astana-view

Алдағы үш айда мемлекеттік қолдаудың жаңа шаралары күшіне енеді

2021 жылғы 07 Сәуір
15867 просмотров

 «Атамекен» ҰКП-ның белсенді жұмысының нәтижесінде Үкімет экономиканың зардап шеккен салаларындағы шағын және орта бизнес субъектілерін қолдауға арналған шаралардың жаңа пакетін қабылдады

 «Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, шағын және орта бизнесті қолдауға арналған жаңа шараларды әзірледі. Салық және еңбекақы қорынан төлемдерді төлеуді 3 айға кейінге шегеруді енгізу жоспарланған. Бұл жеңілдікті экономиканың зардап шеккен салаларындағы шағын және орта бизнестің өкілдері қолдана алады. Барлығы 118 қызмет түрін құрайтын тізімге пандемиядан қатты зардап шеккен шағын және орта бизнестің өкілдері енген, атап айтқанда – сауда нысандары, көлік, білім беру, қоғамдық тамақтану нысандары, сұлулық салондары және т.б. Сонымен қатар салық және кедендік берешекті күшпен өндіріп алуды 1 шілдеге дейін тоқтата тұру қарастырылуда. Бұл кезеңде өндіріп алу процесі жүргізілмейді», – деді «Атамекен» ҚР ҰКП Атқарушы хатшысы Асқар Қысықов.

 Салықтық әкімшілендіру бөлігінде тауарға жөнелтпе құжат және электронды шот-фактураны рәсімдеу бойынша пилоттық жобаны іске асыру мерзімін 1 шілдеден 1 қазанға ауыстыру қарастырылған.

 «Кәсіпкерлер тарапынан пилоттық жобаға, жүйелерге қатысты шағымдар көп болды, енді пилоттық жобаны іске асыру ұзартылады, ал бөлшек сауда дүкендеріне тауарға жөнелтпе құжатты рәсімдеуге қатысты қойылған талап оңайлатылады. Дүкендерден акцизделетін тауарларды көтерме бағамен жеткізушілерден алынған тауарға жөнелтпе құжатты растау ғана сұралады», – деп атап өтті атқарушы хатшы.

 Сонымен қатар экономиканың зардап шеккен салаларында жұмыс істейтін ШОБ несиелері бойынша субсидиялау кезеңін 2021 жылғы 1 шілдеге дейін ұзарту қарастыруда. Үкімет 93 қызмет түріне, демек, шамамен 6,6 мың кәсіпкерге қолдау көрсетуді жоспарлауда.  

 Сондай-ақ несиелер бойынша төлемдерді кейінге шереу механизмі әзірленді.

 «Кейінге шегеруді 30 күннен 90 күнге дейінге мерзімге пайдалануға болады. Төлем сомасы: бүкіл кезеңге бірақ немесе несие мерзімін ұзарту есебінен қарыз алушының қалауы бойынша бөлінетін болады. Төлемдерді кейінге шегеру механизмі 2020 жылы қолданылған шегерімге ұқсас іске асырылады. Қызметтің 346 түрі бойынша микро және шағын бизнес субъектілері өтініш беру негізінде осы жеңілдікті қолдана алады. Орта бизнес өкілдері енгізілген карантиндік шаралар салдарынан қаржылық жағдайдың нашарлағанын растайтын құжаттар мен өтінішті беруге міндеттенеді», – деді Асқар Қысықов.

 Бұл ақпарат бүгін Экономикалық өсуді қалпына келтіру жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында айтылды. ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин сәйкес заңнамалық түзетулерді 12 сәуірге дейін Үкіметке жолдауды тапсырды.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер