astana-view

Тимур Құлыбаев кәсіпкерлерге Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай марапаттарды табыстады

2021 жылғы 13 Желтоқсан
8431 просмотров

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында кәсіпкерлер мен Палата қызметкерлеріне мемлекеттік марапаттарды табыстады.

Палата төрағасы ел егемендігінің 30 жылдығымен құттықтап, кәсіпкерлерге еңбегі үшін алғыс білдірді.

«Сіздерді жақсы қалыптасқан дәстүр бойынша басты мемлекеттік мереке – Тәуелсіздік күні қарсаңында берілетін жоғары мемлекеттік наградалармен шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Біз бәріміз бірге түрлі салада еңбек етіп, еліміздің қалыптасуына, еліміздің егемендігі үшін зор үлес қостық. Бүгін осы жерде біз мұнай-газ кешені, бизнес, спорт қауымдастығы өкілдерін құттықтауға жиналдық. Осы азаматтардың әрқайсы өз саласы, қызметінде үлесін қосып келеді.  Олар – нағыз батыр. Өзімнің атымнан баршаңызға зор денсаулық, табыс пен бақыт тілеймін», – деді Тимур Құлыбаев.

Ұлттық палата басшысы еліміздегі кәсіпкерлікті дамытуға үлес қосып келе жатқан әріптестерді атап, еңбегіне алғыс білдірді.

«Bazis Holding Сompany» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы Александр Белович «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті» орденімен, сондай-ақ,  «Media Holding «Atameken Business» ЖШС бас директоры Қанат Сахариянов «Құрмет» орденімен, «Атамекен» Төралқа төрағасының кеңесшісі Дана Жүнісова  «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Ракурс» экономикалық талдау орталығының директоры Ораз Жандосов және «Қазазот» АҚ директорлар кеңесінің тәуелсіз мүшесі Бахаридин Аблазимов  «Парасат» орденімен марапатталды. 

Жиында «Атамекен» басшысы «MedRеmZavod Holding» компаниялар тобының бас директоры Арыстанбек Жұмағуловқа және «Бақытжан» шаруа қожалығының төрағасы Әлібек Нәлібаевқа «Құрмет» орденін табыстады.

«1995 жылдан бастап кәсіппен айналысып келемін. 150-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Кәсіпкерге құрмет көрсетіп, сонау Қызылордадан елордаға шақыртқан басшыларға алғыс айтамын. Кәсіпкерлікті дамытып, ел игілігі үшін еңбек ете берейік. Бүгінгі марапатымыз – халықтың марапаты. Бар күшін аямай еңбек ететін шаруалардың мәртебесі деп білемін. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, еңбегіміз берекелі болсын», – деді Әлібек Нәлібаев.

Сондай-ақ, Ұлттық палатаның басқарушы директоры – Кедендік әкімшілік ету департаментінің директоры Дина Мамашеваға «Ерен еңбегі үшін» медалін,  «Saurida Oil & Gas» ЖШС директоры Ғибрат Сәрсеновке, «Қазақстандық жүк теміржол тасымалдаушылары қауымдастығы» ЗТБ бас директоры Евгений Больгертке Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасын табыс етті.

Жиынға Ұлттық палатаның аймақтағы филиалдары онлайн қосылды.

«ЕПК Степногорск» АҚ бас директоры Анатолий Томилов (Ақмола облысы) ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» белгісімен, «Альфа-Север» ЖШС директоры Андрей Капустин (СҚО) және «Аском и К» ЖШС директоры Марат Жантурин (Қостанай облысы) «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Таңбатыр-112» ЖШС бас директоры Ғазиз Ерімбетов (Түркістан облысы),  «Барыс 2007» ЖШС бас директоры Айжан Найымбекова (Шымкент қаласы), «Нәзік» ЖК басшысы Назымгүл Оразгелдиева (БҚО), Қарағанды кәсіпкерлер палатасы Адами капиталды дамыту бөлімінің бастығы Қарлығаш Оспанова, «Неупокоев В.И.» шаруа қожалығының басшысы Владимир Неупокоев (Павлодар облысы) Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталды.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер