astana-view

Салық қызметкерлері өкілеттігін асыра пайдаланады – Қайырбек Сүлейменов

2021 жылғы 25 Қараша
6766 просмотров

2021 жылғы 25 қарашада «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында Қайырбек Сүлейменовтің төрағалығымен Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес отырысы өтті. Оған мемлекеттік органдар, бизнес пен қауымдастықтардың өкілдері қатысты. Кеңесте салықтық әкімшілендіру саласындағы кәсіпкерлік қызметке жекелеген шектеулерге қатысты мәселесі қаралды.

Қайырбек Сүлейменов кеңес жұмысын бастап, мемлекет салық саясатын жетілдіру бойынша кезең-кезеңді және мақсатты жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті. Осы ретте фискалдық сала экономиканың жемқор салаларының бірі болып отыр. Салықтық әкімшілендіру жүйесіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдері ауқымды әрі қарама-қайшы құқықтық регламенттеу, жүйесіз құқық қолдану практикасына байланысты орын алған. Бұл жайт кәсіпкерлікті дамытуға кедергі келтіреді.

Еліміздің барлық өңірінде мәмілелерді жарамсыз деп тану және мемлекеттік тіркелуі немесе қайта тіркелуі жарамсыз деп танылған салық төлеушінің контрагенттеріне салықты қосымша есептеу – салық әкімшілендіру саласындағы проблемалық мәселелердің бірі. Салық органдарының мәмілелерді сот қарамай жатып, күмәнді деп тануы кәсіпорындарды шығынға батырады. Мұнда лауазымды тұлғалардың өз өкілеттігін асыра пайдаланауы анық. Өйткені мәмілелердің жарамды-жарамасыздығын тану – сот құзырындағы қызмет. Лауазымды тұлғалардың бұл әрекеттері салық төлеушілерді материалдық жауапкершілікке негізсіз тартуға әкеп соғып, кәсіпкерлердің құқығы мен заңды мүддесін бұзады.

Алайда, мұндай мәселелер бойынша салық органдарының шешімдеріне шағымдану тәжірибесінде айтарлықтай ерекшелік бар. Салық төлеушіні тіркеу немесе қайта тіркеуді жарамсыз деп тану туралы сот шешімі мемлекеттік кірістер органдарының осы салық төлеушінің контрагенттермен жасасқан барлық мәмілені күмәнді деп тануына негіз бола алады.

«Кәсіпкер өзінің кінәсіздігін дәлелдеуге міндетті, бұл кінәсіздік презумпциясы қағидатына қайшы келеді. Бұл қағидатқа сәйкес бизнесменнің салық және басқа да төлемдерді төлеуден жалтаруы мемлекет тарапынан дәлелденуі тиіс», – деп атап өтті Кеңес төрағасы Қайырбек Сүлейменов.

Мәселен, бухгалтер ауырып қалды, компьютер сынды, Мемлекеттік кірістер комитетінің электронды порталы істен шықты, интернет жоқ және басқа да мәселелер салдарынан қандай да бір салық берешекті уақытында төлемеген жағдайда салық төлеушіге айыппұл (салық есептілігі уақытында тапсырылмағаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 272-бабы бойынша алғашқы кезде – ескерту, бұзушылық қайталанса – әр кешіктіру үшін 90-нан 270 АЕК-ке дейін)   салынады. Осы ретте салықтардың белгіленген есептілік формасы бойынша уақтылы және толық көлемде төленгені маңызды емес.

Салық кодексі және Салық конвенциясының нормаларын дұрыс түсінбеу –бизнес мәселелерінің бірі. Бұл жайт көптеген отандық компанияның қызметіне қатер төндіреді. Осыған байланысты қалыптасқан құқық қолдану практикасы қайшы сипатқа ие. Бұл, тұтастай алғанда, салық салудың айқындылығы қағидатына, яғни салық міндеттемелерінің пайда болуы, орындалуы және тоқтатылуының негіздері мен тәртібін белгілеу мүмкіндігіне сәйкес келмейді.

«Мемлекет бәсекеге қабілетті шикізаттық емес сектор мен сапалы инвестицияларға негізделген экономиканы ынталандыру үшін салық саясатын жетілдіру жөнінде кезең-кезеңді және мақсатты жұмыс жүргізіп жатыр. Сонымен қатар, заңнама нормаларын дұрыс қолданбау фактілері орын алып отыр. Оның салдары кәсіпкерлерге қатысты материалдық жүктемені негізсіз қолдануға алып келеді, бизнесті дамытуға кедергі келтіреді.  Соның нәтижесінде қаржы саласындағы сыбайлас жемқорлыққа жағдай жасалады», – деп қорытындылады Қайырбек Сүлейменов.

Кеңес барысында мемлекеттік органдарға бірқатар ұсыным айтылды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер