astana-view

Бастау Бизнес: Нұр-Сұлтан қаласында екінші лекке өтінім қабылдау аяқталды!

2021 жылғы 17 Мамыр
- Астана қаласы
7142 просмотров

Нұр-Сұлтан қаласында «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқудың екінші легіне өтінім қабылдау аяқталды. Бүгін түскі уақытқа дейін жоспарланған 350 орынға 400-ге жуық өтінім қабылданды.
Бүгін, 17 мамырда Нұр-Сұлтан қаласында «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздеріне оқытудың екінші легіне тіркеу басталды. Қатысам деушілердің саны көптігіне байланысты жоспарланған 350 орынға өтінім саны лезде толып кетті.

«Қазіргі кезде өтінім қабылдау тоқтатылды. Барлық қатысам деуші азаматтар 2021 жылы 14 маусымда басталатын келесі лекке тіркеле алады», – деп хабарлады Нұр-Сұлтан қаласы ӨКП директорының орынбасары Бейсен Жолболдиев.

Айта кетейік, бүгін таңертеңнен бастап қала тұрғындары Өңірлік кәсіпкерлер палатасының кеңсесіне оқуға түсуге ниет білдіріп жиналды. Бұл азаматтар  әртүрлі себептермен онлайн режимде өтінім бере алмаған, сондықтан олар Палатаға келіп, көмек сұрады.

«Палатаға келген азаматтардан оқуға өтінім қабылдау аяқталғанына қатысты шағымдар түсті. Осыған дейін біз тіркеу таңғы сағат 6 немесе 8-де емес, 9:00-де басталатынын бірнеше рет хабарладық. Сонымен қатар бүгін адам санының көптігіне байланысты жүйеде техникалық ақаулар орын алып, бір сағат ішінде ретке келтірілді. Азаматтарға онлайн-тіркеуден өтуге Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының 12 менеджері көмектесті. Оқуға тіркелуге келген азаматтардың көбінде электронды цифрлық қолтаңбасы болмаған немесе жарамдылық мерзімі өткен болып шықты. Сондықтан мамандарымыз оларға ЭЦҚ-ны қайта алуға көмектесіп, кейін оқуға тіркеуге мәжбүр болды», – деді  Бейсен Жолболдиев. 

Оның айтуынша, онлайн оқу секілді онлайн тіркеу шарасы коронавирустың таралуына жол бермеуге байланысты карантин шараларын ұстану үшін қолға алынған.

Екінші лекке тіркеле алмай қалған азаматтардың алдағы 3 лекке тіркелуіне мүмкіндігі бар.  Халықты жұмыспен қамту орталығы берген жолдама 30 күнге жарамды.  

 «Биыл алты лек бойынша 1200 адамды оқыту жоспарланған (үшінші лекке тіркеу 14 маусым, IV лек –12 шілде, V лек – 9 тамыз, VI лек – 6 қыркүйектен бастап тіркеу жүргізіледі), оқу қыркүйек айына дейін жалғасады», – деді Бейсен Жолболдиев.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер