astana-view

«Атамекен» атынан грант ұсынған алаяқтармен полиция айналысады

2021 жылғы 11 Маусым
3056 просмотров

Алаяқтар қазақстандықтарға бизнес дамыту үшін грант ұсынып, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы атынан хабарласуын доғармай отыр. Палата азаматтардың шағымын полицияға жеткізді. Мамырда 1432 байланыс орталығына 112 азамат шағым түсірсе, маусымның алғашқы он күнінде 50-ден асты.

Алаяқтар алдау жолдарын үнемі өзгертіп отырады. Олар халықтың сеніміне кіру үшін Палатаның мекенжайын айтып, бас кеңсеге шақыра бастаған.

«Сәлеметсіз бе, сіз грант ұтып алдыңыз. Кеңсемізге келіңіз», - деген алаяқтар Палатаның мекенжайын нұсқайды.

Олар грант ақшасын жіберу үшін азаматтардан банктегі несиесін жабуды сұрайды. Себебі ұтысты алу үшін несиелік қарыз болмау керек деп түсіндіреді. Әдетте қазақстандықтардың банктегі борышы грант сомасынан аса көп болмайды.

«Атамекен» ҰКП Комплаенс-бақылау департаментінің сарапшысы Айдар Нұрхан алаяқтарға шағым жасағандардың арасында Ұлттық палатаға ешқашан жүгінбеген азаматтар барын атап өтті.

«Сауалнама жүргіздік. Шағым жасағандардың көпшілігі Ұлттық кәсіпкерлер палатасынан хабарласқанын айтты. Олар «Бастаудан» ұтқан грант ақшасын, атаулы әлеуметтік көмекті жіберу үшін «Қазпошта» АҚ немесе екінші деңгейлі банкте шот болу керегін ескерткен. Бұл жерде айта кету керек, шағым жасағандардың арасында Ұлттық палатаға ешқашан жүгінбеген азаматтар бар. Палатамен ешқанан байланыспаған», - деді ол.

Оның айтуынша, шағым жасағандармен сөйлескеннен кейін мынадай ортақ дерек шыққан: олардың бәрінде екінші деңгейлі банкте төленбей қалған несие бар екен.

«Олардың есепшоты бұғатталған және олар екі коллекторлық компанияның қарауында жатқаны белгілі болды. Ал кез келген банкте шот ашу үшін борышкер қарызын жабу керек. Себебі есепшот бұғатталған болса, басқа банктен шот ашу мүмкін емес. Осындай жағдайлар көбейгеннен кейін «Атамекен» ҰКП барлық мәліметті құқыққорғау органдарына жіберді», - деді Айдар Нұрхан.

Айта кетейік, осы жылы «Бастау Бизнес» жобасына өтінім қабылдау басталған кезде алаяқтар қазақстандықтарға грант ұтқанын және оның ақшасын жіберу үшін банктегі есепшоты мен жеке деректері керегін айтып алдаған. Я болмаса ақшаны «Қазпошта» арқылы жібереміз дей отырып, «жеңімпаздың» барлық жеке дерегін білуге тырысқан. Әдетте, олар айтатын «ұтыс» сомасы 500 мың теңгеден бастап 1 миллион теңгеге дейін жетеді.

Тағы ескерте кетейік, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Бастау Бизнес» жобасына қатысушыларға курс ұсынып, бизнес-жобасын сүйемелдеуге көмектеседі. Ал грант ұсыну, ақша беру – Палатаның құзыретіне кірмейді.

Сондықтан қазақстандықтарға сақ болып, мұндай қоңырау түссе, бірден құқыққорғау органдарына хабарласуын және бөгде адамдарға жеке деректері мен есепшоттарын бермеуді сұраймыз. Егер мұндай жағдайға тап болсаңыз, 1432 бірыңғай call-орталығына хабарласуыңызға болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер