astana-view

«Бастау» түлегі құмда жылыжай салып, қияр өсіруде

2021 жылғы 17 Маусым
- Жамбыл облысы
2839 просмотров

Жамбыл облысындағы ең шалғай Мойынқұм ауданының тұрғыны Исағали Жұмағанбетов жылыжай салып, кәсіптің жаңа түріне ден қойды. Ол, ауа райы ыстық, жер қыртысы шөлейіт пен құм болса да мемлекеттің көмегіне қол жеткізіп, қияр өсірумен айналысуда.

Мойынқұм ауданының табиғаты мал шаруашылығы үшін қолайлы аймақ. Алайда ата кәсіптен бөлек мұнда ауыл шаруашылығымен де айналысушылардың қатары артып келеді. Исағали Жұмағанбетов ең алдымен аудандық кәсіпкерлер палатасына көмекке жүгінген. Ауыл тұрғыны Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасының» 2-бағыты "Бастау" жобасына қатысып, нәтижесінде 583 400 теңгені құрайтын қайтарымсыз грантқа ие болған.

Жылыжай шаруашылығын қолға алған ол қазіргі таңда жылыжайда қияр өсірумен айналысады.

Бүгінде халық жылыжай салу арқылы төрт маусымда да қажетті көкөніс алуға бейімделген. Ал жылыжай салу кез-келгеннің қолынан келе бермейтіні анық.

"Бұл кәсіп үнемі күтімді талап етеді. Құмын қопсытып, суарып, қалыпты температураны сақтап отыру қажет. Табыс жаман емес. Ауыл тұрғындарына қиярдың 1 келісін 200 теңгеге сатып отырмын. Алдағы уақытта жылыжайды үлкейтіп қызынақ егуді жоспарлап отырмын", -дейді кәсіптен нәсіп тапқан Исағали Жұмағанбетов.

Жалпы, Жамбыл облысы бойынша 66 шаруашылықта көлемі 34,6 гектарды құрайтын жылыжайлар бар. 2021 жылы І-кезеңінде оның 14,1636 гектар алқапқабына көкөніс, дәмдеуіш шөптер және құлпынай отырғызылды. Бүгінге дейін 385.1 тонна қияр, 108.6 тонна қызанақ және 88,8 тонна дәмдеуіш шөптермен құлпынай жиналып, өнімдер Тараз, Алматы және Астана қалаларының тұтынушыларына жеткізіледі.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер