astana-view

«Атамекен»: Қазақстанда сүт өнімдері таңбаланбайды

2021 жылғы 29 Қазан
21782 просмотров

Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Қазақстанда таңбалауды енгізудің негізсіз екеніне қатысты позициясы Үкімет тарапынан қолдау тапты.

 ҰКП сарапшылары бизнес-қоғамдастық өкілдерімен бірлесіп, екі жыл бойы сүт өнімдерін міндетті таңбалауды енгізуге жол бермеу үшін жұмыс істеді. Таңбалауды енгізу мәселесі отандық кәсіпкерлердің алдында Ресей Федерациясының өз елінде және ЕАЭО-да таңбалауды енгізу жөніндегі бастамасынан кейін туындады. Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректері бойынша, Қазақстанда сүт өнімдерін өндірушілердің 85%-ы өнімді ішкі нарықта сатады.

 ҰКП мамандары тез бұзылатын сүт өнімдерін таңбалау Қазақстан үшін артық шара деп санайды. Өйткені сүт өнімдерін тасымалдау, сатуда тауарлар міндетті түрде құжаттамалық және физикалық тұрғыда мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылауға жатады, ал кейбір жағдайларда қосымша зертханалық зерттеулер қажет етіледі. Өнімнің тасымалдануын қадағалау үшін мемлекеттік кірістер органдары электронды шот-фактуралар (ЭШФ), тауарларға жөнелтпе жүкқұжат, «виртуалды қойманы» қолданады.

 Сүтті таңбалаудың пилоттық жобасы елімізде 2020 жылдың 1 қазанында іске қосылған. Аралық нәтиже ішкі нарықта әзірге өндірістік процесті бұзбай кәсіпорындарға біріктіруге болатын техникалық шешімдер жоғын көрсетті: жұмыстағы олқылықтар, өндірістік тізбектердің баяулауы. Қаптаманың кейбір түріне жабдықты таңдау мүмкін болмады.

 2021 жылдың қазанында үкімет ішкі нарықта өнімдерді таңбалау негізсіз деп таныды. Өнімді ЕАЭО нарығына экспорттаушы компаниялар ғана таңбалайды.

 Анықтама:

 Ресей Федерациясында міндетті таңбалау мерзімдері:

  • 2021 жылғы 1 маусымынан – ірімшіктер мен балмұздақ;
  • 2021 жылғы 1 қыркүйектен – жарамдылық мерзімі 40 тәуліктен астам өнімдер;
  • 2021 жылғы 1 желтоқсаннан – жарамдылық мерзімі 40 тәуліктен аз өнімдер.

  Беларусь Республикасында міндетті таңбалау мерзімдері:

  • 2021 жылғы 8 шілдеден – ірімшіктер мен балмұздақ;
  • 2021 жылғы 1 қыркүйектен – жарамдылық мерзімі 40 тәуліктен астам өнімдер;
  • 2021 жылғы 1 желтоқсаннан – жарамдылық мерзімі 40 тәуліктен аз өнімдер.

Еншілес ұйымдар

Серіктестер