astana-view

Елордада кәсіпкер әйелдердің үлесі артып келеді

2022 жылғы 03 Наурыз
- Астана қаласы
6543 просмотров

Елорда бизнесінің 47%-ын әйелдер басқарады.

2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Нұр-Сұлтан қаласында 191 мыңнан астам кәсіпкерлік субъекті тіркелген, оның 163 мыңы жұмыс істейді.

Жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің жалпы санынан 77 611-і – қыз-келіншектер. 58 225 ханымның жеке кәсіпкерлігі бар, 19 386 ЖШС-ны әйелдер басқарады.

«Соңғы үш жыл ішінде Нұр-Сұлтан қаласында бизнесті дамытудың оң динамикасы байқалады. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны жыл сайын артып келеді. Сонымен қатар, әйелдер белсенділігі де артқан. Әйелдер басқаратын бизнес түрлері – тамақтану, мектепке дейінгі білім беру ұйымдары, білім беру және оқу орталықтары, сұлулық саласы. Мысалы, 2021 жылы «Бастау-Бизнес» жобасы аясында 1312 қатысушы оқыды, оның ішінде 935 адам немесе 71,2%-ы – әйел. Гранттарды жобаның 585 қатысушысы алды, оның ішінде 476 адам немесе 82%-ы кәсіпкер әйелдер», – деді Нұр-Сұлтан қаласы кәсіпкерлер палатасы директорының міндетін атқарушы Бейсен Жолболдиев.

 «Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде елордада 74,15 млрд теңгеге 48 жоба мақұлданды. Оның ішінде 7 жоба кәсіпкер әйелдерге тиесілі. Бұл жобалар бойынша қаржыландыру сомасы 2,16 млрд теңгені құрады. Бұл ұн тарту-жарма өнеркәсібі өнімдерін; дайын тоқыма бұйымдарын өндіру; кептірілген нан мен печенье, ұннан жасалған кондитерлік өнімдер, торттар, тәтті тоқаштар, бәліштер мен бисквиттер өндірісі; арнайы киімдерді өндіру; какао, шоколад және қантты кондитерлік бұйымдарды өндіру; денсаулық сақтау саласындағы (стоматологиялық қызметтер) жобалар.

 «Палата жанында Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Онда бизнесті жүргізуге сервис қызметтерді тегін алуға болады. 2021 жылдың қорытындысы бойынша орталық мамандары 9500 адамға соның ішінде 5847 әйелге (60%) қызмет көрсетті. Осы жылдың екі айы ішінде 1270 адамға көмек көрсетілді, оның тең жартысы әйелдер», – деді Бейсен Жолболдиев.

 Кәсіпкер әйелдер есеп беру, салық және басқа да төлемдерді төлеуге қатысты жиі өтініш жасаған. Жыл басынан бері бизнес-жоспарларды құру кезінде көмек көрсету мәселесі бойынша маркетологтарға 300-ге жуық әйел жүгінді. Негізінен медицина, денсаулық сақтау, сауда және тамақтану салалары бойынша бизнес-жоспарлар құрылған.

 «Халықаралық әйелдер күні қарсаңында «Атамекен» ҰКП және БҰҰ Даму бағдарламасының арасында жасалған келісім шеңберінде Нұр-Сұлтан қаласының кәсіпкерлер палатасы жанынан Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы ашылатынын қуанышпен хабарлаймыз. Қазіргі кезде ұйымдастыру жұмыстары жүріп жатыр. БҰҰДБ талаптарына сәйкес Орталық кеңесшісі гуманитарлық, экономикалық немесе заң саласында жоғары білімі бар әйел болуы керек», – деп атап өтті спикер.

Айта кетейік, 2021 жылдың 9 айы қорытындысы бойынша елорданың жалпы ішкі өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі 5 240,9 млрд теңгені немесе 74,9%-ды құрады, бұл республика бойынша барлық өңір мен республикалық маңызы бар қалалар арасындағы ең жоғары көрсеткіш.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер