astana-view

Ауылда жылыжай ашқан кәсіпкер енді көкөністерді консервілеуді қолға алмақ

2021 жылғы 30 Сәуір
- Павлодар облысы
6112 просмотров

Аққулы ауданының тұрғыны Мадина Ибраева 2020 жылы «Бастау» жобасымен оқуға қатысып, жылыжай ашу бойынша бизнес-жоспарды қорғап шықты.

«Қарақала ауылының тұрғыны Мадина Ибраева бастауыш кәсіпкерлерді қолдау бойынша мемлекеттік бағдарламларға қатысты кеңес алу үшін Кәсіпкерлер палатасы көмегіне жүгінген. Оның мақсаты – отбасылық бизнес ашу болды. Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының менеджері «Бастау» бизнес жобасымен оқуға қатысуды ұсынды», – деді ӨКП Аққулы аудандық филиалының директоры Дастан Бейсенбаев.  

Бұл кәсіп түрін шынымен отбасылық деп атауға болады. Кәсіпкерге жолдасы Александр жан-жақты көмектесіп жатыр.

«Отбасымызбен кеңесіп, жеке кәсіп бастау бойынша шешім қабылдадық. Жылыжайға таңдау жасадық. Еңбегіміздің нәтижесін көріп, келешкке жоспар құрып та қойдық. Қазіргі кезде жылыжайда шалғам, салат жапырағы пісті, жуық арада қияр, қызанақ піседі», – дейді кәсіпкер әйел.

 Отбасы мүшелері жылыжай салып, сүйікті кәсіппен қуана айналысып жүр.

 «Кәсіпкерлер палатасы мониторинг тобы құрамына кірген. Мониторинг тобы «Бастау» түлектері іске асырып жатқан жобалардың дамуын қадағалауда. Топ мүшелері Мадина мен Александардың еңбекке беріліп, отбасылық бизнесті дөңгелету қарқынына тәнті болды», – деп атап өтті Дастан Бейсенбаев.

Мадина Ибраеваның айтуынша, оның өнімдерін көршілері мен ауылдастары сатып алады. Болашақта кәсіпкер көкөністерді консервілеуді бастауды жоспарлап отыр.

«Елімізде кәсіпті жаңа бастаған кәсіпкерлерге арналған мемлекеттік бағдарламаларға қолдау бар екеніне өте қуаныштымын. Жақсы демеу деп «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының көмегін айтуға болады, сондай-ақ, біздің өңірде бизнесті дамытуға бар күш-жігерін салып жатқан Жұмыспен қамту орталығын да атап өткен жөн», – дейді Мадина Ибраева.

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер