astana-view

Шымкентте Ashyq жобасына қатысушылардың 90%-ы келушілерді тексермейді

2022 жылғы 18 Қаңтар
- Шымкент қаласы
3551 просмотров

Бүгін Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің алаңында «Шаһарағы коронавирустық инфекцияның эпидемиологиялық жағдайы, коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинация қарқыны және шектеу шараларын күшейту туралы» брифинг өтті.

Кездесуде қаланың бас санитар дәрігері Әбдіманап Төлебаев  вирус бойынша ағымдағы эпидемиологиялық ахуал туралы айтып берді. Эпидахуал әлі де қолайсыз және инфекцияның өршуімен қиындап барады. Бағалау матрицасына сәйкес, Шымкент 11 қаңтардан бастап қызыл аймаққа кірді. Жаңа жылдың 16 күнінде қалада COVID-19 зертханалық расталған 2781 жағдай , оның ішінде 18 жасқа дейінгі балалар арасында – 495 жағдай тіркелген. 2021 жылғы қаңтармен салыстырғанда вирус жұқтырғандар саны  5,5 есе күрт өсуі байқалады.

 Әкімшілік әсер ету  бойынша қабылданып жатқан шараларға қарамастан кәсіпкерлік субъектілер карантин шектеулерін бұзып жатыр. Осы бағыттағы факторлардың бірі – Ashyq жобасы бойынша жұмысқа немқұрайлылық.

 «Тіркеулерге жүргізілген талдау Шымкент қаласында Ashyq жобасына қатысып жатқан қоғамдық нысан иелерінің 90 пайызы келушілерге QR бақылау жүргізбейтінін көрсетті. Соның нәтижесінде аутсайдерлер саны артқан», – деп атап өтті Шымкент ӨКП директорнының орынбасары Сабира Адамбекова.

Спикердің айтуынша, бүгінгі таңда қалада Ashyq жобасына 9 021 нысан қатысады, оның ішінде 7 061-і – аутсайдерлер және 17-і – жоба лидерлері. «Ashyq лидерлері» статусы бар жобаға қатысушылардың тізімі әкімдіктің сайтында орналасқан. Аутсайдерлер (0 чекиндер) Ashyq қатысушыларынан шығарылды және олардың нысандарында бір аптаға QR кодтар өшірілді. Осы тізімде қайта пайда болған нысандар екі аптаға, содан кейін бір айға алынып тасталады.

Сабира Адамбекова бұл жобаның негізгі мақсаты – қоғамдық орындарға келушілердің вирустан қауіпсіздікті арттыру және оның таралуына жол бермеу екенін еске салды.

Ashyq жобасы пандемия кезінде кәсіпкерлерге бизнесті қайта бастауға мүмкіндік берді. Толық тыйым салынған бірқатар нысандардың қызметі толығымен қайта жанданды. Бірқатар нысандар кейбір шектеулермен жұмыс істей бастады. Ashyq қосымшасының жұмысында ақаулар жоқ, қолданба интернетсіз де жетімді және жұмыс істейді.

«Осы брифингті пайдалана отырып, Ashyq жобасына қатысатын бизнесті, сондай-ақ қала тұрғындарын коронавирустық инфекцияны одан әрі таратпау мақсатында Ashyq қосымшасын пайдалануға және оның барлық шарттарын сақтауға шақырғым келеді», – деді Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер