astana-view

Отандық жүк тасымалдаушылар халықаралық нарықта бәсекеге қабілетсіз

2021 жылғы 29 Наурыз
8827 просмотров

Халықаралық қатынаста қазақстандық жүк тасымалдаушылардың үлесі жылдан жылға азайып барады

Соңғы төрт жыл ішінде, нақтырақ айтсақ 2017 жылдан бастап халықаралық қатынаста жүк тасымалдаушыларымыздың үлесі 52 пайыздан 31 пайызға дейін қысқарды. Жүк тасымалы саласының дамуын тежейтін қандай факторлар барын «Атамекен» ҚР ҰКП Логистика және тасымал департамент директоры Мұрат Әмрин айтты.

 2020 жылы көлік-логистикалық жүйе пандемия жағдайында ең осал салалардың бірі болып шықты. Мемлекеттік шекаралардың жабылуы, жүріп-тұруды шектеу ұзын-сонар кептелістерге әкеп соқты, қазақстандық тауар өндірушілердің өндіріс көлемінің төмендеуі, қолдау шараларының жеткіліксіздігі және көлік нарығындағы жоғары бәсекелестік те маңызды факторларға айналды.

 Өткен жыл ішінде автомобиль көлігімен 4,9 млн тонна жүк тасымалданған, соның ішінде экспорт 1,9 млн тонна, импорт – 3 млн тоннаны құраған. Қазақстандық тасымалдаушылар 5 млн тонна жүктің шамамен  1,5 млн тоннасын тасымалдаған.

 «Шетелдік тасымалдаушылар, атап айтқанда Ресей, Беларусь, Польша, Германия, Өзбекстан, Литва, Қырғызстан, Латвия, Түркия тарапынан жоғары бәсекелестікті екерсек, бізде халықаралық қатынаста тасымал көлемі төмендеп барады. 2019 жылдан бері отандық тасымалдаушылар үлесі 7 пайызға құлдыраған. Бәсекелестікке әсер ететін негізгі фактор – парктің құрамы. Қазақстанда халықаралық қатынастарға 15 мың жүк көлігі қамтылған, көліктердің орташа жағдайы бағалау деректері бойынша 20 жыл, демек көліктердің тозығы жетіп, жаңарту қажеттігі өзекті болып отыр», – деді Мұрат Әмрин.

Volvo, SCANIA, Mersedes, DAF сынды ауыр жүк көліктерін жаңартуды тежейтін факторлардың бірі – толық массадағы 12-ден 20 тоннаға дейінгі көлік құралдарына – 3 млн теңге, 20-25 тоннаға дейінгі – 1,6 млн теңге көлемінде утилизациялық алым салу және бастапқы тіркеуге 350 АЕК-ке дейін алымның тағайындалуы.

 «Алымдардың үлкен сомаларын ескерсек, негізінен тасымалдаудың кепілдендірілген көлемідеріне ие ірі компаниялардың парктері жаңартылады, олар саны мен бағасы сай келетін көліктерді еуропалық зауыттардан сатып ала алады», – деді Мұрат Әмрин.

 ҚР Халықаралық автомобиль тасымалдаушылары одағының ақпараты бойынша импорттық алымдар салдарынан отандық тасымалдаушылар 2016 жылдан беру паркті небәрі 756 техника бірлігіне өсірген. Ал паркті жаңартудың жыл сайынғы қажеттілігі 1 мың бірлікті құрайды, осылайша жұмысқа 2,5 мың көлік жүргізушісін тартып, салық түсімдерін 2 млрд теңгеге дейін арттыруға болады.

Қазақстанда IVECO «Stralis» ершікті жүк көлігін құрастыратын, алайда сұраныстың төмендігіне байланысты өндіріс тоқтап қалды. Қазіргі кезде елде КАМАЗ және MAN маркалы көліктерді құрастырады, отандық құрастыруға 3 пайыздан бастап жеңілдікті лизинг бағдарламасы қарастырылған.

Алайда, оларды да халықаралық қатынастарда жүрген көлікшілер қымбат болғандықтан алуға асықпайды. Қазақстан КАМАЗ ресми дистрибьютордың мәліметі бойынша, елімізде құрастырылған КАМАЗ-54901 көлігі 67 мың АҚШ доллары тұрады, ресейлік құрастырылымда 54901 модель 100 мың АҚШ доллары тұрады. Қазақстанда MAN шамамен 93 мың еуро тұрады.

 «Жоғарыда аталған бағалар не ірі бизнестің, не шағын және орта бизнестің қалтасы көтермейді. Олар пайдалану мерзімі 5-7 жыл болған еуропалық сападағы көліктерді сатып алады, ұсталған көліктің орташа бағасы 20 мың еуро. Осы ретте тасымалдаушылар осы мәселемен ҰКП-ға жүгініп, Еуропадан алынған көліктердің жүрісі барына қарамастан, отандық өндірістегі көлікпен сападағы айырмашылық туралы айтады», – деп атап өтті департамент басшысы.

Экологиялық класы Еуро-6 болатын, 2016 жылғы Mersedes және Volvo көліктері Германияда 30 мың еуро тұрады, Калугада құрастырылған жаңа ершікті көліктер 80 мың еуро тұрады, 2020 жылы шығарылған еуропалық сападағы көліктерді сайттарда 65 мың еуроға табуға болады.

Тағы бір проблема – бәсекелестік. Ресейде халықаралық қатынастарға шамамен 34 мың көлік, Беларусьта 15 мың көлік, Польшада 247 мың көлік, Түркияда 69 мың көлік жұмылдырылған, автомобильдердің қолдану мерзімі 10 жылдан аспайды. Бұдан бөлек халықаралық тасымалдарды жоғалту қаупі 2025 жылдан бастап туындайды, Ол кезде Қазақстан каботажды тасымалдарды либерализациялап, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің халықаралық тасымалдаушыларына ішкі нарықта жұмыс істеуге рұқсат береді.

 Жоғарыда аталған елдерде паркті жаңартуды қолдауда сәйкес шаралар қолға алынған. Мысалға Беларусьта Президент жарлығымен 2020 жылдан бастап экологиялық класы 6  болатын көлік құралдары утилизациялық алым және қосымша құн салығынан босатылған. Өзбекстанда министрлер кабинетінің қаулысымен утилизациялық алымнан 2022 жылға дейін босатылғандар:

 -жаңа жүк көліктері (СЭҚ ТН кодтары 8704 22, 8704 23), сонымен қатар жаңа мамандандырылған көлік (СЭҚ ТН кодтары 8705 10, 8705 40, 8705 90);

- қолдану мерзімі 4 жылдан жоғары емес көлік құралдары (еуро-5-тен төмен емес).

Отандық тасымалдаушыларды қолдау және көлік қызметтері нарығында бәсекелестікке қабілеттілікті қамтамасыз ету мақсатында Ұлттық палата келесі шараларды ұсынады:

 - отандық тасымалдаушыларға ұтымды болатын сұранысқа ие еуропалық модельдерді Қазақстанда жинақтау мүмкіндігін қарастыру (жеңілдікті бағдарлама, лизинг және т.б.);

 -утилизациялық алым және бастапқы тіркеу коэффициентін төмендету, соның ішінде Ресей Федерациясындағы шарттарға ұқсас утилизациялық алым коэффициентін көлік түрлері бойынша жіктеу (ершікті автотартпақ, бортты автотартпақ, жүкті өзі түсіретін көлік және т.б.)

 - қолдау шаралары қызметтердегі, яғни тасымалдаудағы жергілікті қамтуға да бағытталуы үшін «өз жүгің – өз көлігің» принципін ескепке алып экспорттық саясатты қайта қарау.

 Сонымен қатар мемлекеттен жеңілдіктер қарастырылған қазақстандық кәсіпорындарға тауарлар мен шикізатты (ипортты) жеткізуге отандық көлік компанияларын міндетті тарту мәселесін талқылау маңызды.

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер