргізілген. Нәтижесінде 425 маманға қажеттілік бар екендігі белгілі болды. Маңғыстау облысында жұмыссыздық деңгейі 5% құрады.

Өткен 2020 жылы Маңғыстау облысының кәсіпкерлер палатасы «СТ-KZ» нысанындағы тауардың шығу тегі туралы 451 сертификат және экспорттық айналым үшін тауардың шығу тегі туралы 1460 сертификат берген. Экспорттық бағыт үшін Украина мен Өзбекстанға - аммиак селитрасы, Ресейге - мұздатылған бекіре балығы, Швейцарияға – қара алтын, Иранға - астық, Түрікменстанға - макарон өнімдері, ал Әзірбайжанға - мұнай-химия өнімдері, атап айтқанда битум негізіндегі мазут және гидрооқшаулағыш материалдарға сертификаттар берілген. Ішкі айналым үшін «СТ-KZ» нысанындағы тауардың шығу тегі туралы сертификаттар негізінен мұнай-газ, құрылыс, тамақ, машина жасау, химия, жеңіл өнеркәсіпке беріліпті. Бұдан бөлек 18 кәсіпорын индустриялық сертификатқа ие болды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты халыққа Жолдауында кәсіпкерлікті дамыту саласына ерекше тоқталған болатын. Рашит Мұстапаевтың айтуынша, шағын және орта бизнесті қолдауға бірқатар шаралар қабылданды. Мәселен, «Бизнестің жол картасы - 2025» бағдарламасы аясындағы барлық салалық кедергілер алынған. Өз ісін дөңгелетуді армандаған әрбір тұрғынға қаржыландырудың жолдары түсіндірілген. Ең бастысы шағын және орта бизнес 3 жылға салықтан босатылды. Осылайша еліміз бойынша 1 млн астам кәсіпкер мемлекет тарапынан қолдауға ие болды. Сонымен қатар, төтенше жағдай және карантин кезінде қиындыққа тап болған кәсіпкерлерді қолдау мақсатында бизнестің 20 түріне жеңілдіктер қарастырылған.

2020 жылы сыртқы сауда айналымы 2 715 млн АҚШ долларын, оның ішінде тауарлар экспорты – 2 467 млн доллар, импорт – 248 млн АҚШ долларын құрады. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілер саны 52 мыңнан асып жығылады. Оның ішінде жеке кәсіпкерліктің үлесі 77%, заңды тұлғалар – 18%, шаруа қожалықтары - 5% құрап отыр. Карантин кезінде кәсіпкерлер палатасы форс-мажорлық жағдайда 291 өтінішті қарап үлгерген. Жиі көтерілетін мәселенің бірі - бизнес мақсаттағы бөлінетін жер учаскелеріне қатысты болып отыр.

Ал кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және әкімшілік кедергілерді жою бойынша 252 өтініш түссе, оның ішінде бизнесті қорғау бағыты бойынша – 89 арыз қаралған. Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Кеңестің 6 отырысы өткізіліп, 10 мәселеге нүкте қойылған. «Жобалау офисі» аясында ауыз толтырып айтарлықтай нәтижелі жұмыстар атқарылған. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын іске асыру кезінде жалпы сомасы 87 млрд теңгеге 107 жоба қолдау тапты.

Рашит Мұстапаевтың айтуынша, Covid-19 инфекциясының таралуына байланысты компаниялар жаңа жағдайда жұмыс істеуіне тура келді. Жасыратыны жоқ, бизнес бірқатар қиындықтарға тап болды. Пандемияны еңсеруде кәсіпкерлер кедергілерден әлі де өтуде. Бірақ, кез-келген дағдарыс ұзаққа жалғаспайды, түбінде жағдай реттелері сөзсіз. Ал, әзірге бұл уақытша қиындық деп түсіну керек және бизнес бұл қиындықтан шыңдалып шығады!


Еншілес ұйымдар

Серіктестер