astana-view

Бизнес негіздерін ойын арқылы игеру

2021 жылғы 29 Қараша
- Астана қаласы
6003 просмотров

Нұр-Сұлтан қаласында «Beesiness. Омарташы кәсібі» ойыны оқушылар арасында алғаш рет өтті.

Турнирді «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы елорданың оқу орындарында «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» пәнін енгізу аясында ұйымдастырды. Турнирге «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» пәнін оқып жатқан 10-11 сынып оқушылары қатысты.

 Турнир мақсаты – геймификация әдістемесі арқылы өскелең ұрпаққа soft skiils жаһандық біліктілік дағдыларын игеруге көмектесу.

Экономикалық үстел ойыны арқылы ойыншылар кәсіпті енді қолға алған кәсіпкер болып көреді. Ойын барысында қатысушылар табысты бизнесті құруы тиіс. Ойында экономика, бизнес және қаржы сауаттылығы тақырыптары қамтылған. Ойын авторы – Алан Өтеғұлов.

«Балалар ойынға қуана қатысты. Теориядан басқа, оларға практика жағы қызықты болды, өздерін кәсіпте сынап көрді. Үстел ойынының пайдасы бірден байқалады – балалар осылайша өткен материалды есте сақтап, бекітіп алады. Мұндай турнирлерді жиі өткізу керек», – деді №15 мектеп-лицейдің «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» пәні мұғалімі Рая Қасмағанбет.

 Ойын қорытындысы бойынша бірінші орынды №25 орта мектептің 11 «А» сынып оқушысы Арыстан Сейсембаев, екінші орынды №30 мектеп-гимназиясының 10 «А» сынып оқушысы Әлима Босқымбаева иеленді. Жеңімпаздарға ақшалай сертификаттар табысталды.

 Жартылай финалға шыққан тағы оншақты қатысушыға автор атынан үстел ойынының жиынтығы табыстылды. Оқушылар командаларын дайындаған ұстаздарға алғыс хаттар берілді.

 Мұндай турнирлерді еліміздің барлық өңірінде өткізу жоспарланған.

 Еске салайық, елорда мектептерінде «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» пәні 2017 жылдан бастап элективті пән ретінде енгізілді, ал 2019 жылдан бастап оны колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері оқи бастады.

 «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» жобасы шеңберінде біліктілікті арттыру курсынан Нұр-Сұлтан қаласында техникалық-кәсіптік білім беру ұйымдарынан 64 оқытушы, жоғары оқу орындарынан 44 оқытушы, жалпы білім беретін мектептерден 110 педагог өтті. Сондай-ақ, колледждердің 3000 студенті, жоғары оқу орындарының 5759 студенті оқудан өтіп, оқу аяқтағаны туралы сертификат алды», – деді Нұр-Сұлтан қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Алмат Жүнісов.

 Элективті пәнді меңгеру шеңберінде Нұр-Сұлтан қаласының кәсіпкерлер палатасы елорданың табысты кәсіпкерлерінің қатысуымен қонақ дәрістерін өткізеді, олар өз мысалында балаларға жеке кәсіпті қалай және неден бастау керек, идеяны іске асыру үшін қаржыландыруды қайдан алу керек, қызметкерлермен қалай жұмыс істеу керектігі туралы әңгімелейді. Осы уақыт ішінде 50-ден астам қонақ дәрісі ұйымдастырылды, соның ішінде кәсіпкерлік субъектілерінің аумағында көшпелі дәрістер өтті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер