astana-view

Сенат жаңа реттеу саясаты жөніндегі заң жобасын мақұлдады

2021 жылғы 24 Желтоқсан
8271 просмотров

Пленарлық отырыста Парламенттің Сенаты кәсіпкерлік қызмет саласындағы жаңа реттеу саясаты мәселелері жөніндегі заң жобасын мақұлданды.

Бұл заң қабылданса, бизнеске қойылатын барлық талап себебі түсінікті, іс жүзінде орындалатын, қолжетімді формада баяндалған, артық ауыртпалықсыз болады.  Бизнеске қойылатын міндетті талаптардың тізілімі енгізіледі. Ол кәсіпкерге бизнесті жүргізудің бүкіл құқықтық базасымен танысуға мүмкіндік береді.

 «Жаңа реттеу саясатына сәйкес талаптар барлық талаптың толық тізбесінің бірыңғай базасына – бизнеске қойылатын міндетті талаптардың тізіліміне енгізіледі. Егер талап тізілімде бар болса, онда ол бойынша мемлекеттік орган бизнес нысанын тексеруге және жазалауға құқылы. Егер тізілімде талап болмаса, онда сәйкесінше жазалау қолданылмайды. Біз реттеу саясатының заңнамалық бекітілгенін күтпестен осы жылдың шілдесінде 4 салада – сауда, орналастыру және тамақтандыру қызметі, ауыл шаруашылығы, көлік және логистикада реттеуді пилоттық режимде қайта қарастырдық. Неге осы салалар таңдалды? Өйткені дәл осы салаларда жұмыс істеп жатқан бизнестің 60%-ы жұмыс істейді. Зерттеу нәтижесінде осы салаларда 17 599 талаптан тұратын 424 нормативтік акті қолданылатынын анықтадық. Мысалы, қоғамдық тамақтану саласындағы 1686 талаптың ішінде 695 талап (41%) базалық шарттарға сәйкес келмейді, сауда саласыдағы жалпы 1513 талаптың ішінен 467-сі немесе 31%-ы базалық шарттарға сәйкес келмейді», – деп жазды өзінің Facebook-тегі парақшасында «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Ербол Өстеміров.

 Мемлекет басшысы заңға қол қойғаннан кейін барлық реттеуді қайта қарау бойынша негізгі жұмыс: барлық нормативтік акті мен талаптардың тізбесін жасау, оларды талдау, мемлекеттік органдармен жұмыс істеу, түрлі алаңдарда өз позицияларын қорғау басталады.

 Бұл жұмыстарда мүдделі тараптар – сарапшылар, кәсіпкерлер, салалық мамандардың көмегі маңызды. Егер сіз мемлекеттік реттеудің артық,  қисынсыз проблемалары туралы айтып, проблемаларды шешудің өз нұсқаларын ұсынғыңыз келсе, онда ұсыныстар мен сұрақтарды мамандарға жолдай аласыз: Динара Ақынбекова, e-mail: d.akynbekova@atameken.kz, тел.: +77017542217, Айша Смағұлова, e-mail: ay.smagulova@atameken.kz, моб.: +77781118807.

Анықтама:

Мемлекет басшысы қыркүйектегі Қазақстан халқына жолдауында реттеушілік саясаттың базалық қағидаттарын өзгерту арқылы «таза парақтан» реттеуді енгізуді тапсырды.

Ұлттық экономика министрлігі осы тапсырманы орындау үшін ҰКП, отандық және шетелдік сарапшылармен бірлесіп, бизнес қызметінің жаңа реттеушілік саясаты бойынша заң жобасын дайындау  жұмысын жүргізді.

 Заң жобасының презентация 9 қыркүйекте өтті.

 Мемлекет басшысының ҰКП съезінде берген тапсырмасына байланысты заң жобасын қабылдау 2021 жылдың соңына дейін жоспарланды.

Мәжілістегі бірінші оқылым 3 қарашада өтті.

 21 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің отырысында мақұлданды.

23 желтоқсан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының жалпы отырысында қабылданды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер