astana-view

«Бастау Бизнес» жобасы 26 сәуірде басталады

2021 жылғы 09 Сәуір
18483 просмотров

 «Атамекен» ҰКП 26 сәуірде «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқу курсын бастайды. 19 сәуірден бастап оқуға өтінім қабылданады

 Бағдарламаға жұмыссыз азаматтар (жұмыспен қамту орталықтарында тіркелуіне қарамастан), сондай-ақ ел Үкіметімен белгіленген азаматтардың жекелеген санаттары қатыса алады.

Оларға ауылдық елді мекендер, қалалар, оның ішінде моно және кіші қалаларда тұратын адамдар; егер медициналық қорытынды бойынша денсаулығы еңбек міндеттерін орындауға кедергі келтірмесе не олардың денсаулығына және басқа адамдардың еңбек қауіпсіздігіне зиян келтірмеген жағдайда мүгедектер; зейнеткерлік жасқа жетпеген елу жастан асқан адамдар; сондай-ақ NEET санатындағы жастар; табысы аз және/немесе көпбалалы отбасылардың мүшелері; қоныс аударушылар және қандастар;  ауыл шаруашылығы кооперативтері және олардың «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының 1-тармағында белгіленген зейнеткерлік жасқа жетпеген мүшелері жатады.

 Кәсіпкерлік негіздеріне оқуға ынта білдірушілер жұмыспен қамту орталықтарына жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін қоса бере отырып, оқудан өту туралы өтінішпен жүгінуі тиіс. Халықты жұмыспен қамту орталықтары үміткердің мәртебесін жобаның нысаналы тобына сәйкестігі расталған жағдайда оқуға жолдама береді.

Үміткер оқуға жолдамамен «Атамекен» ӨКП немесе оның аудандық және қалалық филиалдарына кеңес алуға жүгінеді. Өтініш беруші https://atameken.co сайтына электрондық-цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы тіркеле алады.  

 Оқу мерзімі – 21 күннен аспайды. Оқу қорытындысы бойынша сертификат беріледі.

 Коронавирусты жұқтыру қаупін төмендету мақсатында оқу «Atameken Academy» онлайн-платформасы арқылы қашықтан жүргізіледі.

 Толық ақпарат алу үшін тұрғылықты жер бойынша Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына жүгінуге болады.

 Биыл «Бастау Бизнес» жобасына 5 жыл толады. Жобаны «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2107-2021 жылдарға арналған бағдарламасы шеңберінде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жүзеге асырып жатыр.

 Осы жылдар ішінде бизнес негіздеріне 150 мың қазақстандық оқып шықты, олар бүкіл ел ауқымында 40 мың бизнес-жобаны іске асырды. «Бастау Бизнестің» әрбір үшінші түлегі жеке кәсібін ашты. Бұдан бөлек, жобаға қатысушылар 60 мыңға жуық жұмыс орнын құрып, шамамен 1,4 млрд теңге салық төлеген.

 Қазақстанның түкпір-түкпір «Бастау Бизнес» жобасының түлектері тегін, бастысы қолжетімді білім алып, жеке кәсіп ашып, табыс табуға мүмкіндік алды. Алда талай жоспар бар.

2021 жылы «Бастау Бизнес» жобасына жаңа серпін берілмек. «Атамекен» ауыл кәсіпкерлігіне оқытып қана қоймай, сондай-ақ жобаларды қаржыландырып, сүйемелдеу көрсететін болады. Бұл мақсатқа ел ауқымында 15 микроқаржы ұйымы құрылады, жеңілдікпен несиелеуге алғаш рет 22 млрд теңге бөлінбек.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер