astana-view

Бір аптадан кейін Аshyq жобасына 5 мың кәсіпкерлік нысан қосылады

2021 жылғы 27 Сәуір
10387 просмотров

Ashyq жобасына қатысушылардың саны 5 мамырға дейін 5 мыңға дейін өсуі мүмкін. Бұл туралы Үкімет отырысында «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов айтты

Кешегі мәліметке қарағанда жобаға 1658 кәсіпкерлік субъекті қатысып отыр. 670 тағы қосымша өтініш келіп түсті.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, кәсіпкерлердің жұмысын тоқтатпай, яғни локдаунға жібермей жұмысын сақтап қалу мақсаты қойылған. Сол тұрғыдан Ashyq цифрлық-бақылау жүйесі іске асырылып отыр. Кешегі мәліметке қарағанда 1658 кәсіпкерлік субъекті қатысып отыр. 670 тағы қосымша өтініш келіп түсті. 26 сәуірден бастап Үкіметтің шешіміне сәйкес бұл жоба барлық өңірге таратылды. Біздің есеп бойынша қазір 5 мыңға жуық кәсіпкер қатысу үшін өтініш білдіріп отыр. Егер өңірлерді қарасақ, Алматы, Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Талдықорған, Ақтөбе Тараз қалаларында жақсы дамып келе жатыр. Енді барлық өңір осыған келе жатыр», - деді Абылай Мырзахметов.

Басқарма төрағасының айтуынша, кәсіпкерлерге Ashyq-қа қосылуды үйрету үшін инфографика, видеодеректер дайындалған.

«Яғни қызығушылық танытқан барлық кәсіпкер инфографика бойынша Ashyq мобильді қосымшасын қалай енгізуге болады – соның бәрі күнделікті кәсіпкерлерге керекті мәліметтің бәрі беріліп отыр. Қызығушылық жоғары», - деді ол.

Бір жылдан астам уақыт бойы көптеген кәсіпкерлік түрі жұмысын тоқтатты. Соның ішінде, кинотеатрлар мен театрлар. Қазір Ashyq-тың арқасында өңірлерде 48 кинотеатр жұмысын бастады. Оның ішінде алда келе жатқан Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары.

«Елордада Астана балет, Астана опера театрлары мен Ashyq-тың алгоритмдері ықшамдалды. Бұл алгоритм енді барлық облыс орталықтарындағы театрларға да таратылады. Соның арқасында біздің көрермендерге кинотеатрлар мен театрлардың жұмысы артады деп сенім артамыз», - деді Басқарма төрағасы.

Абылай Мырзахметов тағы Ashyq-қа қосыламын деген бизнес түрлері көп екенін атап өтті.

«Оның ішінде балалар демалыс лагерлері, балалар демалыс сауықтыру орталықтары, көрмелер, үлкен сауда орталықтарындағы фудкорттар, ЖОО, фитнес орталықтары, оның ішінде топпен айналысатын түрлі спорт секциясы дайын. Сондықтан тапсырма берсеңіз, осы кәсіп түрлерін Ashyq-қа енгізіп, әрі қарай да дамуына жол ашуды қалаймыз», - деді ол.

Сондай-ақ Басқарма төрағасы өңірдегі санитар дәрігерлерді осы жұмыстың түсіндірілуіне белсене қатысуды шақырды.

«Ерікті түрде де Ashyq-қа қосыламын деген кәсіпкерлер де өтінішін білдіріп отыр. Бұларға «қызыл», «сары» аймақтарда жұмыс істеуге болады. Бұл ешқандай жеңілдік берілмейді. Бірақ бұларға өзінің қауіпсіздігін сақтауға мүмкіндік ашады. Қонақүйлер, ХҚКО, банктер, ірі мекемелер, мемлекеттік органдар қатысып, Ashyq-қа қызығушылық танытып отыр», - деп түйіндеді сөзін Абылай Мырзахметов.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер