astana-view

Ауыл шаруашылығына қосымша субсидия көлемі 100 млрд теңгеге дейін артуы мүмкін – «Атамекен»

2021 жылғы 01 Қазан
1709 просмотров

«Атамекен» ҰКП есебі бойынша агроөнеркәсіп кешеніне қажет қосымша субсидия көлемі 100 млрд теңге болатынын анықтады, ал жергілікті атқарушы органдар жыл соңына дейін түсетін өтінімдерді есепке алмай, бұл соманы 71 млрд теңге деп көрсетіп отыр.

Бүгін Ұлттық палатаның бастамасынамен премьер-министрдің орынбасары Әлихан Смайыловтың төрағалығымен АӨК үшін субсидия бөлу және субсидияға өтінім беретін Qoldau ақпараттық жүйесінің жұмысына қатысты мәселелер талқыланды.

Жиынға ауыл шаруашылығының вице-министрі Рүстем Құрманов және Ұлттық палата басқарма төрағасының орынбасары Нариман Әбілшайықов, ҰКП Төралқасы Агроөнеркәсіп кешен комитетінің төрағасы Иван Сауэр және Тамақ өнеркәсібі комитетінің төрағасы Ерік Балапанов, сондай-ақ басқа уәкілетті органдардың өкілдері қатысты.

Палата басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нариман Әбілшайықов Ұлттық палатаның VIII съезіне дейін барлық аймақтағы кәсіпкерлермен кездесу өткенін және талқылауға шығарылған 79 сұрақтың 17-сі агроөнеркәсіп кешеніне қатысты болғанын атап өтті. Оның ішінде субсидия тапшылығы көтерілген.

Атап айтқанда, Qoldau жүйесі арқылы өтінім беріп, күту парағына енбей қалған шаруалардың субсидия көлемі есепке алынбай қалып отыр. Әкімдік оларды қоспай, 71 млрд теңге деп көрсетіп отыр, ал шын мәнінде ақпараттық жүйе қызметін толық атқарса, субсидияға өтініш беретін шаруалардың саны да, субсидия сомасы да артады.

Сонымен қатар, ҰКП Төралқасының агроөнеркәсіп кешен комитетінің төрағасы Иван Сауэр субсидия көлемі аймақтардағы кәсіпкерлердің сұранысы мен сауалнамасынан кейін анықталғанын жеткізді.

«Бүгінде азық-түлік бағасы өзекті мәселе екені түсінікті, бірақ бірнеше айдан бері тауар өндірушілер ет, сүт, жұмыртқа үшін субсидия ала алмай келеді. Әрине, олар мүмкіндігінше күтіп отыр. Мен ірі тауар өндірушілердің бірі де сүт өнімдерінің бағасын бір теңгеге көтермеген деп айта аламын. Екі жыл бойы баға тұрақты, бірақ басқа бағалардың қалай өскенін жақсы білесіз. Бірақ кейбір өңірде шаруалар 6-7 айдан бері субсидия ала алмай отыр, яғни бұл мәселені шұғыл шешу қажет», – деп түсіндірді ол.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрманов субсидия көлеміне қатысты министрліктің есебін баяндады. Ведомство әкімдіктердің есебіне сүйеніп, қосымша субсидия көлемі 74,2 млрд теңге деп топшылаған.

«Біз әкімдіктермен қосымша субсидия мәселесін қарастырдық. Әр әкімдіктен қажеттілік мөлшерін сұрадық. Біздің деректеріміз бойынша қосымша субсидия көлемі 74,2 млрд теңге болды. Бұл жерде бұған дейінгі 71 млрд теңгеге құрғақ сүт, сары май қайта өндірісінің субсидиясы қосылды (...)», – деді ол.

Сондай-ақ АШМ өкілі күту парағындағы қолайсыздықтарға қатысты пікір білдірді. Ол мүдделі мемлекеттік органдармен Qoldau жүйесін пайдалану ережелерінің жобасы әзірленгенін айтты. Содан кейін жүйе қазанның аяғында толық іске қосылады.

Қосымша субсидияға қатысты тараптардың пікірін тыңдаған премьер-министрдің орынбасары Әлихан Смайылов Ауыл шаруашылығы министрлігіне Qoldau жүйесіндегі күту парағының жұмысын уақытылы орындауды жүктеді. Сондай-ақ, жыл соңына дейін жергілікті және республикалық бюджеттен субсидиялау бағдарламаларына қаражат іздестіру және бөлуга қатысты тапсырмалар берді.

«Ауыл шаруашылығы министрлігі ақпараттық жүйені талапқа сәйкес етіп түзету керек. Күту парағына қатысты мәселені түзетсе шаруалар өтінімді жаңадан бермейтін болады. Қосымша субсидияға қатысты айтатын болсақ, өзекті әрі күрделі проблема. Сондықтан премьер-министр жыл соңына дейін субсидия бойынша қарызды өтейміз деген шешім шығарды. Тек мұны аймақтармен орындаймыз. Белгілі бір мөлшерді өңірлік бюджеттің есебінен орындаймыз», – деп түйіндеді Смайылов.

Айта кетейік, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының VIII съезінде ауыл шаруашылығы саласының жеткіліксіз қаржыландыру мәселесі көтерілді. Осыған байланысты премьер-министр Асқар Мамин Ұлттық палатаның агроөнеркәсіп кешеніне субсидия бөлу туралы ұсынысын қолдаған болатын.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер