astana-view

Жобалық кеңсенің жұмысы қай деңгейде?

2021 жылғы 01 Ақпан
- Маңғыстау облысы
5193 просмотров

Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасының бастамасымен облыс әкімі Серікбай Трұмовтың қатысуымен өңірде «Жобалық кеңсе» жобасының атқарылуы талқыланды. Онда ӨКП директоры Рашит Мұстапаев жеңілдікпен несие беру бағдарламасын іске асыру, басқа мемлекеттік бағдарламаларға мониторинг жүргізу, мемлекеттік органдардың, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ мен жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларындағы жергілікті қамту мәселелері, сондай-ақ өңірлерді дамытудың экономикалық картасын жасақтау сынды күрделі мәселелерді қозғады.

«Маңғыстау облысы бойынша бағдарлама шеңберінде жалпы сомасы 88 325,1 млн. теңгеге 116 жоба қатысады. Жалпы сомасы 70 805,1 млн. теңгеге туризм, қоймалар, жеңіл, химия, жиһаз өнеркәсібі және т. б. салаларда барлығы 107 жоба мақұлданды. Екінші деңгейдегі банктерде 410 млн. теңге сомасына туризм және тамақ өнеркәсібі саласында 2 жоба қарастырылуда. Жалпы сомасы 16 050 млн. теңгеге тамақ өнеркәсібі, білім беру және металлургия салаларында 4 жобаның идеясы дайын тұр. Мақұлданған сомалар бойынша Маңғыстау облысы республика бойынша көшбасшылардың бірі. Қолдау тапқан несиелердің негізгі үлесін 50 млрд.теңге сомасына «ҚазАзот» АҚ еншісінде»,- деп атап өтті Рашит Тұранұлы.

Биыл мемлекеттік қолдаудың барлық қолданыстағы бағдарламалары бойынша 709 млрд.теңгеден астам қаражат көзделген. Олар: «Қарапайым заттар экономикасы» шеңберінде 290 млрд. теңге; «Бизнестің жол картасы – 2025» аясында 38,8 млрд. теңге. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында құрылыс-монтаждау мен құрылыс жұмыстары объектілері бойынша мемлекеттік сатып алуды талдау бойынша жергілікті қамту үлесі 96%.

«Көрсетілген көрсеткіштер бойынша орталық аппарат тарапына дұрыс ақпарат берілмей келеді. Мәселен, мердігерлер Иран цементін сатып алады, бірақ қазақстандық қамту бойынша есептерде отандық компанияны көрсетеді. Мысалы, СТ-КЗ сертификаты бойынша жергілікті қамту үлесі 100%, ал сапасы мен бағасы бойынша отандық өнімдер Ираннан әкелінген тауардан төмен. Осыған байланысты Кәсіпкерлер палатасы жергілікті әкімдікке құрылыс нысандары бойынша мердігер ұйымдардың барлық ұсынған есептерін егжей-тегжейлі талдау жүргізу бойынша жұмысты бастау ұсынылды. Ал, палата СТ-КЗ сертификатына сәйкес мониторинг жүргізуде және деректерді салыстыруда қолдау көрсетуге дайын»,- деп ой түйіндеді Рашит Мұстапаев.

«Бір көзден сатып алу» тәсілімен сатып алу порталына сәйкес өңір бойынша 135 млрд.теңге сомасына шарт жасалған. Оның ішінде шарттарды тікелей жасасу 43 млрд. теңгені құрады. Тек 1 млрд.теңгеге ғана зияткерлік меншік объектілеріне сатып алу фактісі жүзеге асырылды. Қалған 42 млрд. теңге бойынша сатып алу тәсілін негізсіз таңдау тәуекелі бар 56-сы жүзеге асырылды.

Тікелей шарт жасасу жолымен «бір көзден сатып алу» тәсілдері мен негіздерінің сәйкестігі тұрғысынан сатып алу жоспарларын талдауды қамтамасыз ету қажет.

«Жобалық кеңсенің» отырыстарында «Самұрық-Қазына» және жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларындағы жергілікті қамту үлесі бойынша 6 салаға талдау жүргізу мәселелері бірнеше рет көтерілді. Осыған байланысты «Самұрық-Қазынаның» барлық еншілес компаниялары, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушылар бойынша сатып алулар мониторингін жүргізу кәсіпкерлер палатасы тарапынан ұсынылды. Сондай-ақ, жергілікті қамтуды бақылау жөніндегі комиссия жұмысын жандандыру қажеттігі де айтылды. Мәселен, отандық тауар өндірушілерді қолдау, сатып алулар кезінде шетелдік құрылыс материалдарын отандық өнімге ауыстыру мәселелерін қарау, қабылданатын ұсынымдардың іске асырылуына мониторинг жүргізу, отандық бизнес үшін оң әсерді бағалауды қамтамасыз ету ұсынылды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер