astana-view

Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі – бизнестің мүддесі баса назарға алынған маңызды құжат

2021 жылғы 24 Қараша
7395 просмотров

Бүгін елордада «Қазақстандағы әкімшілік әділет» бизнес-жәрмеңкесінде жоба әзірлеушілері, көрнекті ғалымдар, практиктер, халықаралық сарапшылар Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің (ӘРПК) алғашқы қорытындысы мен проблемаларын талқылап жатыр.

2021 жылғы 1 шілдеде күшіне енген Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі сот өндірісінің жаңа – әкімшілік түрін енгізіп жатыр. Бұл кодекс ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексі мен ҚР Қылмыстық-процестік кодексінде белгіленген тәртіп бойынша деликтік жауапкершілікке тартумен байланысты қатынастарға қолданылмайды.

«Бизнесті біріктіріп, мүддесін қорғауды қамтамасыз ететін Ұлттық палата үшін Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі – мемлекеттік органдармен өзара қарым-қатынаста бизнестің мүддесі басты назарда болатын маңызды құжат. Сондықтан кодекске мемлекет-бизнес өзара қарым-қатынасы мәселелеріне үлкен үміт артылған», – деп атап өтті «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Ербол Өстеміров іс-шара барысында.

Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің ерекшелігі:

1) әкімшілік акті, әкімшілік органның әрекетіне немесе оны қабылдаудан бас тартуға қатысты шағым жоғары тұрған органға жасалуы мүмкін. Бұл ретте қабылданған әкімшілік актілерге сотқа дейінгі тәртіппен міндетті түрде шағым жасау көзделеді;

2) соттың белсенді рөлі – әкімшілік процестің азаматтық процестен маңызды айырмашылықтарының бірі. Онда сот талап қоюшыдан емес, мемлекеттік органдардан барлық қажетті құжатты талап ету мүмкіндігіне ие бола отырып, дәлелдемелерді жинау бойынша бастама көтере алады;

3) дәлелдеу ауыртпалығы әкімшілік актіні қабылдаған әкімшілік органға жүктеледі;

4) әкімшілік актімен немесе әкімшілік органның әрекетімен (әрекетсіздігімен) келтірілген залалды өтеу туралы азаматтық талаптарды әкімшілік сот негізгі талқылау шеңберінде де қарайтын болады (бұл шара сотқа жүгінген адамның уақыты мен қаржы ресурстарын үнемдеуге мүмкіндік береді);

5) жеке тұлғаларды билік субъектілері тарапынан ықтимал болатын теріс ниетті пайдаланудан қорғауға бағытталған жаңа қағидаттар (мөлшерлестік, сенім құқығын қорғау және т.б.) енгізіліп жатыр.

Айта кету керек, Ұлттық палата сол бизнеспен өзара қарым-қатынастың субъектісіне айналып келеді. Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне алғаш рет «әкімшілік орган» ұғымы енгізілді. Оған сәйкес мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, мемлекеттік заңды тұлғалармен қатар белгілі бір тұлғаның немесе жеке белгілі бір адамдар тобының құқығы мен міндеттерін белгілейтін/өзгертетін немесе тоқтататын әкімшілік актіні қабылдау туралы заңдар берілген басқа да ұйымдар танылады.

Мысалы, «Қазақстан Республикасының Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы туралы» Заңына сәйкес, Ұлттық палатаға тауардың шығу түбі туралы сертификаты, индустриялық сертификатты беру бойынша өкілдік берілген.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер