astana-view

ШҚО-да мобильді топ жол бойындағы кафе иесінің мәселесін жедел шешті

2021 жылғы 13 Қыркүйек
- Шығыс Қазақстан облысы
5155 просмотров

Мобильді топ мүшелерінің жедел және үйлесімді іс-әрекетінің арқасында Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха ауданында жол бойындағы кафе иесінің құқығы қорғалды. Аудан прокуроры мен ШҚО ӨКП филиалының директоры бизнес ханымның өтінішіне дереу әрекет етіп, мәселені шешті.

 Қыркүйектің басында жеке кәсіпкер Маргарита Шипулина Шемонаиха ауданының прокуратурасы жанындағы кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі мобильді топ және ШҚО Кәсіпкерлер палатасының Шемонаиха ауданының филиалының көмегіне жүгінді. Кәсіпкер ҚР ҰҚК Шекара қызметі қызметкерлерінің заңсыз іс-әрекеттері мәселесі бойынша құқықтық көмек көрсетуді сұрады. Шекарашылар кәсіпкерге  тиесілі «Фортуна» кафесінің маңында мобильді бөлімшені ашып, осылайша кәсіпкерлік қызмет үшін қолайсыз жағдай жасады.

 «31 тамызда жол бойында, кафеден 15-20 метр жерде шекара қызметінің өкілдері тұратын металл тұрғын вагонның орналасқанын көрдім. Олар жолда кетіп бара жатқан көліктерді тоқтатып, төлқұжат бақылауын жүргізеді. Осы аралықта адам көп жиналады. Осының бәрі кафе аумағында болады, адамдар қатты шулайды, бейәдеп сөз айтады, темекі тұқылы мен басқа да қоқысты оңды-солды тастайды, кафе клиенттеріне ғана арналған дәретханаға барады», – деді Маргарита Шипулина.

Осындай жағдайға, у-шуға қарап, жолаушылар «Фортуна» кафесіне тоқтамай, басқа тыныш, тазалау жерде тамақтанып, демалғысы келеді.

 Бұл іске Шемонаиха ауданының прокуроры Дәулет Кенжебеков және ШҚО Кәсіпкерлер палатасы Шемонаиха ауданының филиалының директоры Денис Яковенко кірісті. Кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі мобильді топ осы мәселемен Өскемен гарнизонының әскери прокуратурасына жүгінді. Сол жерден ШҚО бойынша Шекара қызметі департаментіне тиісті хат жолданды. Ең қысқа мерзімде жағдай кәсіпкердің пайдасына шешілді – мобильді пункт басқа жаққа көшірілді.

 «Бизнесімді сақтап, құқығым мен заңды мүддемді қорғауға көрсеткен көмегі үшін прокурор Дәулет Кенжебеков пен «Атамекен» ӨКП өкілі Денис Яковенкоға зор алғысымды білдіргім келеді! Мобильді топтың жедел және үйлесімді іс-қимылының нәтижесінде маған уақтылы және білікті көмек көрсетілді. Менің құқығым толық көлемде қорғалды», – деді Маргарита Шипулина.

 Осыдан бір жыл бұрын тура осындай жағдай Өскемен қаласында орын алған. Кәсіпкер Сара Сүлейменованың жол бойындағы кафесі жанында бұрын болмаған автобус аялдамасының белгісін орнатқан. Салдарынан клиенттер легі азайған. Мәселе қалалық проуратура және ШҚО ӨКП Кәсіпкерлер құқығын қорғау кеңесінің араласуынан кейін шешілді.

 Құрметті кәсіпкерлер, Шығыс Қазақстан облысының әр ауданы және қаласында прокуратура органдары мен ШҚО Кәсіпкерлер палатасының өкілдіктері барын, сізді мемлекеттік органдар өкілдерінің заңсыз әрекеттерінен қорғауға дайын кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі мобильді топтар жұмыс істейтінін еске саламыз. Анықтама ақпарат: 8 (7232) 742-104.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер