astana-view

«Атамекен» шағын және орта бизнесті дамыту стратегиясын әзірлейді

2021 жылғы 28 Қыркүйек
6514 просмотров

Мемлекет басшысы бүгін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының сегізінші съезіне қатысып, бірқатар тапсырма берді. Съезге премьер-министр Асқар Мамин, Үкімет мүшелері, Мәжіліс депутаттары, өңірлердің әкімдері және ҰКП-да аккредиттелген қауымдастықтар мен «Атамекен» өңірлік кеңестерінің өкілдері – 373 делегат қатысты.

Қазіргі шектеулерге байланысты съезд электронды дауыс беруді пайдалана отырып, онлайн форматта өтті. Съезді Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ашты. Мемлекет басшысы шағын және орта бизнесті дамыту мен нығайту елдің басты басымдығы екенін атап өтті. Онсыз мемлекет тұрақты дамымайды.

«Атамекен» ұлттық палатасы – бұл үдерісте көшбасшы. Үкіметпен бірлескен, үйлестірілген жұмыс қажет. Негізінде, мұндай жұмыс басталып та кетті. Болашақта бізді осы салада айтарлықтай жетістіктер күтіп тұр деп ойлаймын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент бизнес пен Үкіметтің маңызды міндеттерін белгіледі. Оның айтуынша, елімізге жаңа реттеуші саясат, цифрлық кәсіпкерлік экожүйе, қазақстандық өніммен қамтуды дамыту, салық режимдерін жетілдіру, көміртегі бейтараптығына қолжеткізу курсы қажет. Мемлекет басшысы Үкіметке «Атамекенмен» бірлесіп, бизнесті тікелей, қолдау мен субсидиялаудан неғұрлым нарықтық құралдар мен тәсілдерге көшуді көздейтін ШОБ-ты дамытудың жаңа стратегиясын әзірлеуді тапсырды.

«ШОБ санының жалпы өсуіне қарамастан, орта компаниялардың үлесі төмен болып тұрғаны бұрыннан бар және әлі шешілмеген проблема болып тұр. Дәл орта компаниялар неғұрлым тұрақты және бәсекеге қабілетті. Осыған байланысты шағын бизнесті орта санатқа ауыстыру үшін жаңа реттеуші және ынталандырушы шаралар қажет», – деп атап өтті ол.

«Атамекен» Төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев Ұлттық палата карантин шектеулері мен кәсіпкерлік қызмет арасындағы тепе-теңдікті таба алғанын атап өтті.

«Бизнес Ashyq қосымшасын белсенді қолданады. Өңірлік кеңестер мен салалық қауымдастықтардан түсетін мәселелерді шешу жүйелі негізде жүргізіліп жатыр. Қазірдің өзінде 100-ге жуық мәселе шешілді, өткен аптада біз өңірлік кеңестермен және қауымдастықтармен кезекті кездесулер өткіздік, тағы да 100-ден астам проблема айтылды. Олар Үкімет алаңында шешілетін болады», – деді Тимур Құлыбаев.

Бүгінде бизнес үшін ең өзекті мәселелер – бұл АӨК саласындағы қаржыландыру тапшылығы, «Qoldau» АЖ жетілдірілмеуі, тауарларға жөнелтпе жүкқұжаттарды енгізу, «Электрондық шот-фактуралар» АЖ бұғаттау, утилизациялық алымды енгізу, тауарларды міндетті таңбалау. Кейбір мәселе жобалық кеңсе алаңында шешімін тапты.

«Біз Үкімет ретінде проблемаларыңызды естиміз және оларға жауап береміз. Бизнес тауарға жөнелтпе құжат және ЭШФ енгізу бойынша пилоттық жүйелердің сапасына қатысты мәселені әділ көтереді. Пилоттық жобаларды 2022 жылдың сәуіріне дейін ұзарту туралы шешім қабылданды және бизнестің ұсыныстарын ескере отырып, ҰКП-мен бірлесіп модульдер пысықталатын болады», – деді премьер-министр Асқар Мамин.

Тимур Құлыбаев ҰКП басқармасының алдына алдағы жылға да маңызды стратегиялық міндеттер қойылғанын атап өтті: реттеуді «таза парақтан» енгізу, «Бизнеске арналған үкімет» порталын жетілдіру және адами капиталды дамыту.

«Біз мынадай қағидат бойынша ескірген нормалардан арылуға ниеттіміз: қолданыстағылардың орнына бір жаңа реттеуші талап. Бұл нормаларды бір-бірден тазалай, оларды бірден жою. Негізі бар, орындалатын, болжанатын, мөлшерлес және цифрланған талаптар ғана қалады. 2024 жылдың 1 қаңтарына қарай мемлекеттік реттеудің осы қағидаттарына сай келмейтін барлық талап автоматты түрде жойылады», – деді «Атамекен», ҚР ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Шыңғыс Темір.

 

Реттеуші реформаны жүргізудің жалпы ұзақтығы - үш жыл. Инновациялар кезең-кезеңімен енгізіледі.

Сондай-ақ, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Бизнеске арналған үкімет» порталын құру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. 2021 жылғы қаңтарда заң қабылданды, оған сәйкес ҰКП кәсіпкерлерге арналған порталды дамытатын болады. Жыл соңына дейін  50-ден астам мемлекеттік қызмет пен ҰКП-ның сервисі платформада, сондай-ақ мобильді нұсқада кәсіпкерлерге қолжетімді болады.

«Салық берешегі болып, сол себепті шоттар бұғаттала ма? Біз ақпараттық жүйелер көмегімен мұны алдын ала көріп, кәсіпкерге ескерте аламыз. Сол кезде кәсіпкер қарызды жабады немесе арыз түсіреді. Сіз өндіретін өнімге тендер жарияланды ма? Біз сізге хабарлап, осы сатып алу бойынша қандай бағалық ұсыныс ұтымды болатынын айтамыз. Айыппұл салынды ма? Жүйе осы айыппұлға арыздану үшін мемлекеттік органға хаттың шаблонын шығарып береді», – деп атап өтті ҰКП басқарма төрағасының орынбасары.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының цифрлық экожүйесінің мүмкіндіктері тек бизнеске ғана емес, сондай-ақ өңір басшыларына да қызықты болады. Олар үшін өңірлердің экономикалық картасы әзірленді. Карта пайдаланылмайтын ресурстар: жер, су көзі, оларды одан әрі пайдалану үшін арнайы экономикалық аймақтар бойынша нақты көрініс береді.

ҰКП Адами капиталды дамыту, соның ішінде оқушыларды кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға да назар аударатын болады. Үш жыл ішінде колледждердің 136 мыңнан астам студенті мен 127 мың жоғары сынып оқушысы осы пән бойынша білім алды. «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаевтың пікірінше, оқушылардың бизнеске деген қызығушылығы жыл өте артып келеді.

Съезд барысында делегаттар міндетті мүшелік жарналар мәселелерін талқылады. Шағын кәсіпкерлік субъектілерін 2025 жылға дейін тағы үш жылға міндетті мүшелік жарнаны төлеуден босату туралы шешім қабылданды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер