astana-view

«Азаматтық борышым». Қазақстандық кәсіпкер зардап шеккен бизнеске 500 млн теңге аударады

2022 жылғы 10 Қаңтар
14305 просмотров

Дереккөз: Фото: Informburo.kz

Қазақстандық меценат, «ҚазАзот» АҚ басшысы Бахаридин Аблазимов бүлік кезінде зардап шеккен кәсіпкерлерді қолдап, 500 млн теңге көмек көрсетеді. Қаржы кәсіпкерлік субъектілерін қалпына келтіру үшін құрылған «Күшіміз бірлікте» қорына аударылады. Бұл – қорға түсетін алғашқы қомақты қаржы.

Бахаридин Аблазимов қайғылы оқиға кезінде қайтыс болған әскерилер мен отандастарымыздың отбасы мен жақындарына көңіл айтты.

«Дүрбелеңнің салдарынан еліміздің азаматтарын жоғалттық. Солардың отбасына шын жүректен көңіл айтамын. Ата-бабамыз жырлағандай, «біріншіден не жаман, іштен шыққан жау жаман» деген. Ауызбен айтса, аузың былғанатын қасіретті, үлкен ауыр күнә. Мемлекетіміздің басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы қабылдаған шараларын халқымыз болып бәріміз қолдап, соның арқасында бірте-бірте бейбітшілік, тұрақтылық орнап келеді», – деді ол.

Кәсіпкер өзінің анасы жас кезінде жалғыз қалып, 10 баланы қиындықпен өсіргенін атап өтті. Ол ОҚО (қазіргі Түркістан облысы – авт.) Жетісай ауданы Красная звезда совхозында дүниеге келіп, өзі 13 жасында әкесі дүниеден өткенін айтты.

«Анамыз он баламен жалғыз өзі қалып, Жетісай қаласының нан зауытында күндіз еденін жуып, кешке қарауыл болып, бәрімізге білім беріп, тәрбие беріп, өсірді. Анамыз бізді жастайымыздан бауырламырымызбен бірге болыңдар, бірлік бар жерде ынтымақ бар, ырыс бар деп қазақ айтқандай, соның арқасында Аллаға шүкір,  осындай дәрежеге жеттім», – деді ол.

Бахаридин Аблазимов «Күшіміз бірлікте» қорына ұжымының атынан 500 млн теңге аударып, зардап шеккен кәсіпкерлерге қолдау білдіретінін жеткізді.

«Алматыда қираған, өртенген шағын кәсіпкерлердің асханалары, магазиндері, шаштараздары. Қанша заттар қирады, бүкіл Қазақстанда қирап жатыр. Соған енді қор ашылды деп естуіммен өзімнің азаматтық борышым деп санап, өзімнің атымнан, өзімнің ұмымымның атынан 500 млн теңге қаржылай көмегімді білдіргім келіп отыр», – деді ол.

Сондай-ақ, ол еліміздің ірі кәсіпкерлерін шағын және орта бизнестегі азаматтарымызды қолдауға және ел болып бірігіп, қазақ халқын жақсы жағынан көрсетуге шақырды.

«Біздің елімізде жүрегі кең азаматтар, кәсіпкерлер көп. Солардың бәрін бірлесіп, елімізді бейбіт өмірге келуіне тек Мемлекет басшысына, мемлекетке ілмей біз де ел болып бірігіп, елді қалпына келтіруге шақырамын. Ауқатты азаматтарға біздің бастамамызды, осы «Атамекеннің» бастамасына үлесін қосады деп сенім арттым. Бүкіл әлемге қазақ халқын басқа жағынан, жақсы жағынан көрсетуге үндеуге шақырамын. Бірігейік, ел болайық, бір тудың астына жиналайық. Біздің күшіміз бірлікте», – деп түйіндеді сөзін Бахаридин Аблазимов.

Айта кетейік, бұған дейін Алматы кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің төрағасы Максим Барышев «Күшіміз бірлікте» – «Сила в единстве» қорын құратынын мәлімдеген болатын. Қорға түскен қаражат Алматы қаласы және басқа да аймақта зардап шеккен кәсіпкерлерге арнайы комиссияның шешімінен кейін бөлінеді.

Қаржылай қолдау көрсетемін деген азаматтар Ұлттық палатаның сall-орталығына және Алматы  қаласының өңірлік кеңесіне хабарласа алады:

+7778 4101758; +7775 1261839

+7777 9470077 – Бауыржан Оразғалиев, Алматы ӨКП.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер