astana-view

Шаруалар су тарифінің негізсіз көтерілгеніне шағымданды

2021 жылғы 02 Маусым
2342 просмотров

Қазақстандық шаруалар су тарифін халықтың пікірі ескерілмей бірнеше есе көтерілгеніне шағымданды. «Атамекен» ҰКП елдегі шаруалардың уәжін Су ресурстары  комитеті «Қазсушар» РМК өкілдеріне жеткізді. Нәтижесінде бүгін мемлекеттік орган мен кәсіпкерлер мәселені онлайн талқылады.

Еске салайық, 1 мамырдан бастап елімізде су тарифі 2,5-3 есе өсті.

Осындай өзгерістен кейін кәсіпкер шаруалар Ұлттық палатаға жүгінді.

«Бізге көптеген шаруа шағымданып жатыр. Үнемделетін тарифтердің қаржысы қайда пайдаланылады. Бұл ақша қай салаға жұмсалады? Неге баға бірден бірнеше есеге көтерілді және неліктен әр өңірдің ерекшелігі ескерілмеген? Осындай сұрақтар туындап жатыр», - деді «Атамекен» ҰКП Агроөнеркәсіп кешені және тамақ өнеркәсібі департаментінің директоры  Ербол Есенеев.

Сондай-ақ Алматы облысы Панфилов ауданында ірі шаруа қожалықтың басшысы Тасқын Жапарқұлдың айтуынша, мемлекеттік орган су тарифін көтерген кезде өңір ерекшелігіне, шаруашылықтың суармалы жерінің аумағына және басқа да себептер ескерілмеген.

«Тарифті неге бірден қымбаттатты? Жылда тамыз айында қымбаттайтын. Сосын әр өңірде түрлі жағдай. Бәріне бірдей шешім шығаруға болмайды. Тіпті әр өңірдің аудандарында түрлі тариф болады. Алдымен әр облысты тыңдап, содан кейін реттеу керек еді. Тарифті бұрынғы қалпына келтіру керек. Қоғамдық талқылауға салу керек. Біз Бас прокуратураға шағымдандық. Мұндай шешіммен келіспейміз», - деді шаруа басшысы.

Ал ҚР Экология, геология және табиғи ресурстр министрлігі Су ресурстары комитеті «Қазсушар» РМК Тариф белгілеу бөлімінің бастығы Айгүл Сұлтанова су бағасының қымбаттауына жұмысшылардың жалақысын көтеру, арналарды тазарту, сондай-ақ банктен осы сала үшін алынған қарызды өтеу себеп болғанын алға тартты.

«Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін қызмет бойынша арналар арқылы берілетін тариф бекітілді. Судың бір куб метрі үшін баға ҚҚС-сыз 0, 376 теңгеден ҚҚС-сыз 0,660 теңгеге дейін көтерілді. Тариф қызметкерлердің жалақысын көтеру, эксплуатация жақсы деңгейде болуы үшін, каналдарды тазарту және жөндеу, сондай-ақ Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында Алматы облысы Қарасай ауданында суармалы жерді 5 мың га дейін ұлғайту үшін жоғарылатылды. Сонымен қатар Еуразия даму банкі мен Ислам даму банкінен қаржы алынды. Осы қарызды қайтару да тарифке сәйкес орындалады. Сәйкесінше нақты тариф деңгейіне қол жеткізу үшін тариф жоғарылады», - деді ол.

Алайда өңірдегі шаруалар мұндай өзгеріске келіспейді. Өйткені шаруашылықтың шығыны көбейген соң алатын өнімді де қымбаттатуға тура келеді. Салдарынан азық-түлік бағасы өседі, әлеуметтік проблема туындайды.

«Қызылордада онсыз су тапшы. Жоқ судың құнын көтеріпсіз. Мұны ақылдаспай шешуге болмайды. Себебі ертең шөп бағасы, мал бағасы, ауыл шаруашылық өнімдері, ет, азық-түлік қымбаттайды. Салдарынан әлеуметтік мәселе туындайды», - деді Қызылорда өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымжан Жақсылықов.

Мемлекеттік орган өкілдері шаруалардың шағымын тыңдап, жиын соңында тарифті көтеру мәселесін қайта талқылау келісілді.

«Иә, толығымен келісемін. Біз бәрін түсініп отырмыз. Мемлекеттік орган болған соң заң аясында орындап отырмыз. Тариф саясатына сәйкес жүргізілді. Сондықтан бұл мәселені тағы қараймыз және басқа да сұрақтарды талқылаймыз», - деп уәде етті Экология, геология және табиғи ресурстр министрлігі Су ресурстары комитеті  төрағасының орынбасары Досбол Бекмағамбетов.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер