astana-view

Туристер ағынын ұшақ билеттеріне бағаны төмендету арқылы ұлғайтуға болады

2021 жылғы 22 Қараша
4276 просмотров

Қарағандыда Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының туристік сала өкілдерінің қатысуымен жиын өтті.

Кәсіпкерлер өңірлердің туризм жолындағы негізгі кедергілер – қалалар арасындағы қымбат әуе рейстері және Ресей Федерациясынан жер үсті туризмін ашу мәселесінінің шешілмеуі деп санайды. Осы және басқа да мәселелерді олар «Атамекен» ҰКП Төралқасының туристік сала комитетінің төрайымы Юлия Якупбаевамен өткен кездесу барысында көтерді.

 «Бүгін өңірлермен өтіп жатқан бұл екінші кездесу. Осыған дейін Батыс Қазақстанның туристік бизнес өкілдерімен кездестік. Кәсіпкерлер мәселелердің үлкен ауқымын көтеріп отыр. Біз олардың барлығын жұмысқа аламыз. Мысалы, бизнестің сұрауымен «Атамекен» ҰКП туристік ағынды тежеп тұрған жолдардың 84 учаскесін тіркеп қойды. Бұл учаскелерге жөндеу керек. Деректер одан әрі қарау үшін Kazakh Tourism жобалық кеңсесіне тапсырылды. Туристік нарықтың бағалауы бойынша, кірме жолдарды жөндеу жолаушылар ағынының 1,5 есеге ұлғаюына ықпал етеді. Өздеріңіздің басқа да ұсыныстарыңызды белсенді жолдауыңызды сұраймыз. Біз оларды ҰКП, Мәдениет және спорт министрлігі және Kazakh Tourism-мен бірлесіп қол қоятын 2022 жылға арналған Жол картасында ескереміз», – деді комитет төрайымы Юлия Якупбаева.

Өз кезегінде «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ туристік дестинацияларды дамыту департаментінің директоры Батыр Қонақбаев ҰКП мен нарыққа туристік объектілерге апаратын жолдардың проблемалық учаскелері бойынша ақпарат жинауға көмектескені үшін алғыс айтып, 2022 жылы бұл учаскелер бірінші кезекте қаралатынына сендірді.

Кездесу барысында кәсіпкерлер Қарағанды әуежайы үшін бағыттарды кеңейту мәселесіне қайта оралуды ұсынды. Бұған дейін Қарағанды жолаушылар хабы болғысы келген, жергілікті әуежаймен шетелдік тасымалдаушылар келісім жасасуға дайын еді. Бүгінде қаладан Жезқазған қаласына екі рейс, Өскеменге бір рейс, Алматыға күнделікті рейстер, сондай-ақ Мәскеуге рейстер ұшады.

«Біздің рейстеріміз – утопия. Жақында Ресейге, Сочи, Новосибирск қалаларының арасында бағыттар жарияланды, бірақ бізге Ростов-на-Дону ғана қалды. Қарағандылықтардың 80%-ы Нұр-Сұлтан қаласынан ұшып кетеді», –деді «Сарыарқа» әуежайының әуе билеттерін сату және брондау бөлімінің бастығы Инна Еремеева.

«Сонымен қатар, туристерге елордаға жету ыңғайлы болуы үшін қаладан жүрдек пойызды немесе жайлы шағын автобустарды іске қосуға болады», – деп атап өтті Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ермек Алпысов.  

Қарағанды облысында туризмде өсудің негізгі үш бағыты бар:  Балқаш курорттық аймағы (ТОП-10-ға кіреді), Ұлытау және Қарқаралы (ТОП-50-ге кіреді). Туристік ағындарды одан әрі дамыту және тарту үшін зәкірлік инвесторлар қажет, әсіресе Балқаш көлінің жағалау аймағын дамыту қажет. Біз ҚР МСМ-нен осыған көмектесуді сұраймыз.

 Облыстық мәслихат депутаты және «Discovery-Borovoe» ОО бас директоры Павел Безвербный ішкі ұшу рейстерінің қымбаттығы мәселесіне тоқталды. Солтүстік өңірлерге Ресейден туристер келіп, Қазақстан қалалары арасында ұшуға мүмкіндік бола бермейтінін атап өтті. Өйткені рейстер қымбат. Мысалы, билетті қол жетімді бағамен сатып алу үшін қалалар арасындағы сапарды үш айда жоспарлау керек. Туристер көбінесе көрші өңірге баруға шешім қабылдайды.

«Туристер біздің елде ұзақ тұруы үшін, сондай-ақ жаңа туристерді тарту үшін қалалар арасындағы теміржол қатынасын дамытуымыз керек», – деді ол.

 Өз кезегінде Юлия Якупбаева бірлескен туристік өнімдерді дамытуға назар аударды.

«Туристік маршруттар бірлескен болуы керек: бір жағынан – бір аумақ, екінші жағынан – екінші. Бізге, мысалы, Қарағанды облысынан Павлодар облысына, СҚО-дан Тюменьге және кері жүретін турлар қажет. Бұл жолаушылар ағынын едәуір арттырады», – деді комитет төрайымы.

Сондай-ақ дамудың маңызды бағыттарының бірі ретінде өнеркәсіптік туризм мәселесі көтерілді. «BESTKZ» білім беру және туризм орталығының директоры Ульяна Гуляева өнеркәсіптік кәсіпорындар туристер мен балалар тобын қабылдағысы келмейтінін айтты. Дегенмен, турлар қазірдің өзінде бар және олардың ассортиментін кеңейту үшін бизнес үшін әдістеме мен ынталандыру мәселесін шешу қажет. Ал туристердің ниет білдірген контингенті сөзсіз табылатынын айтты.

 Жиынды қорытындылай келе, Юлия Якупбаева бизнес-қоғамдастық көтерген барлық мәселе уәкілетті орган мен Үкіметке жіберілетінін атап өтті.

«Ұлттық палата сіздердің барлық ұсыныстарыңыз бен мәселелеріңізді жинақтайды. Алдағы уақытта Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың деңгейінде туризм бойынша үлкен кеңес өткізу туралы уағдаластық бар. Негізгі мәселелерді сол жиынға шығарамыз», – деді комитет төрағасы.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер