astana-view

«Атамекен» ҚР ҰКП қосымша құн салығының асып кеткен сомасын қайтару бойынша пилоттық жобаны іске қосылуына қол жеткізді

2021 жылғы 08 Желтоқсан
5426 просмотров

17 қарашада ҚР қаржы министрінің №1188 бұйрығымен астық нарығы қатысушылары үшін қосымша құнға салықтың асып кеткен сомасын қайтаруды оңайлату жөнінде пилоттық жобаның іске асыру ережелері мен мерзімдері бекітілді. Кәсіпкерлердің пилоттық жобаға қатысуы ерікті түрде жүргізіледі.  

Мемлекеттің ҚҚС сомасын қайтаруы – Қазақстанда ғана емес, әлемде де салықтық әкімшілендірудің ең өзекті мәселелерінің бірі. Мемлекет үшін тауар, жұмыс, көрсетілетін қызметтердің нақты қозғалысын бақылау және сонымен бірге әр кезеңде төленген ҚҚС-ті есептеп отыру өте қиын. Салық төлеуден жалтарудың түрлі схемасы және өзге де тәсілдерінің салдарынан ҚҚС-ті негізсіз өтеу тәуекелдерін тудырып, бюджеттің шығынына әкеледі.

«Отандық салық төлеушілер үшін қолданыстағы тәртіп ҚҚС сомасын қайтару процедуралары мерзімдерінің негізсіз созылуы, қайтаруға жататын ҚҚС артуының елеулі бөлігінің жоғалуы, өзге де салықтық тәуекелдердің туындауына әкеп соғады», – деп атап өтті «Атамекен» ҚР ҰКП басқарма төрағасының кеңесшісі Екатерина Никитинская.

Бүгін жоба шеңберінде пилотқа қатысушылар ҚҚС сомасының жылдам қайтарылуына мүмкіндік алып, сондай-ақ, салық органдары қандай да бір әкімшілік және экономикалық санкцияларды қолданбай жеткізушілермен «салықтық алшақтықтарды» дербес реттеу құқығына ие болды. Тізбектер бойынша орын алған салықтық бұзушылықтар туралы ақпарат камералдық бақылау шеңберінде ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетіне ұсынылуы тиіс.

«Жобаға меморандум жасасқан астық нарығының қатысушылары тартылады. Олар мемлекеттік кірістер органдарының салықтық құпияны құрайтын «салықтық алшақтықтар» бойынша мәліметтерді жария ету, тарату және үшінші тұлғаларға беруіне жазбаша рұқсат береді. Кәсіпкерлер үшін жобаның салықтық әкімшілік іс-қимылдардың ашықтығын қамтамасыз етуге арналғаны өте маңызды. Салық сомасын қайтару көшпелі тексерулерсіз камералдық бақылау режимінде жүзеге асырылады және бизнестің өзін-өзі реттеу қағидаттарына көшуіне мүмкіндік береді», – деп атап өтті «Қазақстанның астық одағы» ЗТБ төрағасы Нұрлан Оспанов.

Меморандум миссиясы АӨК және сабақтас салаларда іскерлік айналымның ашық тәжірибелерін енгізу, бәсекелікті дамыту, нарықтың өзін-өзі реттеудің тиімділігін қамтамасыз ету, бизнес пен мемлекеттік құрылымды диалогын құруды көздейді.

ҚҚС-ті оңай тәртіппен қайтару бойынша қатысушылардың таңдауы бойынша екі нұсқада:

•        банк кепілдігі болған жағдайда 15 жұмыс күні ішінде ҚҚС қайтаруды;

•        немесе  камералдық бақылау рәсімдері аяқталғаннан кейін бірден сатып алушы мен өнім беруші арасындағы «салықтық алшақтықтар» жоқ немесе жойылған көлемде ҚҚС қайтаруды ұсыну жоспарланған.

Анықтама:

2019 жылғы қазанда ҚР Қаржы министрлігі және «Атамекен» ҚР ҰКП бастамасымен тәжірибе алмасу мақсатында Нұр-Сұлтан қаласына Ресей ФНС және АӨК Хартиясы өкілдерінің сапары ұйымдастырылды. «Атамекен» ҚР ҰКП жүргізген талқылаулары мен консультациялары нәтижесінде Қазақстанның Астық одағы және ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті бірлесіп, АӨК-тегі ҚҚС-тің артылған сомасын оңайлатылған жолмен қайтару бойынша пилоттық жобаны іске асыру бойынша жұмысты бастады.

Қазақстан мамандары үшін Ресейде 4 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Хартия типі бойынша адал салық төлеушілерді ашық ақпараттандыру жүйесіне ерекше қызығушылық танытты. Ресейде алғашқы Хартия 2017 жылғы мамырда АӨК саласында құрылды және оның тәжірибесі қазіргі уақытта нарықтың басқа сегменттеріне сәтті таралып жатыр.

Терезе, есік фурнитурасын өндірушілер мен сатушылар, зергерлік нарықтың адал қатысушылары, жүк автомобиль көлігімен тасымалдаушылардың хартиялары құрылды, клининг және техникалық пайдалану жүйесінде кәсіпкерлердің бірлестігін құру дайындалып жатыр. Бүгінгі таңда оларға қатысушылардың саны 15 мыңнан асады, оның ішінде АӨК-те 7 мыңға жуық.

Хартия қызметі жақсы нәтиже көрсетуде. Ең алдымен, Ресей федералды бюджетіне 60 млрд рубль мөлшерінде қосымша жыл сайынғы түсімдер қамтамасыз етілген. Хартия қатысушыларына ҚҚС қайтару мерзімі едәуір қысқартылды және оларды одан әрі азайту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қайтару көшпелі құжаттық тексерулерсіз камералдық бақылау режимінде жүзеге асырылады. Кәсіпкерлер қызметінің фискалдық ашықтығы, сондай-ақ салық төлеушілердің тиісті сақтық қағидаттарына көшуі қамтамасыз етілді. Көрші елде маржиналдық пайданы сала ішінде ғана емес, аралас секторларда да әділ бөлу үрдісі байқалады. Сыбайлас жемқорлыққа және ҚҚС-ті өтеудің заңсыз схемаларын қолдануға айтарлықтай шектеу қойылды. Мемлекет пен қоғамның мүддесін сақтау, сондай-ақ өзінің салық міндеттемелерін адал орындау қажеттілігі мәселелері бойынша нарықтың менталитеті өзгеріп келеді.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер