astana-view

Елордалық автопарктерге бөлінетін субсидиялау көлемі артты

2021 жылғы 29 Сәуір
- Астана қаласы
6353 просмотров

Нұр-Сұлтан қаласы Кәсіпкерлер палатасының әлеуметтік маңызы бар маршуттар бойынша есептік тарифтерді өзгерту туралы ұсынысы Субсидиялауға жататын қалалық және қала маңындағы автомобиль қатынастарына тарифтерді қарау жөніндегі комиссия тарапынан қолдау тапты.

 Нұр-Сұлтан қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Алмат Жүнісов 2020 жылы пандемия автобус парктері жұмысына кері әсер еткенін айтты, өйткені індеттің таралуын алдын алу үшін қалада жолаушылар тасымалын тоқтату және жұмыс уақыты шектеу шарасы енгізілді.

 «Шектеу енгізілген соң жолаушылар ағыны 66 пайызға азайды. Статистика комитетінің мәліметтеріне сәйкес, Нұр-Сұлтан қаласында 2020 жылдың қаңтар-шілде аралығында 569 073,36 мың адам тасымалданған, ал 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1 275 898,38 мың жолаушы болған. Сәйкесінше, автобуспен жүруге тыйым салу осы саладағы барлық компанияның қаржылық жағдайын қиындатып жіберді, операциялық шығындарға жүктеме артты, соның ішінде санитарлық нормалардың сақталуын қамтамасыз ететін қосымша шығындар және автобустарды күніне үш рет залалсыздандыру шаралары да жасалды. Сондай-ақ, көлік парктері көп автобусты жөндей алмай жатыр, қосалқы бөлшектердің бағасы едәуір өсті», – дейді Алмат Жүнісов.

 Осы  жылдың наурыз айында Нұр-Сұлтан қаласы Кәсіпкерлер палатасының алаңында аталған мәселе бойынша қалалық мәслихат депутаттарының отырысы өтті, онда банкроттықты уақтылы алдын-алу және әлеуметтік тұрақтылықты сақтау үшін қалалық және қала маңындағы жолаушылар тасымалын субсидиялау ставкаларын арттыру бойынша есептеулер ұсынылды.

 «Атқарылған жұмыс нәтижесінде Комиссия мүшелерінің ұсынымдары бойынша елордадағы 4 автопаркі: «№3 Sk. Автобус паркі» ЖШС, «Астананың №4 автобус паркі» ЖШС, «№4 Автопарк» ЖШС, «№1 Автобус паркі» АҚ қызмет көрсететін әлеуметтік маңызы бар маршруттар бойынша есептік тарифтерге өзгерістер бекітілді. Орташа есептік тариф 24 пайызға өсті. Бұл шара автопарктер жұмысын оңтайландырып, қызметкерлерге еңбекақыны сақтауға, жөндеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді. Субсидиялау ставкаларын барлық автобус парктеріне тарату қажет деп санаймыз. Осы бағытта жұмыс істеуіміз керек», – деді ӨКП директорының орынбасары Бейсен Жолболдиев.

Айта кетелік, елордадағы автопарктердің жолаушылар тасымалына есептік тарифтер соңғы рет 2018 жылдың мамырында бекітілген.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер