astana-view

«Атамекен» ҰКП: Құрылысшылар мемлекеттік жобалар бойынша сметаларды қайта қарау құқығына ие болды

2021 жылғы 28 Қыркүйек
6164 просмотров

 Әділет министрлігі құрылыс жобаларына түзетулер енгізу туралы №507 бұйрықты тіркеді.

 «Осы түзетулерді қабылдау құрылыс материалдары бағасының өзгеруіне байланысты оның құны 10%-дан асып кетсе мердігер ұйымдардың сметаны қайта қарау құқығын қарастырады. Бұл түзетулерді бүкіл сала күтті. Көрсетілген көмек үшін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Әділет министрлігіне алғыс айтқым келеді», – деп атап өтті «Атамекен» ҰКП Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комитетінің төрағасы Александр Белович.

фото: ҰКП мұрағаты

 Биыл мердігер ұйымдар көктемде негізгі құрылыс материалдар бағасының өсуіне байланысты құрылыстың қымбаттауы проблемасына тап болды. Құрылыс маусымының басында негізгі капиталды қажет ететін құрылыс материалдары бағасы 15-тен 140%-ға дейін өсті. Металпрокат өнімдеріне баға күрт өсті. Мәселен, 2020 жылдың наурыз-сәуірімен салыстырғанда 1 тонна арматураның құны 198 000 теңгеден 430 000-480 000 теңгеге өсіп, бірден 142%-ға көтерілді. Сондай-ақ, М-400 маркалы цемент (60%), бетон (14%), кірпіш (46%), қадалар (63%), битум  (44%), газоблок (59%) және басқаларға баға айтарлықтай өсті.

 «Атамекен» ҰКП және бизнес-қауымдастықтың бірлесуімен Үкімет деңгейінде құрылыстың қымбаттауы мәселесін қарауға бастама жасалды. Бюджет қаражатынан қаржыландырылатын құрылыс жобаларына түзету жүргізу жөніндегі ұсыныстар мақұлданды. Уәкілетті орган Ұлттық палата және салалық қауымдастықтармен бірлесіп, жобаларды жедел түзету алгоритмін әзірледі. 642 жоба бойынша құрылыс құнын түзету рәсімін жүргізуге бастамашылық жасалды.

 Түзету кезінде жобалау ұйымдары мен тапсырыс берушілер құрылыс материалдары құнының қымбаттауы кезінде жоба құнына түзетуге рұқсат ететін заңнамада құқықтық негіздердің болмауына тап болды.

Түзетулер енгізілгенге дейін жобаның құнын түзетуге жоба құнының 10%-ға және одан да көп қымбаттауына әкеп соққан жобаның техникалық параметрлеріне өзгерістер енгізілген кезде ғана жол берілді.

 «Салалық қауымдастықтармен бірлесіп, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мемлекеттік тапсырыс шеңберінде іске асырылып жатқан құрылыс жобаларына түзету енгізу қамтамасыз ету бойынша үлкен жұмыс атқарды. Түзетулерді қабылдау мәселенің құқықтық аспектісін шешті. Бірақ қажетті қаржы қаражатын қосымша бөлу мәселесі ашық күйінде қалып отыр», – деп атап өтті «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Талғат Темірханов.

фото: ҰКП мұрағаты

 Айта кетейік, жоғарыда аталған түзетулердің қабылдануы бүгінде жүргізіліп жатқан құрылыс жобаларын түзету рәсімінің проблемаларын ғана емес, жалпы құрылыс бизнесі көтеріп отырған бірқатар проблеманы шешуге мүмкіндік береді.

 Осылайша құрылыс компаниялары құрылыс материалдардың сметалық бағалары нарық бағаларына сәйкес келмеуі мәселесін бірнеше рет көтерген. Проблема қолданыстағы бюджеттік жоспарлау жүйесінің жетілмегені және бекітілген жобалардың уақтылы іске асырылмауы себепті туындады. Жобалау құжаттамасы бекітілген сәттен бастап оны іске асыру үшін бюджеттен қаражат бөлінген сәтке дейін 12 айдан 36 айға дейін өтуі мүмкін. Жобаны іске асыру кезінде нарықтық және жинақтарға салынған бағалар жобалау құжаттамасында салынған бағалардан бірнеше есе артуы мүмкін.

 ҰКП мамандары қабылданған түзетулер елдегі құрылыс саласының дамуына оң әсер етеді деп санайды.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер