astana-view

Форс-мажор куәлігі алдын ала берілмейді

2022 жылғы 08 Ақпан
- Астана қаласы
5507 просмотров

Нұр-Сұлтан қаласының кәсіпкерлер палатасына осы жылдың қаңтарында елімізде енгізілген төтенше жағдай кезінде форс-мажор жағдайын  растауға қатысты өтінімдер әлі де келіп жатыр.

 Келіп түскен өтінімдерге жүргізілген алдын ала талдау кәсіпкерлердің өтініштерінің басым бөлігі интернеттің сөнуіне байланысты екенін көрсетті. Мысалы, кейбір жеткізуші интернеттің жоқтығы төлем мерзімінің бұзылуына әкеп соғып, олар тауарлар экспорты бойынша міндеттемелерді орындай алмаған. Басқа кәсіпкерлер интернеттің болмауы келісімшарттың бірегей нөмірін беруге кедергі келтіріп, сәйкесінше келісімшартты уақытында орындау мүмкін болмады.

 «Бұл себептерді негізді себептерге жатқызуға болады. Алайда, өтініштер ішінде мерзімдері әлі бұзылмаған келісімшарттар бойынша ерте берілген өтініштер де бар. Мысалы, келісімшарт мерзімі аяқталмаған, бірақ орындалмай қалады деген болжам бар делік – мұндай жағдайда өтініш беру кезінде тауарды жеткізу/жұмыстарды орындау/қызметтерді көрсету бойынша міндеттемелерді бұзу мерзімі шартты түрде әлі келмегендіктен, өтініш мезгілсіз берілгені туралы жауап дайындалады», – деді Нұр-Сұлтан қаласы кәсіпкерлер палатасының бөлім бастығы Бахтияр Ахметов.

Көп жағдайда өтініштер орын алған жағдай егжей-тегжей жазылмағандықтан кері қайтарылады. Сондықтан кәсіпкерлер өтініш берерде орын алған жағдайды толығырақ жазып, контрагентпен жүргізілген жазба деректер мен барлық құжаттың көшірмесін беріп, проблемасын нақты баяндауы тиіс.  

 «Нұр-Сұлтан қаласының кәсіпкерлер палатасы осы жылдың қаңтарында Қазақстанда төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты форс-мажор жағдайын растау туралы өтініштерге талдау жүргізетінін атап өткім келеді. Қалған жағдайларда елордалық кәсіпкерлер Қазақстанның сыртқы сауда палатасына тікелей хабарласуы керек», – деп атап өтті Бахтияр Ахметов

 Еске салсақ, ҚР Азаматық кодексінің 359-бабына сәйкес, кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асырған кезде мiндеттеменi орындамаған немесе тиiстi дәрежеде орындамаған адам, егер бой бермейтiн күштiң, яғни осы жағдайлар кезiндегi төтенше және тойтаруға болмайтын мән-жайлардың салдарынан тиiстi дәрежеде орындауға мүмкiндiк болмағандығын дәлелдей алмаса, мүлiктiк жауаптылықты көтередi. Кодексте ондай мән-жайларға, (дүлей құбылыстар, соғыс қимылдары, төтенше жағдай және т.б. жағдайлар жатады.

 Ондай мән-жайларға, атап айтқанда, мiндеттеменi орындау үшiн қажеттi тауарлардың, жұмыстардың немесе қызмет көрсетудiң нарықта болмауы жатпайды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер