astana-view

Алматы облысында Келісу комиссиясы кәсіпкер құқығын қорғады

2022 жылғы 06 Сәуір
- Жетісу облысы
6516 просмотров

Алматы облысында Келісу комиссиясы кәсіпкердің мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушыларды тізілімнен шығару туралы өтінішін қолдады.

Талдықорған қаласының жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі жанындағы Келісу комиссиясының отырысында «Қаримұрат» ЖК әлеуетті өнім берушінің жосықсыз қатысушылар тізілімінен алып тастау мәселесі қаралды. Кәсіпкер уақытша еңбекке жарамсыздығына байланысты ақпараттық жүйені сүйемелдеу және техникалық қолдау қызметтерін көрсетуге арналған лот бойынша шарттық міндеттемелерді орындай алмағанын жеткізді. Осыған байланысты ол №027/у медициналық анықтамасын ұсынғаннан кейін, комиссия бірауыздан оң шешім шығарды.

«Келісу комиссиясы – мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасудан жалтару салдарынан Мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізіліміне енгізілген әлеуетті өнім берушілердің өтініштерін қарайтын тұрақты жұмыс істейтін алқалы орган. Егер әлеуетті өнім беруші уәкілетті органның шешімімен келіспеген жағдайда не техникалық қателер немесе форс-мажорлық мән-жайлар жағдайында ол келісу комиссиясына өтініш бере алады. Комиссия құрамында ҰКП-да аккредиттелген тапсырыс берушілердің, «Атамекеннің» және салалық қауымдастықтардың өкілдері бар. Біз, өз кезегінде, осы тәжірибені қолдануға және дауларды соттан тыс тәртіпте келісім комиссиясының алаңында шешуге мүдделіміз», – деп хабарлады Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Азамат Тоқымбетов.

Еске салсақ, «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңына сәйкес сатып алу рәсімдерін қамтамасыз ету үшін мемлекеттік және квазимемлекеттік органдар атынан тапсырыс берушілер келісу комиссиясын құруы тиіс.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер